Өкінішке қарай, енді ғана еске түсіп, жарыққа шығарылып отыр. Оның үстіне Аменгелді ағаның ой-толғамдары өзектілігін жойған жоқ.
– Амангелді Әбдірахманұлы, азаттыққа қол жеткелі қанша жыл өтсе де, тіл мәселесі күн тәртібінен түспей, қайта өзектілене түскендей. Әлде біз тым пессимизмге беріліп, барды байқамай отырмыз ба?
– Жағдай 90-шы жылдардан көшілгері. Дегенмен, ұлтсызданудың бетін қайтардық деуге ертерек. Себебі тіл өзімен-өзі, жеке емес, күрделі жүйеде тіршілік етеді, ортамен байланыста ғана дамиды. Бүгін дамыды деген тіл ертең құруы мүмкін. Ұлттың өміршеңдігінің өлшемі – тілінің білім, БАҚ, өндіріс, әкімшілік іс, өнеркәсіп, әлеуметтік салаларда, саяси өмірде кең пайдалануында. Тіл жанашырларының, өзін мемлекеттің иесімін, тілінің, мәдениетінің, тарихы мен дінінің мұрагерімін деушілердің көбеюінде. Ұлттық мәдениеттің, пәлсафаның дамуы, ұлтаралық некелердің азаюы, ұлттық ортаның қалыптасуы маңызды.
Заңдар, мемлекетаралық келісімшарттар, күнделікті хабарландырулар, арыз, шағымдар, сот, тергеу, тексеру ісі – барлығы да әлі орысша, аударма. Ресми іс қағаздарда, күнделікті іскерлік қатынастарда қазақ тілінің аясы кеңіді деп өзімізді жұбатамыз. Мәжіліс пен Сенат өз отырысында үнемі мемлекеттік тіл мен орыс тілін аралас қолданады, себебі депутаттардың үлкен бөлігі мемлекеттік тілді білмейді. Ілеспе аудармамен ілдәлбалап жүр. Үкімет болса, көз қылып, баяндаманы қазақша оқығанымен, отырыс-жиындарын орысша өткізеді. Сырт көзге біздің Үкімет әлдебір бұратана тайпаны сыртынан келіп басқарған патша шенеуніктерін еске салады.
Тіл мәселесінде қарқынды жоғалтып алдық. Оған байланысты қоғамдағы көңіл алуан түрлі. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында тілді дамытуға қатысты ұлттық арман-қиялымызды жылдам жүзеге асыру үшін құлшына кірістік, тез, түбірлі өзгерістер болады деп бек сендік. Біраз шаруаны тындырдық. Дегенмен, 90-шы жылдардағы алмағайып шақта салғырттық психологиясы, көзбояушылық, нигилистік көзқарас, орыс тілділердің қуатты қарсылығы қосыла келе, ол көңіл басылды. Тіпті қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тіл қызметін атқара алмайды деген ойға итермеледі. Қазақ тіліне қоғамда сұраныс болмағандықтан, жұрт жаппай балаларын, немерелерін орысша, ағылшынша оқуға беріп жатыр.
Бұл істе билік те үлгі, жөн көрсеткені маңызды. Лауазымды қызметтерде, қазақ тілін талап ететін орындарда тілді білмейтін, болмаса шала білетіндерді көргенде, түңілу сезімі одан да тереңдейді. Билік басындағылардың сапырысып, бірі кетіп, бірі келіп жатуы, әсіресе, Конфуций айтқандай, "не қырыққа келіп құтаймаған, не елуге келіп еленбегендердің" билікке келіп, халқымен іш тарта сөйлесе алмауы, қазақ депутатының, мемлекет қызметшінің өз қазағымен аудармашы арқылы сөйлесуі ұлттың намысына тиеді. Билік басындағылардың басым көпшілігі ұлтына тәкәппар кейпімен көзге түсіп отыр. Сондықтан халықтың билікке деген сенімі төмен.
Масқарасы сол, бүкіл орыс тілділерінің құқын, сұранысын, талаптарын барлық қазақстандықтардың сұранысына теңеп, телитінді шығарды. Қазақ тілділер нені қалайды? Оған құлақ түрген билікте кім бар?
Биліктегілер орыс тілділердің мүддесінен, үдесінен шығу – ұлтаралық келісім мен татулықты сақтаудың негізі, этникалық алауыздықтың алдын алудың тиімді жолы деп біржақты ойлайды. Ұлтаралық келісімді бүркемелеп, олардың астамшылық пен нигилизмді уағыздауына жол береді. Шынында, орыс тілділерді қазақ тілді қауымға кіріктіруге әбден болады. Өйткені қазақстандық славян текті диаспоралар өкілдерінің басым көпшілігі соңғы 15–20 жылда талай жағдайларды ой елегінен өткізді, өзін посткеңестік кеңістіктегі бауырларымен салыстыра алады. Бұл салыстыру оларды Қазақстанда өмір сүрген дұрыс деген байламға итермелейді. Олар ұлты басқа болғанымен, қазақша сөйлесе, өздеріне қазақ халқының шынайы, ыстық ықылас білдіретінін түсінеді.
– Биліктің ұстанымы белгілі: мемлекеттік тілді күштеп енгізсек, ол елдегі татулыққа сына қағып, тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін дегенге саяды. Әбес қадамдардың соңы азаматтық соғысқа ұласқан елдер жетерлік. Сонда қайтпек керек?
– Қатаң жарлық шығарып, немесе қысқа, нақты межелеген уақытта ұлт мәселесін шешіп тастау мүмкін емес. Сонымен бірге тым ұзаққа созылатын эволюциялық жол салғырттыққа соқтырады. Уақыт барлығын өз орнына қояды деу де тиімді саясат емес. Жауапкершіліктің жоқтығын сезген облыстық әкімдер формализмге, көзбояушылыққа салынып, әнеу жылдары бірінен кейін бірі ісқағаздарын қазақ тіліне көшірдік деп мәлімдеме жасады. Мәселе ісқағаздарын мемлекеттік тілге аудара салуда емес. Мәселе мемлекеттік қызметкерлердің өз лауазымына, біліктілігіне сәйкес қазақша сауатты оқып, жазып, жауап бере білуінде. Ол талапқа сай қызметшілер аз.
Біздің мемлекетімізде ұлт мәселесі туралы әңгіме бола қалса, "біздің қоғам толерантты, ұлттар арасындағы мәселелер біржола шешілген" дегендей сыңаржақ, көзжұмба пікірлер айтылады. Бұл ұлт мәселесіне кеңес дәуірінен қалған коньюктуралық көзқарастың салдары. Тек ши шыққанда, билікке қауіп төнгенде ғана себептерін іздеп, оның төңірегінде ойлана бастаймыз. Ал оның алдын алу туралы күнібұрын бас қатырмаймыз.
Қазақстан көпұлтты мемлекет, 126 ұлттың өкілі тұрады дегенімізбен, кейбір санатта бар этностар өкілдерінің саны 200 адамнан аспайды, тіпті 10 адамға да жетпейді. Өзбек, украин, ұйғыр, неміс, татар, әзербайжан диаспораларының саны 100 мыңнан асады. Ал көпшілігі қазақ пен орыс (2009 жылғы санақ қорытындысында орыстар 3 793 764 адам немесе үлесі 23,7%, ал 2021 жылғы санақта 2 981 946 адам не 15,54% болды- авт.). Сондықтан ұлтаралық қатынастар негізінен қазақтар мен орыс диаспораларының қарым-қатынасына байланысты. Ұлт, тіл мәселесінде бүгін соңғы 15 жылда жаңарған демографиялық ахуалды басшылыққа алған жөн.
Орыс және қазақ тілдерінің бәсекелестігі тілдік саясатты ғана емес, жеке адамдардың тілдік беталысы мен бағытына ықпал етеді. ТМД елдерінде молдован–орыс, украин–орыс, тағы басқа мемлекеттерде орыс тілімен арада қайшылықтар, қақтығыстар, дау-дамайлар орын алып отыр. Ол елдердің де түпкі мақсаты ұлттық тілі арқылы ұлттың тәуелсіздігін, дербес мемлекеттілігін нығайту, ұлттық тіл арқылы елдің басын біріктіру.
Қазақ тілі мен орыс тілінің бір-біріне оппозициялық жағдайда болуы Қазақстан Конституциясында орыс тілінің қарсы қойылғанынан туды. Мұндай жағдай ТМД елдерінде жоқ. Қазақстанда бұл ахуал аумалы-төкпелі заманда аман қалудың амалы, прагматизмнің көрінісі деп түсінген жөн. Мемлекет құрушы, оған атын берген қазақ ұлты болғандықтан, қазақ тілін мемлекеттк тіл деп жарияладық. Сонымен бірге, көпұлтты мемлекетпіз, орыстар сан жағынан ең үлкен диаспора деп, солтүстік көршінің қасы мен қабағына қарап, Конституцияда "орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" дедік. Көп саясаткерлер мұны орыс тілін "ресми тіл" деп қабылдап, ресми орындарда тек орысша сөйлеу керек екен деп түсінеді. Шындығында, заң қазақ тілі сыртында орыс тілін де қолдануға құқық қана берді. Ал "Орыс, славян және казактар ұйымдары қауымдастығының" 2006 жылғы 1 ақпандағы жиналысында орыс тіліне кең мән беріп, оны "ресми тіл", "ұлтаралық қатынастар тілі" деңгейіне көтерген С.А.Терещенко, депутаттар А.Б.Башмаков, М.Трошихиндер де Конституцияны біле тұра іштей мақұлдаған. Дұрысы, мемлекеттік тіл – қазақ тілі ғана, әрі ресми тіл қызметін де қазақ тілі атқара алады.
Конституциядағы тілдердің қарама-қарсылығы – өмірдегі қайшылықтың айнасы. Бір жағынан, 1989 жылы көп орыстанған мемлекетте халықтың 40,1 пайызын ғана құраған қазақтардың тілін радикалды түрде енгізу ұлтаралық араздық туғызуы мүмкін еді. Екінші жағынан, содан бері ондаған жылдар бойы жалғасқан, тым либералды, шексіз толеранттылық қазақ ұлтының мүддесін аяқасты етеді. Билік осы екі қауіптің арасынан жол таптық деп мақтанады, бірақ қазақтың ұлттық мүддесінен гөрі келісім, татулық үшін өзге тілділердің мүддесін жоғары қойдық. Бұл тұйықтан енді шығу қажет.
– Мемлекеттік тілді тегін де үйренгісі келмейтіндер жетерлік. Тілді дамыту саясаты кімдерге бағдарлануы қажет? Объектісі кімдер? Оларға тіл үйретуде, соған иліктіруде нақты қандай шаралар пәрменді болады?
– Бүгінде, демографиялық жағдай өзгерген тұста тіл саясатына басқа қырынан қарайтын уақыт туды. Ең бастысы, "тіл саясатының объектісі кімдер?" деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Біздің ойымызша, басты объектісі – бір жағынан, қазақтардың өздері және түркітілдес диаспоралардың өкілдері. Екінші жағынан, славян тектес, басқа да еуропалық этностардың тәуелсіздікпен құрдас жастары.
Олардың аға ұрпағынан тілді білуді талап ету пәлеге жолықтырмаса, ештеңе шешпейді.
Славяндықтардың үлес салмағы азайып келеді. Бірақ демографиялық өсім өздігінен тілдің қуатын өсірмейді, мәселе тілді қадірлеуде. Бұл бір. Яғни, мемлекеттің тілге деген құрметті балабақшадан бастап ұрпақтың бойына мықтап егуге тиіспіз.
Екіншіден, қажеттілік туғызу қажет. Мемлекеттік тілге бетбұрыс болғанмен, мемлекеттің тіл саясаты қазақ тіліне қажеттік туғыза алмай отыр. Тауардың өзін адам оның нақты бір мақсатына пайдасы барын алдын ала білмесе, сатып алмайды, тұтынбайды. Сол сияқты егер тіл адамның мемлекеттік қызмет алуына, оқуына, басқа қажеттігіне бейімделмесе, ол тілге сұраныс болмайды. Бізге тілдік маркетинг керек!
Сұранысқа ие тілде ғана ата-аналар өз балаларын оқуға береді. Адамдарды қажеттілік қамшыласа ғана тілге жол ашылады.
Үшіншіден, лауазымды қызметтегілердің мемлекеттік тілді білуіне қатаң талап қоятын уақыт келді. Неге қазақша білмейтін адам министр болады? Ол сонда ауыл мен аймақтағы қазақпен қалай сөйлеседі, түсініседі? Әлде қазақтарды түсінудің қажеті жоқ дей ме?
Мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі, 82 пайыздан астамы қазақтар мен түріктілдес ұлттар өкілі. Сондықтан тілді игеруді кезең-кезеңмен жүзеге асырсақ, алғашқы кезеңде ол талапты қазақтар мен басқа түркі тілді халықтарына, екінші кезеңде өзге ұлттарға қоюға болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттік тілдің өрге баспауы – қазақтардың өзінің ынтасының төмендігі. Германиядағы еврейлер "түзде неміспіз, үйде еврейміз" дейді екен. Біздің қазақтар түзде де, үйде де орыс болып барады. Қазақтардың өз тіліне енжарлығын білген орыстар тілдік беталысын өзгертуге асықпайды. Мемлекеттің оларға мемлекеттік тілді біл деп талап қоюға құлқы жоқ. Ұлт өзін-өзі сыйлағанда ғана оны басқалардың сыйлайтыны – өмір заңдылығы.
Сондай-ақ өнеркәсіп, банк, байланыс, көлік, мұражай, туристік қызмет, сауда, басқа да салаларда мемлекеттік тілді енгізу мәселесін енді кең жолға қою керек.
Тіл білу денсаулық саласында аса маңызды. Америкалық ғалымдар Роберт Малгада мен Джузеппе Константиноның тұжырымдауынша, дәрігер мен пациенттің сөйлеу тілі диагноз қоюға бірінші кезекте ықпал етеді. 149 испандықтың әрқайсымен оңаша ағылшын, кейін испан, соңынан екі тілде қатар сөйлескен. Испандықтар мен тек испан тілінде сөйлескенде ғана аурулардың жағдайы туралы терең, байсалды мәлімет ұсынған. Демек ауруды білу мен оны емдеуде тілдің маңызы зор. Ауылдан Астанаға келіп, ота жасатқызған ауыл адамы: дәрігерім орыс екен, не айтқанын түсіне алмадым деп көзіне жас алған.
Тағы бір маңызды бағыт: Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді білу талабы енгізілуге тиіс. Бірақ басқа елдердегідей оған белгілі бір уақыт берілуі керек. Бұл тілді меңгерудің деңгейін анықтайтын критерилерін, аттестациялау жолдарын жетілдіруді талап етеді.
– Мұның бәрі қаржы мәселесіне тіреледі. Үкімет тілді дамыту орнына мемлекеттік тіл орталықтарын жауып жатыр. Сөйтіп қаржы үнемдемек. Күйзелісті алға тартады. Ал қаражат тапшылығы бұл істе адым аштырмайды...
– Нарық тіл саясатына тосқауыл болмауы керек. Бұл мәселеде кірістер мен шығыстарды есептеуден гөрі, ұлт не ұтады, неден ұтылады деген сұрақ орынды. Мәселе биліктің тиімді экономикалық саясат пен тиімді тіл саясатының қайсысын таңдауына байланысты. Оның салдарын ақшамен өлшемей, ақыл-парасат пен елдің басын біріктіру тұрғысынан таразылау орынды. Әрине, қазақ тіліндегі қымбат балалар әдебиеті мен оқулықтардың құндылығын тек ақшамен өлшеп, оның ұлттық тағдырына пайдасын ескермеу дұрыс емес.
Бұл саясат – қоғамдық ашу-ызаның алдын алудың да кепілі.
Өсемін деген мемлекет тез арада тілімізді дамытуға инвестиция салуы керек. Тіл мәселесін реттеу, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, арнайы мемлекеттік инвестиция құюды, қаржылық қолдауды қажет етеді. Онсыз болмайды.
Оның үстіне бұл мемлекеттің конституциялық міндеті. Ата Заңның 33-бабында "Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеру үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті" делінген.
Тәуелсіз елдерде ана тіліне инвестиция мына бағыттарда бөлініп жатыр: біріншіден, балалар әдебиетін арзан бағамен әрбір ұлттың отбасына жеткізу. Ал бізде ең қымбаты балалар әдебиеті. Екіншіден, мемлекеттік тілде білім алам деуші басқа ұлт өкілдеріне тегін білім алу мүмкіндігін ұсыну, білім гранттарын беру қажет. Мысалы, Францияда арабтарға сондай мүмкіндік жасалған.
Үшіншіден, оқулықтар мен сөздіктердің авторларын, аудармашыларды ақшалай қолдау шарт. Төртіншіден, жеңілтек емес, құнды кітаптар шығаратын баспаларды қосымша қаржыландыру, бесіншіден, ғылыми зерттеулермен айналысатын институттарды қаржыландыру маңызды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік тілде ұстаздық ететіндерді ынталандыру, қазақ тілді мұғалімдерге жоғарылау жалақы белгілеу; тіл курстарын қаржыландыру; тілді компьютерге бейімдеуді жолға қою; елді мекендердің, көшелердің атын қазақыландыру; терминология жұмысына мол инвестиция бөлу және басқасы. Ұлттық компаниялар, ұжымдар, банктер, жеке кәсіпкерлер өз қызметшілерінің мемлекеттік тілді үйренуін, іс-қағаздарын қазақ тіліне аударуын қаржыландырсын.
Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі жарнаманы, маңдайша, тақтайшаларды түзеу керек. Мемлекеттік тілге толық көшкен қалалар мен елді мекендерге гранттар мен сыйлықтар тағайындау, тілді білуге ұмтылдыратын әңгімелер, өлеңдер, шығармалар жазған жазушыларға, мультфильмдер авторларына көбірек көмек көрсету қарастырылсын. Мемлекеттік тілге қарсы шыққандар, тілді қорлап, қазақ ұлтының намысына тиетіндер аямай жазалануы шарт.
–Тілдік идеология қандай болуға тиіс?
– Қарапайым халықтың, жеке тұлғалардың, тұтас елді мекендердің, мектеп ұстаздарының, елдегі зиялы қауымның ұлт тағдырына алаңдаушылығы, тіл саясатын күн тәртібіне ілгерілетуі тілдік идеологияға үлкен қолдау болғалы тұр.
Билік мынаны түсініп алғаны ләзім: ұлтаралық келісімнің объектісі жалғыз қазақтар ғана емес, барлық ұлттар мен диаспорлар. Қазақ ұлты еліміздегі ұлттық топтардың мәдениетін, тілін, дәстүрін қалай сыйласа, дәл сондай зор құрметті олардан да күтеді. Сондай құрметті көргенде ғана қазақты біржақты түрде келісім, татулыққа иліктіру емес, өзара түсіністік пен құрметке негізделген шынайы өзара келісім, татулық орнайды. Қазақ халқына, тіліне қолайлы идеологиялық ахуал қалыптасады.
Әлеуметтану ғылымында "әлеуметтік жарақат", "зақым" деген ұғым қолданылады. Бұл әрине, метафоралық ұғым. Себебі "жарақат" "зақым" ауруханалар мен психиатрия саласына байланысты айтылады. Ал қоғамдық өмірде жарақаттың орны бөлек: орыстар үшін ол империяның күйреуі, америкалықтар үшін 2001 жылдың 11 қыркүйектегі оқиға, көптеген елдер үшін ланкестік пен зорлық-зомбылық. Отарланған ұлттар үшін жарақат ол геноцид, ұлттық келбетінен айрылуы.
Тәуелсіздік алғаннан кейін сол кемсітушіліктің орнын толтыру – демократияның маңызды сапасы. Біздің биліктің "біз байсалды, саясиландырудан аулақ, бұра тартпайтын ұлтаралық саясатты ұстанамыз" дегенінің астары ана тілі мен ата дәстүрін, дінін ұмыта жаздаған, күнделікті тірліктен басқа қамы жоқ, есеңгіреп қалған қазақтарға да, ғасырлар бойы билік құрып, айтқаны болып, атқаны тиіп, өзінен басқаның басына әңгіртаяқ ойнатқан халықтың өкілдеріне де бірдей саясат, көзқарас болады дегенге саяды.
Қазақстан Мәскеуден тізгінін қайтарып, тәуелсіздік алып, сыртқы отаршылықтан арылса да, ішкі отаршылықтан, құлдық психологиядан толық арылған жоқ. Өз ішіміздегі заманауи ұлттық саясат, ұлттық идеология қазіргі тарихи жағдайларға үйлесімді дамығаны жөн. Әйтпесе, ол кері тартып, елдің барлық саладағы бүкіл жетістігінің тоз-тозын шығаруы мүмкін.
Сонымен бірге біз тіл мәселесінде радикалды, үзілді-кесілді шараларды талап етушілерді, елде үрей туғызушыларды қолдайық деп отырғанымыз жоқ. Бірақ ұлттық арман-қиял тығырыққа тіреліп, болашақ бұлдырланса, тіл қоғамдық өмірден ығыстырыла бастаса, тиімді ұлттық саясат жүргізілмесе, онда ашынған ұлт экстремизмге баруы мүмкін екендігін де есте ұстаған дұрыс. Сонда бықсып жанған әлсіз от үлкен өртке айналмасына кім кепіл.