"Алтын іздеушілер табиғатты бүлдірді"

2465

Марқакөлден жалғыз ағып шығып, Ертіске құятын Қалжыр өзенін алтын қазушылар "ластап жатыр". Ал осы өңірдегі Қыстау Күршім өзенінің бойындағы тал-терек пен шабындық "жойылып барады".  

"Алтын іздеушілер табиғатты бүлдірді"

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының халқы бір айдың көлемінде әлеуметтік желілерде видео жариялап, дабыл қағып келеді. Қалжыр өзеніне қатысты мәселе атқарушы биліктің назарына алынып, тексеру комиссиясы құрылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Көзге көрінетін факті анықталған жоқ"

"Қазір өзенде су емес, май аралас лай батпақ ағып жатыр. Қалжырдың Ертіске барып құятынын ескерсек, төменде суын ішіп, малын суарып отырған халық пен өзенді мекендеген балықтың жағдайы не болады? Қазір Ертіс пен Қалжырда шортан, көксеркені қойып, майшабақ та жоқ. Бәрі аяқ астынан құрып кетті. Әншейінде жағажайда біреу мәшинесін жуа қалса, қармақпен балық ауласа жетіп келетін полиция, экологтар қайда қарап отыр? Өзеннің осындай жағдайға келуі – жоғары жағында алтын шаюмен айналысып жатқан адамдардың кінәсінен. Әлдебір адамның алтын қазып баюы мыңдаған жұрттың үлесінен артық па? Осылай жалғаса берсе, жуық арада экологиялық апат болуы мүмкін. Дереу аудан әкімдігі тарапынан комиссия құрылып, су құрамы тексеріліп, кінәлі адамдар жауапқа тартылуын сұраймын", – дейді экологтардың назарын аударған видеоның авторы.

Бұл өзеннің бойында 10-ға жуық елдімекен халқы тіршілік етеді.

Қолда бар мәліметке сүйенсек, өзен бойында "Хван С. А.", "Кошкинбаев Б. А.", "Бошаев У. Т.", "Дуюсембаев А. У." және "Мадымаров Х. Д" жеке кәсіпкерліктері алтын қазумен айналысып жатыр.

Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Рауан Тұраров су құрамынан талдау алынғаны айтады.

"Хван С.А.", "Кошкинбаев Б. А.", "Бошаев У. Т.", "Дуйсембаев а. у.", "Мадымаров х. Д." жеке кәсіпкерліктері заңсыз қазған карьер мен Қалжыр өзенінің табиғи арнасын қалпына келтіру жүргізіп жатқандықтан, су содан лайланған. Заңсыз жұмыстардан кейін кен іздеушілерге әкімшілік кодекстің 332-бабына (мемлекеттiк экологиялық сараптаманы мiндеттi түрде жүргізу туралы талаптарын орындамау) сәйкес жалпы сомасы 218 775 теңге айыппұл салынды. Өзен ағысынан төменірек "Қасенов" жеке кәсіпкерлігі жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны анықталды. Оған қатысты жауапкершілікке тартуға және бұзушылықтарды болдырмауға арналған материалдар жиналып, уәкілетті органдарға жіберілді. Айта кету керек, Қалжыр өзенінің жағасында балық қырылғаны және ластанудың көзге көрінетін фактілері анықталған жоқ. Аспаптық талдаулар жүргізу үшін Қалжыр өзенінің әртүрлі нүктелерінен (Алтай ағысы бойынша жоғары және Боран ағысы бойынша төмен қарай) су сынамалары алынды. Талдау нәтижелері шыққан соң қосымша хабарлаймыз", – дейді департамент өкілі.

Облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша, "Хван С.А." компаниясы биыл мамырдан бастап рұқсат лицензиясын алып, Қалжыр өзенінің жағасы 65/55 шақырым аралығында зерттеу жұмыстарын жүргізген. Рейдтік шаралар барысында компания тарапынан әкімшілік кодекстің 360-бабы (Су қорғау аймақтарында және су объектілері белдеулерінде заңсыз құрылыс салу, сондай-ақ өзеннің табиғи арнасын заңсыз өзгерту) және 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша бұзушылықтар анықталды. Материалдар Күршім ауданының №2 сотына жолданды. 28 маусымда Күршім ауданының №2 сотының қаулысымен "Хван С.А." ЖШС кінәлі болып танылып, 131 265 теңге сомасы көлемінде айыппұл салынды.

"Заң бұзған кәсіпкерлер лицензиясынан прокуратураның ұйығарымымен айырылады. Өз бетімізбен лицензиядан айыра алмаймыз", – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы Ернар Мұстафин. 

"Бізді тергеусіз сот бастауға мәжбүрлемеңіз"

Қыстау Күршім өзені де Ертіске, дәлірек айтсақ, Бұқтырма су бөгеніне құяды. Туристердің таңдайын қақтыратын Алтай тауынан бастау алады. Қойтас, Бурабай, Теректібұлақ, Қыстау Күршім ауылдарының тұрғындары таңғажайып табиғатқа "зардап келтіріп жатқандарға" налиды.

"Бізбен тілдескен кәрей мырза: "Сендер қайда барсаңдар онда барыңдар. Мен құдаймын, ешкімнің тілін алмаймын" дейді. Халықтың осы өтініші, Тоқаев мырза (Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – авт.), сізге арналады. Осыған шара қолданыңыз. Шара қолданбасаңыз, самосуд, яғни бізді тергеусіз сот бастауға, өз шарамызды қолдануға мәжбүрлемеңіз. Біз шаппадан айырылдық. Судың бойындағы талдың бәрін кесіп, топырақ үйіп тастады. Олар қазған жерлерін тегістеп, орынына ағаш отырғызуы керек. Ағаш болмаса, арна құрғап кетеді. Қыстау Күршім өзенінде таймень, қазақша айтсақ, қызылбалық, қарауыз, алабұға бар, шортан да өрлейді. Судың тазалығы халыққа керек. Біз бұдан су ішеміз. Балалар суға түседі. "Бала – болашағымыз" демекші, келесі ұрпаққа ештеңе қалдырмасақ, өз жерімізді өзіміз қорғай алмасақ, несіне адам болып жүрміз? Су ішінде лаймен араласып қалдық кетеді. Ал біз бұл суды ішеміз. Ертең қырылып қалмаймыз ба? Ауыл әкімдері "біздің қолдан ештеңе келмейді" дейді. Бұл компаниялардың жоғарыда бір тірегі бар шығар", – дейді ауыл атынан сөйлеген тұрғын.

Осы видеоның астына аудан әкімдігі пікір қалдырған. Алайда әкімдік ақпаратында Қыстау Күршім туралы жазылмаған, тек Қалжыр өзеніндегі алтын қазушыларға қатысты қолданылып жатқан шаралар туралы хабарланған. 

"Әлбетте, әлеуметтік желіде халық шағымданып жатыр. Бірақ бізге жазбаша шағым түспеді. Қалжырдағы тексеріс негізінен журналистердің сұрау салуынан кейін басталды. Біз Қыстау Күршім туралы сөйлеген тұрғынның байланыс номерін әзірге таба алмай отырмыз. Қалай ол адаммен байланысқа шығамыз, солай мамандарымыз тексеруге кіріседі", – дейді экология департаментінің баспасөз хатшысы. 

"1 шаршы метр – 7 грамм алтын"

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңартылған Кодекс күшіне енді. Оған сәйкес жер қойнауын пайдаланудың жаңа түрі – кен іздеушілік енгізілді. Алғаш рет жеке алтын іздеушілерге жылына 50 келіге дейін қымбат металл алуға заңды түрде рұқсат етілді. Келесі жылында жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеліп, құжаттар тізімін ұсынғандардың барлығына лицензия беріле бастады. 

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Шығыс Қазақстанда жеке кен іздеушілерге қолжетімді аумақтар тізіміне жалпы ауданы 700 гектар 140 учаске енген. Учаскелер Катонқарағай, Күршім аудандарында да орналасқан. Бұл аймақтағы өзендердің құмдарындағы алтынның мөлшері бір шаршы метрге 1,1-ден 7 граммға дейін. Облыс бойынша 2019 жылдың қыркүйегінен 2020 жылдың қыркүйегіне дейін кен іздеушілікке 10 лицензия берілді. Кейінгі үш жылда, құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша, заңсыз алтын іздеумен айналысқан екі жеке тұлғаға қатысты бір материал қаралған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 189,3 мың теңге.

Тасқын Болатұлы

_________________________________________________________________________

Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу