Алтынды инвестициялық құрал ретінде пайдаланған дұрыс па?

Бас банк қолдайды, ал сарапшылар күмән келтіріп отыр.

Алтынды инвестициялық құрал ретінде пайдаланған дұрыс па?

Қазақстандықтар арасында алтынды инвестициялық құрал ретінде пайдаланушылар көбейіп келеді. Оған Ұлттық банк ұсынған статистика дәлел. Мәселен, 2021 жылдың сәуір айында халық қаржы ұйымдары мен  айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 94,5 келі 2 767 құйма сатып алды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Айта кететіні елімізде құймаларды сату және сатып алу бағдарламасы 2017 жылдан жүзеге асырылып келеді. Сол уақыттан бері республика бойынша жалпы салмағы 1,88 тонна алтын құйма саудаланған. Ұсынылған 5, 10, 20, 50 және 100 граммдық бағалы металлдың ішінде 10 грамдық құймалар сұранысқа ие. Оларды Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау тұрғындары көбірек сатып алады. 

Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері жалпы салмағы 4,2 келі алтын ғана кері қайтарылған. Осы орайда бас банк құнды құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады деп сендіруде. 

Алайда "Tickmill" халықаралық брокерлік топ сарапшысы Арман Бейсембаев бағалы металл жуық арада пайда әкелмейтін салым екенін алға тартып отыр. Сондықтан маман оны тек ұзақ мерзімді жинақ ретінде қарастыру керек деп есептейді. 

"Әрине, алтынға байланысты келісім шарттардың 50%-дан астамы инвестициялық мақсатта жасалады. Бірақ бұл жерде бағалы металл негізінен жинақтарды инфляциядан сақтау құралы екенін естен шығармау керек. Егер капиталдың құнсызданғанын қаламасаңыз, әрине, алтынға басымдық беріңіз. Ал инвеститиялық құрал ретінде пайдалану үшін алдағы уақытта құны артатынына сенімді болуыңыз керек", – дейді сарапшы. 

Демек алтынды капиталды сақтау құралы, ал ұзақ мерзімді жоспарда жинақты арттырудың жолы деп қарастыруға болады. Әйтсе де, әлемдік сарапшылар алтынның "дәуірі" алда деп есептейді. Мәселен, Bloomberg желтоқсан айына қарай оның 1 унциясы 1900 долларға тұрақтайды деп болжам жасаған.  Ал Goldman Sachs банкінің мамандары 1 унциясы 2300 долларға жететінін мәлім еткен. 

"Қаржыгерлердің мұндай болжамына әлем елдеріндегі инфляциялық қатердің жоғарылауы себеп. Яғни, дағдарыс таяған сайын алтынның бағасы өcеді, ал оның сатып алу қабілеті төмендемейді. Мұндайда қағаз ақша құнсыздана бастауы мүмкін. Бұл дәстүрлі жағдай. Мысалы, АҚШ-та инфляция деңгейі 2% шамасында деп бағаланып отыр. Жыл соңына дейін 4%-дан асуы мүмкін. Аталған мемлекетте көрсеткіш қаншама жылдан бері 1,5%-шамасында болған. Сондықтан әлемдегі дағдарыстық қатерлерді жоққа шығармаймыз", – дейді халықаралық брокерлік топ сарапшысы.

Бұл пікірмен "DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев та келісіп отыр. Экономист алтынды инвестиция ретінде пайдаланудың негізгі үш түрін атады. Бірінші, Ұлттық банк сататын құймалар мен бағалы коллекциялық монеталар немесе зергерлік бұйымдар. Екінші, бағасы өзгеретін алтынның биржалық баламасы. Оның ең танымал түрі АҚШ-тағы SPDR Gold ETF биржалық қоры. Үшінші, алтынды өндіретін және сататын компаниялардың акцияларын сатып алу. 

"Бірақ бағалы металл немесе оның биржалық баламасы тікелей табыс әкелмейді және қолдағы ақшаның көбеюіне әсер етпейді. Мысалы, депозиттегі ақшадан пайыздық табыс түседі, акциялардың иесі сол акцияның бағасы өсуінен дивиденд ретінде табыс көреді. Ал алтынды тек сатқанда ғана пайда немесе шығын шегесіз. Сондықтан оның қасиеттері инвестициялық құралға қарағанда жай бағалы тауардың сипатына жақын", – дейді экономист. 

Ал Ұлттық банк шығаратын алтын құймаға қызығушылықтың артуына активтерді диверсификациялауға талпыныс әсер еткен көрінеді. 

"Бұл АҚШ долларымен есептелетін депозиттер бойынша пайыздың төмен болуы және алтынға деген ғасырлар бойы қалыптасқан сенімнің көрінісі. Сондықтан біздің кеңесіміз – инвестициялық портфельде әртүрлі құралдар болуға тиіс. Оларға депозиттер, құнды қағаздар (акция мен облигациялар), жылжымайтын мүлік, жинақтаушы сақтандыру бағдарламалары және алтын да кіруі тиіс", – деген Мұрат Қастаев нақты ұсыныстарымен бөлісті. 

"Алтын мен оған байланған инвестициялық құралдарға біз жеке инвестор қаражатының 5-10%-дан аспайтын мөлшерін ғана салуға кеңес береміз", – деп түйіндеді экономист. 

Айта кететіні, әлем елдерінің орталық банктері, ірі мемлекеттік және жеке меншік инвестициялық қорлар өз резервтерінің біраз бөлігін алтын түрінде сақтайды. Мысалы, АҚШ-тың қорындағы үлесі 79,4% (8,1 мың тонна), Германия - 76,6% (3,4 мың тонна), Италия - 71,1% (2,5 мың тонна), Франция - 66,7% ( 2,4 мың тонна). Бұл елдер дүниежүзіндегі алтын қоры бойынша көшбасшылар. Ал Қазақстан бұл тізімде 67,6%-бен (386,3 тонна) 13-орында, 2014 жылы 23-орында болатын. Соңғы 5 жылда еліміз 215 тоннадан астам құйма сатып алған. 

Құралай Құдайберген
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу