Бағдат Сарсеев көп жылдан бері ресторатор болып жұмыс істеген. Алайда пандемия кезінде қоғамдық тамақтану орындары жабылып, тәжірибелі маман жұмыссыз қалады. Осы кезде ол ағасы Талғатпен ақылдасып, қаланың әр бөлігіне нан қалдықтарын жинайтын контейнерлер орнатуды ойластырады. Inbusiness.kz тілшісі ағайындылар ашқан ерекше бизнестің қыр-сырын анықтады.
"Идея карантин кезінде туындады. Халықтың басым бөлігі нанды обалсынып, қоқыс жәшіктерініне тастамай жанына қойып кетеді. Кейін оны ит, мысықтар шашып тастайды. Сондықтан осындай қатып қалған, ескі нан қалдықтарын тастайтын контейнерлер орнату қажет, деп шештік. Экологиялық тұрғыдан алғанда, бұл қоқыс полигондарында қалдықтарды жинаудың үлкен мәселесін шешеді. Азық-түлік қалдықтары қайта өңделмейді. Бірақ бос жатқан жерлерге төгіліп, қаншама орынды алады. Ал біз мұндай контейнерлер орнатқан орындарда қазір қоқыс көлемі айтарлықтай азайғанын жиі байқаймыз", – деді Бағдат Сәрсеев.
Кәсіпкердің айтуынша, олар астық қалдықтарын, макарон өнімдерін, жарма өнімдерін қабылдайды. Контейнерлердегі қалдықтар үш күнде бір жиналады. Алматының Әуезов ауданында орналасқан 100 алаңнан – 600 келіге дейін қалдық алынады. Қазіргі кезде аталған ауданда барлығы 200 алаң бар. Жыл соңына дейін кәсіпкерлер осы ауданның 240 жеріне контейнерлер орнатып, келер жылы алып мегаполистің басқа аудандарын қамтымақ.
"Бүгінде келіп түскен нанды қолмен сұрыптаймыз. Полиэтилен пакеттерін алып, артық қалдықтардан тазартамыз. Содан кейін нанды кептіріп, ұсақтап, түйіршіктеп, дайын жем жасаймыз. Термиялық өңдеуден кейін түйіршіктерді жемге жіберуге болады. Оны ұсақ және ірі қара мал жейді. Әзірге таныстарға ғана сатамыз, тіпті оларға да жетпей қалады. Бізде баға базар бағасынан сәл төмен, өнімдер тез өтіп кетеді", – деп қосты кәсіпкер.
Базарда мұндай жемнің келісі 135 теңгеден саудаланады. Ал ағайынды кәсіпкерлер өнімдерінің келісін 100 теңгеден сатады.
"Цехымыз қаланың шетінде орналасқан. Оны толықтай өзіміз құрдық. Ресейден жабдық сатып алдық. Жалпы осы уақытқа дейін жеке қаражатымыздан 16 млн теңге салдық. Тек Әуезов ауданында контейнерлер орнатуға Алматы қаласы әкімдігінің Тұрғын үй саясаты басқармасы рұқсат беріп, қолдау білдірді. Нан қалдығын жинайтын алаңдар саны 300-ден асқан соң аздап табыс таба бастаймыз деп есептеп отырмыз. Бір алаңда 1,5 контейнер орнатылады. Оның сыртын сылау, ыңғайлы етіп жасау да оңай емес. Әр контейнерге орта есеппен 12 мың теңге шығын шығарамыз", – дейді Бағдат Сәрсеев.
Кәсіпкер Алматыда 1 300-1 500 алаңға контейнер орнатуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
"Мұның бірнеше пайдасы бар. Бірі қоқыс санын азайту, экологиялық әсер. Екіншіден, мал азығы. Үшіншіден, мұндай қатып қалған нан қалдығын кептерге, құстарға беруге болмайды. Мұны орнитологтардың өзі растайды. Себебі құстар мұны жегенімен, олардың ас қорыту жүйелеріне ашытқы, тұз сияқты қоспалар зиян. Олар қатқан нанмен емес, жеммен қоректенуі керек. Мәселен, Еуропада көшеде жүрген құстарға нан қалдығын бергендерге 600 еуроға дейін айыппұл қарастырылған. Біз мұны алматылықтарға айтып жүреміз", – дейді кәсіпкер.
Құралай Құдайберген