Алматыны көп орталықты етіп дамыту жоспарлануда, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бұл туралы мегаполис мәслихатының кезектен тыс сессиясында айтылды.
Алматы 5 полиорталыққа бөлінеді. Шаһар басшысының орынбасары Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, 2023 жылдың ортасына дейін "Солтүстік", "Батыс", "Оңтүстік-батыс", "Шығыс қақпасы" және "Тарихи орталық" аймақтарының жоспары әзірленеді. Қала тұрғындарының басым бөлігі осы орталықтарда тұрады.
"Барлық аудан бірігіп және көшелердің желісі есебінен өзара байланыста болады. Қала тұрғындары қаланың кез-келген жеріне оңай бара алады. Полиорталықтарды дамыту экономиканың өсуіне және көшелерді әлеуметтендіруге ықпал етеді", – деді спикер.
"Солтүстік" – Алматы-1 темір жол станциясына іргелес аумақ. Бұл жерде қызмет көрсету саласы дамиды. Өндіріс пен базарлар болмайды.
"Шығыс қақпасы" – Талғар және Құлжа тас жолы ауданы. Әуежай аймағындағы көрме-ойын-сауық орнына және логистикалық хабқа айналады. Онда LRT станциясы, "Шығыс" автовокзалы, BRT желісі бар ірі көлік-ауысып отыру торабы ашылады.
"Батыс" – Сайын және Рысқұлов даңғылдарының қиылысынан солтүстік-батысқа қарай. Индустрялық кәсіпорындар, көлік-логистикалық хаб. "Сақ қорғандары" паркінің жанында аумағы 90 гектар желілік рекреациялық саябақ, сондай-ақ жаңа жайлы тұрғын кварталдар құрылады.
"Оңтүстік-батыс" – Райымбек даңғылы мен Алатау көшесі. Шағын-өнеркәсіптік саябақтар, агроөнеркәсіптік өңдеу, сауда және логистика нысандары, әкімшілік-іскерлік орталықтар. "Алтын Орда" базарын көтерме-тарату орталығына айналдыру жоспарлануда, "Барлық" базарының орнына "Батыс" автовокзалы, LRT станциясы мен метрополитенді қамтитын ірі мультимодальдық көлік-ауыстыру торабын құру жоспарлануда.
"Тарихи орталық" – инфрақұрылымды, қызмет көрсету саласын және туризмді дамытуға негізделеді. Веложолақтар мен веложолдар салу жалғасады, ақылы тұрақ орындары ұлғайтылады.
Сондай-ақ Алматы ауыр машина жасау зауыты, Киров атындағы зауыт және ТИЗО көшірілетін болды, олардың орны мен ескірген тұрғын үйлердің орнына заманауи үлгідегі тұрғын үйлер салынып, сондай-ақ жаңа іскерлік кластер бой көтереді.
Шенділердің жоспарына сүйенсек, Алматының жаңа Бас жоспарын және полиорталықтардың мастер-жоспарларын қабылдау және іске асыру нәтижесінде жыл сайын 10%-ға өсіммен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, оның біраз бөлігі ескірген тұрғын үйлермен аумақты қайта құру есебінен жүзеге асырылмақ.
Ғимараттардың тозуын азайту үшін жыл сайын 13,2 млрд теңгеге шамамен 104 шақырым сумен жабдықтау желілерін, 15,5 млрд теңге сомасына 57 шақырым су бұру желілерін, 15 млрд теңге сомасына 30 шақырым жылу желілерін, 120 шақырым су бұру желілерін реконструкциялап, 8,7 млрд теңге сомасына электрмен жабдықтау, 4 млрд теңге сомасына 40 шақырым газ желілерін орнату қажет.
Жалпы алғанда Ерболат Досаев бастаған қала басшылығы баяндаған мегаполисті дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы 7 негізгі мақсатқа негізделген. Олар экономикалық, әлеуметтік, логистикалық салаларды қамтиды. Ал мұның барлығын іске асыруға 6,1 трлн теңге қажет.
Қаражаттың нақты қандай көзден тартылатыны әзірге белгісіз. Спикерлер, таяу үш жылда 1,3 трлн теңге бағыттау жоспарланған, ал қалған 2 трлн теңгеден астамы орта мерзімді перспективада 2030 жылға дейін керек, деп қана атап өтті.