Талдықорған тұрғындары табиғи отынға толық қол жеткізбеді

Қалада 2595 үй ғана газ құбырына қосылған.

Талдықорған тұрғындары табиғи отынға толық қол жеткізбеді Фото: informburo.kz

Алматы облысының аумағында көгілдір отын тарту жұмысы қарқын алғанымен, тұрғындар әлі де табиғи газдың қызығын көре алмай отыр. Қазір аймақтағы 142 елді мекенге газ құбырлары жеткізілген. Бірақ, облыс орталығы Талдықорған қаласының өзінде тұрғындарды газ жүйесіне қосу баяу жүріп жатыр. Мәселен, қалада көгілдір отын тұтанатын 32 мың абонент болса, бүгінге дейін 2595 үй ғана газға жалғанған.

Жалпы, есеп бойынша облыстың 11 ауданына газ тартылған. Бұл жұмыстарға 8,5 млрд теңге қаралып, оның 5,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен тартылса, жергілікті бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді. Ал Қаратал, Балқаш, Кербұлақ аудандарында газдандыру ісі мүлдем жүргізіліп жатқан жоқ. Әзірге, Алматы қаласы маңындағы аудандардың арасында Іле ауданының ауылдарына ғана толықтай газ желісі жеткізілген. Бірақ, ауыл тұрғындарынң әлеуметтік жағдайы табиғи отынды тұтынуға мүмкіндік бермей отыр. Өйткені, газ құбырын үйге дейін жалғап, оның құжатын рәсімдеу құны қымбат. Мәлім болған дерек бойынша ол 210 000 теңгеден 400 000 теңгеге дейін барады екен. Бұл тек құбыр тарту мен рұқсат қағазы үшін төленетін сома. Ал үйді жылытатын газ жағу қондырғысын сатып алу мен басқа да қауіпсіздік шарты бойынша орнатылатын құрылғыларды қосқанда жеке тұрғын үйді табиғи отынға қосу 1 миллион теңгеге дейін шығынды құрайды.

Алайда, Талдықорған қаласы тұрғындары бұған қарамастан табиғи отын тұтынуға мүдделі. Бұған дейін қалада табиғи газ желісі мүлдем болмаған. Тіпті, Кеңес кезінде Талдықорғанға газ тарту ісі ешкімнің ойына келмепті. Соңғы екі жылда бұл мәселе шешілгендей еді. Жұрт көмір жағудан құтылып, көгілдір отынға көшеміз деп қуанған. Бірақ, барлық тұрғын үшін ол арман әлі орындалмай тұр.

Жақында Талдықорған қаласын көгілдір отынмен қамту ісінің баяу жүріп жатқаны жайлы облыстық мәслихат депутаттары мәселе көтерген болатын. Бұл жердегі сындарлы жағдай қала ішіндегі газ желілері құрылысын жүргізіп жатқан компанияларға қатысты орын алған-ды. Дәл қазір Талдықорған қаласында 2157 абонент газ желісіне қосылған. Ал 300 үйге желі құбыры жетіп тұрғанымен, қазандық пен газ жағуға арналған жабдықтардың дайын болмауынан көгілдір отынды тұтына алмай отыр. Бұл қаланы газдандырудың бірінші кезеңі бойынша анықталған мәлімет. Жалпы, облыс орталығы бойынша 5447 жеке тұрғын үй секторы мен көпқабатты үйлердің 9958 тұрғыны табиғи отынмен қамтамасыз етілуге тиіс.   

Осы жерде қаланы газ жүйесіне қосу жұмыстарын жүргізіп жатқан "ҚазТрансГазАймақ" акционерлік қоғамының Жетісу өндірістік филиалының директоры Жайық Әлішевтен істің мән жайын білгенбіз.

"Қаланы көгілдір отынмен қамту ісінде "ҚазТрансГазАймақ" акционерлік қоғамының Жетісу өндірістік филиалын монополист ретінде көрсетуге тырысатындар бар. Бірақ біз бәсекелестік заңына бағынамыз. Яғни, газ желілерінің құрылысына басқа да компаниялар қатысуға құқылы және олар қатысып та жүр. Жалпы бұл нарықта бізден басқа 45 компания бар. Бірақ жекеменшік компаниялардың жұмыс сапасынан туындаған мәселе біздің жұмысымызға да сын болып отыр", – дейді филиал директоры.

Оның айтуынша көшелерге тартылатын газ құбырының құрылысын жүргізу мерзімі ұзаққа созылу мен дайын желі арқылы жіберілген көгілдір отынның сапасына қатысты тұрғындар шағымы жиілеген. Әдетте, өңірге газ күйіндегі отынды тасымалдаушы "ҚазТрансГаз Аймақ" болғандықтан негізгі жауапкершілікті де мойнына алады. Бірақ тұрғындар тарапынан айтылған сын қала ішілік желіні тартқан басқа компанияның әрекетіне қатысты болып шығады екен. Мысалға, құбыр жүргізген жекеменшік компания иесі желіні неғұрлым жылдам аяқтауды мақсат ете ме, әлде кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі төмен жұмысшыларды жалдай ма, жұмыс сапасына мән бермейтін көрінеді. Арзан бағаға газ кіргіземіз деп, бұрын қолданыста болған, ескі құбырларды пайдаланған теріс әрекеттер де кездескен. Ол ол ма, Талдықорған қаласы бойынша бірнеше бағытта газ жүретін құбырлардың бойынан су мен топырақ шығып, ол көгілдір отынның ағынына кедергі келтірген екен. Нәтижесінде, кедергі мен апатты жою үшін Жетісу өндірістік филиалы қосымша шығынданған. Яғни, құбырға жиналған судың кесірінен газды 1576 рет өшіріп, ақауды түзетуге күш жұмсапты. Есесіне, жылыту маусымы кезінде газдың сөніп қалуына байланысты тұрғындардан 88 шағым түскен.

Осы газ құбырын тарту ісінде алаяқтарға алданып қалған адамдарда болыпты. Қала тұрғыны  Илхам Мулабаевтың басынан осындай жағдай өткен екен.

"Газға қосамыз деп жеке компания өкілі үйімізге келген. Құжаттарының бәрі дұрыс сияқты болды. Алдын ала 80 000 теңге төлеуді сұрады. Біз бердік. Бірақ, үйімізге газ қосылмады. Індетіп іздеп, әлгі алаяқ компанияны тауып, ақшамызды жартылай ғана қайтардық. Сосын біздің көшеге газды "ҚазТрансГазАймақ" қайта тартты. Қазір жаққан отынның әр текше метрі үшін 7 теңгеден төлеп, жақсы болып қалдық", – дейді қала тұрғыны.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу