Бірақ ол қауіп жүзеге аса қалса, соған дайын болмақ. Бұл үшін не істелуде?
Құрама Штаттардың Украинаға ядролық жарылыстарды анықтауға арналған "радиациялық датчиктерді" жеткізгені белгілі болды. Жай жеткізумен шектелмеді. АҚШ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі федералдық ұлттық әкімшілік (Federal National Nuclear Security Administration) Украинада ядролық соққыға қарсы озық желі орнатуда.
Оның аясында Америка осы елді тактикалық немесе стратегиялық ядролық қаруды немесе лас бомбаны қолдануды тез анықтауға, соны жүзеге асырғандардың тұлғасын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін құрылғылармен жабдықтап, іске қосып жатыр.
Себебі әрбір елдің ядролық қаруының жарылысы өзгеге ұқсамайтын көрінеді. Тиісті аппаратуралармен тіркесе, атомдық сигнатурасы немесе "изотоптық қолтаңбасы" (изотопная подпись) арқылы оған кім кінәлі екенін әшкерелеуге болатын көрінеді. Яғни, Ресей Украинаға ядролық соққы жасап, "мен емес, лаңкестердің ісі шығар" деп бұлтарып кете алмауға тиіс.
Украинаға кең ауқымды соғыс ашқалы бері Кремль жаһанды ядролық қаруымен қорқытып келеді. Кремль өз пропагандистерінің аузымен біресе Украины, біресе Вашингтонды, біресе Еуропа астаналарының бірін ядролық күлге айналдыруға доқ көрсетуден танбай келеді.
Таяуда АҚШ Өкілдер палатасында осы тақырыпқа қатысты парламенттік тыңдау өтті. Сонда америкалық Энергетика министрлігінің құрамындағы федералдық агенттік – Ядролық қауіпсіздік жөніндегі федералдық ұлттық әкімшілік әлемді елең еткізген мәліметтерін жариялады.
Нәтижесінде, Вашингтон жау жаппай қырып-жою қаруын қолдана қалса, қапы қалмай, дайын отыруы үшін Украинаны сол ең үрейлі сценарийдің жүзеге асуына дайындап, оның салдарларын жою үшін қажетті нақты шараларды қабылдап жатқаны мәлім болды.
Ядролық апаттар жағдайында қолдау көрсету тобы (NEST) – Қауіпсіздік агенттігіне бағынатын атомшы эксперттердің жасырын бөлімшесі саналады. Бұл топ бүгінде Украина территориясының өне бойын радиациялық датчиктермен қамту, жергілікті персоналды үйрету жұмыстарын жүргізуде. Украиналық мамандар әлемдік ең озық әрі таптырмас құпия тәжірибені игеріп жатыр. Олар елдің әр өңірінен тоқтаусыз түсетін ауқымды деректерге мониторинг жасап, өңдеуге, халықты өлмге соқтыратын сәулеленуден барынша қорғау және алдын алу шараларын жүзеге асыруға үйренеді.
The New York Times сұрауына жауап берген агенттік "Украинаның барлық өңірінде атомдық датчиктер желісі өрістетіліп жатқанын" және олар "кез келген ядролық қару жарылысының орнын, ауқымын, салдарларын сипаттауға мүмкіндік беретінін" түсіндірді. Бұл құрылғылар "Ресейді өз авторлығын жасырып, өзге күштер арқылы ядролық қаруды пайдалануының кез келген мүмкіндігінен айырады".
"Соғыс тұманы" (Nebel des Krieges) деген термин бар. Оны "Соғыс туралы" трактаты арқылы Карл фон Клаузевиц енгізген және ол бүгінде майданға қатысты барлық дезинформацияларды, қарсыласты шатастыруға, ағат қимылға арандатуға бағытталған ақпараттық психологиялық арнайы операцияларды да қамтиды.
Сарапшылардың байламынша, радиациялық датчиктер мен америкалық жаңа жүйе "ядролық соғыс тұманын" ысыруға көмектесуге септеседі.
The New York Times ядролық бомба сүңгуір қайықпен, танкпен немесе жүк көлігімен де жеткізілуі мүмкін екеніне назар аудартады. Мұндай жағдайда жаппай қырып жою қаруларын жаһандық бақылаудың, мониторингтеудің қолданыстағы жүйелері қаскөйдің кім екенін, артында кім тұрғанын анықтауға қауқарсыз. Олар тек ядролық оқтұмсығы бар зымыранның қай елден ұшып шыққанын оның артында қалдырған траекториясы арқылы анықтауға құрылған. Ал РФ Украинамен соғысты Украина аумағында жүргізіп жатыр.
Егер Мәскеу сонда жасырын күштері арқылы тактикалық ядролық қаруды не лас бомбаны жарса және кінәні "өзіне қатысы жоқ лаңкестік топтарға" аудара салуға талаптанса, онда Вашингтон өзі өрістеткен желі арқылы жиналған бүкіл ақпаратты қолданып, БҰҰ мінберінен Кремльдің қарау ісін дәлелдей алады. Онда РФ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен шығарылуға тиіс. Себебі, жаһандық бейбітшілік пен бітімгершілікті қамтамасыз етуге міндетті бүкіләлемдік ұйымның төрінде, басшылық органында басқыншыға, оның үстіне ядролық қаруын қолданатын агрессорға орын жоқ.
Сарапшылар Украина территориясында осындай желінің өрістетіліп жатқаны туралы ақпараттың жария етілуінің өзі Мәскеуді ойға қалдырып, ядролық шабуылын немесе "бөтеннің туының астында жасалатын операциясын" тежейді деп үміттенеді. Егер қылмыскер бетперде тақса да, өзінің кім екенін полицияның білетінін алдын ала түсінсе, онда қарақшылық ниетінен қайтуы ықтимал.
"Мысалы, Мәскеу "контршабуылы барысында Киев майдан даласында ядролық жарылыс ұйымдастырып, өзінің де, қарсыластың да әскерін қырып салды" деп жала жабуы мүмкін. Одан тайынбайды. Кремль былтырғы күзден бері соған дайындық жүргізді. Ешқандай нақты дәлел, айғақзат ұсынбай, БҰҰ мінберінен "Украина лас ядролық бомба жаруға әзірленіп жатыр" деп байбалам салды. Егер осы тұманды пайдаланып, РФ ядролық қару қолданса, онда Вашингтон жергілікті сенсорлық желісі арқылы ядролық атрибуцияға төл талдауын жүргізіп, шын мәнінде ол шабуылды Мәскеу ұйымдастырғанын дәлелдей алады. Бұл салада Америка кейінгі жылдары көп алға кетті. Ядролық атрибуция ғылымы 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактіден соң қарқынды дамыды. Оның аясында сырттан төнетін ядролық соққы сыртында ішкі ядролық терроризмді әшкерелеу жолдары пысықталуда", – дейді америкалық ғылыми сарапшы Уильям Джей Броуд (William J. Broad).
Оның мәліметінше, АҚШ ғарыштық жерсеріктерімен астасып жатқан бұл технологияларын Украинада қолдана алады. Желі Украина аумағындағы АЭС-тердің 15 атом реакторын да бақылауға тиіс. Себебі, халықаралық ақпарат агенттіктері былтырдан бері Запорожье атом стансасын басып алып, қолында ұстап отырған ресейлік әскердің оның аумағына жарылғыш снарядтарды қоймалап жатқанына назар аудартты. Шегініп қашса, станцияны жарып жіберуі және бұған Украина әскерін айыптай салуы ғажап емес.
"Егер Украинада ядролық төтенше жағдай болса, соның ішінде ядролық реакторлардан радиациялық шығарынды тіркелсе немесе ядролық қару жарылса, онда ғылыми талдаулар Американың шешім қабылдау орталықтары мен құзырлы меморгандарына жедел түрде ұсынылады. Соның негізінде Украинада халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған пәрменді, техникалық негізделген шешімдер қабылданады", – деп жариялады АҚШ Энергетика министрлігінің федералдық қауіпсіздік агенттігі өз мәлімдемесінде.
Вашингтон алдағы украиналық контршабуыл барысында Ресей оңбай таяқ жесе, онда соңғы тұяқ серпері ретінде ядролық қаруды қолдануы мүмкін деп қауіптенеді. Конгрессмендердің осы туралы сұрағына жауап берген АҚШ Энергетика министрі Дженниеер Грйнхолм АҚШ-тың Украинаға көмегінің басты мақсаты – "украиналықтардың ядролық қауіпсіздікте екеніне және сәулеленуге ұшырамайтынына көз жеткізу" болып табылатынын, ал оның егжей-тегжейін айту үшін жабық отырыс қажеттігін мәлім етті.
Бұл ретте америкалық Энергетика министрлігі мен NEST жоспары Украинаға қарсы ядролық контрабандаға тосқауыл қою, жауынгерлердің, бейбіт тұрғындардың ықтимал радиациялық зақымдалуын емдеу іс-шараларынан да тұратыны белгілі болды.
Жалпы алғанда, Украинадағы ядролық энергетиканың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге АҚШ шамамен 160 млн доллар бөлді.
Union of Concerned Scientists одағының ядролық энергетика жөніндегі сарапшы Эдвин Лайман (Edwin Lyman) ядрошы ғалымдар да Украинадағы соғысты жіті бақылап отырғанын жеткізді. Ол биік лауазымды федералдық шенеунікпен жеке әңгімесінде Ресейден төнетін ядролық қауіп-қатердің ықтимал сценарийлерін талқылаған екен. Сонда Кремль барлық абыройынан айыратын жеңіліске ұшыраса, онда Украина аумағынан кетіп бара жатып, бірінші кезекте Еуропадағы ең ірі АЭС саналатын, 6 реакторы бар Запорожье станциясын немесе оның өтелген отын қоймасын атқылауы мүмкін деген ортақ болжамға тоқтапты. Бұл жағдайда қоршаған ортаға радиоактивті бұлт көтеріліп, айналадағының бәрін ластайды. Еуропа да зардап шегуі мүмкін, әрі украиналық ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен бір бөлігі жарамсыз болып қалмақ.
Бұл қауіптердің шындыққа айналатыны, әлде сол бойы болжам болып қалатыны алдағы айларда анықталуы ықтимал. Жаһан жұртшылығы іштен тынып, украиналық ғаламат контршабуылды күтіп отыр.