Алматыда "Вельц Мемориалы" халықаралық балалар турнирі өтті

1706

Бұл турнир 1991 жылдан бері өткізіліп келеді.

Алматыда "Вельц Мемориалы" халықаралық балалар турнирі өтті

Алматыда Қазақстандағы теннис спортының негізін қалаушы Августин Августинович Вельцті еске алуға арналған турнир аяқталды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 12 және одан кіші жас теннисшілер қатысты.

Жасөспірімдер арасында жекелей жарыстың финалдық кездесуінде алматылық Роберт Каминский мен астаналық теннис мектебінің өкілі Аңсар Ниетқалиев кездесті. Бұл текетіресте Робертке жеңіске жету үшін бір жарым сағаттай уақыт қажет болды. Қорытынды есеп 6:3, 6:1. Үшінші орын үшін өткен кездесуде атыраулық Гиорги Брегвадзе ақтөбелік Жеткербай Хақназарды 6:4, 6:1 есебімен ұтты.

Ал Оңтүстік астананың өкілдері Өтепберген Медина мен Булешева Линара арасындағы жекелей финал тартысты өтті. Алғашқы ойында Медина 7:5 есебімен жеңіске жетті. Екінші кезеңде Линара басымдықты өз қолына алып, 6:3 есебімен кездесудегі есепті теңестіріп үлгерді. Шешуші үшінші сетте жекпе-жек тең болғанымен, 8-ші геймде Булешева брейк жасап, ойынның нүктесін қойды (6:3).

Қыздар арасында үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте де Алматының екі өкілі – София Кирова мен Нұрмахан Әмина кездесті. Нәтижесінде, Әмина 6:1, 3:6, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, қола жүлдегер атанды.

Жұптық санаттағы алтын жүлде үшін Каминский / Брегвадзе мен Ақтөбе қаласының намысын қорғайтын жұп – Жеткербай Хақназар / Ділжан Арман кездесті. Бірінші сетте Каминский мен Брегвадзе 6:2 есебімен айқын жеңіске жеткенімен, екінші сетте жағдай мүлде өзгерді. Роберт пен Джорджи алдымен кезеңді, содан кейін бүкіл матчты өз пайдаларына шешті. Ал Александр Софрыгин мен Жанторе Санжарұлы үшінші орынды қанағат тұтты.

Қыздар арасындағы жұптық сайыстың финалы алматылықтар арасында өтті. Кирова София / Булешева Линара жұбы Корлева Алиса / Нұрмахан Аминамен кездесті. Үш сетке созылған тартысты жекпе-жекте София мен Линара жеңіске жетті – 2:6, 6:1, 10:8. Үшінші орын да алматылық теннисші қыздарға бұйырды. Ева Панченко мен Адема Алсейпулова қоланы қанағат тұтты.

Августин Августинович Вельц (12.09.1914 – 17.12.1987) – КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Оның күш-жігерінің арқасында теннис әлемі Қазақстан туралы білді. Ол 1960 жылдардың басында Алматыда Алматы мәдениет және демалыс саябағының жоғарғы корттарында жас ойыншылармен жұмыс істей бастады және басшылыққа қазақстандық теннисті елдің алдыңғы қатарына шығаруға уәде берді. Сонымен бірге ол спортшы ретінде КСРО халықтарының Бүкілодақтық Спартакиадасында Қазақстан құрамасының сапында сәтті өнер көрсетіп, кеңестік теннисшілердің арасындағы ең дарынды ойыншыларының бірі болды. Жекелей өнер көрсетуде Бүкілодақтық кәсіподақтар орталық кеңесінің (1936) және "Спартак" ДСО-ның (1940) чемпионы, КСРО-дағы ең мықты он теннисшінің бірі болды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу