"Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" мәресіне жетті

3244

"Алтын адам" үш жыл ішінде 12 елде көрсетілген.  

"Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" мәресіне жетті

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрме жобасының 2019 жылғы жұмысы қорытындыланды. Жоба аясында музей мамандары Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" жәдігерін әлемнің танымал музейлерінде көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды, терең тарихымызды және қайталанбас өнерімізді дүниежүзі халқына таныстырды.

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Алмаз Нұразхан Қазақ елінің символына айналған ескерткішті көрсету "Қазан Кремлі" атты Татарстан Республикасының мемлекеттік қорық-музейінде басталып, Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грекия елінің музейлерінде жалғасын тапқанын айтты.

Ал "Қазан Кремлі" өкілі Ильнур Низамиев Татарстанда жұртшылық назарына ұсынылғанын "Алтын адамды" көруге келушілер өте көп болғанын жеткізді.

"Татарстан республикасының жүрегі – "Қазан Кремлінде" өткен "Ұлы дала: тарих және мәдениет" атты бір айға созылған көрме мектептердегі демалыс күндерімен сәйкес келіп, көрмеге тек Қазан қаласының тұрғындары ғана емес, алыс-жақын шетелден туристер көптеп келді. Жоғары технологияларды пайдалана отырып ұйымдастырылған көрме, келушілер үшін нағыз мереке орнына айналды. "Алтын адам" сынды қайталанбас археологиялық материалмен жұмыс істеу, оның тарихына, аңызына үңілу – "Қазан Кремлі" қызметкерлері үшін де таптырмас мүмкіндік. Бізде "Алтын адам" көрсетілген кезде, жанында Алтын орда, түркі мәдениетіне қатысты тағы да екі көрме қатар ұйымдастырылған болатын. Көрмеге келушілер біздің ежелгі мәдениетіміз жайлы көптеген қызықты мәлімет алып қайтты", – деді Ильнур Низамиев.

Еліміздің тарихи, мәдени жетістіктері тек түркі халықтарының ғана ықыласына бөленіп қоймай, Еуропа мен Азияның елдері үшін де қызықты болды. Мысалы, Солтүстік Македония Ұлттық археологиялық музейінің директоры Горан Санев өз елінің мәдениеті мен қазақтардың ежелгі мәдениетінің ұқсастығын байқаған.

"Алтын адамды" көрген кезде керемет эмоция алдым. Бұдан кейін басқа да жәдігерлеріңізді Солтүстік Македонияға әкелулеріңізді сұраймыз. "Алтын адам шеруінің" біздің елге жеткені – менің бір арманымның орындалғаны. 2017 жылы скифтер мәдениетімен танысқан кезімде ұқсастықтарды байқап, тереңірек білуге асық болдым. Нәтижесінде, Солтүстік Македония Ұлттық археологиялық музейінде көрме ұйымдастырдық", – деді Балкан елінен келген археолог.

Сондай-ақ, Малайзия музейлері департаментінің өкілі Фаризавати бинти Сабри ханым Малай елінде "Алтын киімді адамға" байланысты көрменің өтуімен қатар, ғылыми семинарлар мен дәрістер өткенін атап айтты. Ал Анадолы мәдениеті музейінің өкілі Мурат Илгирим атажұртқа – Қазақстанға келгеніне аса қуанышты екенін білдіре отырып, дала өркениеті мен көшпелі империяның ұлы жеңістерінің куәгері "Алтын киімді адамның" түркі халқы үшін орны аса маңызды екенін тоқталды.

Айта кету керек, көрменің негізгі экспонаты – алтын жапсырмалармен тігілген "Алтын адамның" реконструкциясы. Көрме атбегілік мәдениеттің қалыптасуын, ежелгі металлургияның дамуын, сақ кезеңіндегі аң стилінің ерекшелігін және Ұлы Жібек жолының ортағасырлық қала мәдениетінің дамуына әсерін жан-жақты көрсетеді.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу