Америкалық бір ғана компанияның құны бүкіл Ресей экономикасынан асып түсті

10419

Қаржыгерлер заманауи "алтын іздеушілер" үшін сыйқырлы "күрек" табылды деп отыр.

Америкалық бір ғана компанияның құны бүкіл Ресей экономикасынан асып түсті Фото: canva.com

Америкалық микрочиптер өндірушісі Nvidia – қазіргі заманның бір сенсациясына айналды. Таяуда оның нарықтық капитализациясы 2,59 триллион доллардан асып кетті (2024 жылғы 8 маусымдағы жағдай бойынша 2,97 триллион доллар). Осыған орай әлемдік және ресейлік сарапшылар алып Ресейдің номиналды жалпы ішкі өнімі (2,215 трлн доллар) АҚШ-тың жалғыз компаниясының құнына да жетпей қалғанын жазуда.

Әрине, бұл тек басы ғана. Биылғы 5 маусымда Nvidia капиталы 3 триллион доллар межесінен де бір асып, қайтты. Әйтсе де, сплит (компания акцияларының бөлшектелуі) туралы хабар шыққаннан кейін акциясының құны шамалы кері шегінді. Сплит нәтижесінде акция құны төмендейді және инвесторлар үшін қолжетімді бола түседі. Дегенмен, алдағы жақсы жаңалықтары мен ірі жетістіктері өсімге қайта дем беруі ықтимал.

Қалай болғанда, Nvidia – жаһан тарихындағы нарықтық капитализациясы 3 триллион доллар белесіне жете алған тұңғыш компьютерлік чиптер өндірушісі атанды.

Bloomberg мәліметінше, бұл көрсеткіші жөнінен Nvidia 5 маусымда Apple-ді артқа тастады және әлемдік алпауыт Microsoft корпорациясын ғана алға салды.

Бұл ретте халықаралық сарапшылар "Эн-Видиа" заманауи "алтын іздеушілер" үшін таптырмас құралға айналғанын жазды. Мысалы, 2023 жылы оның акцияларын ұстаушылар бірден 240%-ға байып шыға келді. Бұған жасанды зерде технологиялары айналасындағы дүрбелең-ажиотаж түрткі болуда.

Блумбергтің дерегінше, биылғы жыл басынан бері компанияның акциялары тағы шамамен 147%-ға өсті. Өйткені оның шығаратын чиптері жасанды интеллектте қолданылады және жасанды зерденің міндет-мәселелерін шешуде пайдаланылады, тиісінше, оның өнімдеріне сұраныс қарқынды өсуде. Бұл компания ЖЗ технологияларын дамытудың жаһандық басты бенефициарына айналды.

Нәтижесінде, 5 маусымда Nvidia акциялары бір күн ішінде бірден 5,2% қымбаттап, әрбір құнды қағазының бағасы рекордтық 1224,40 доллар межесін бағындырды (бүгінде 1 208,88 долларға дейін түсті). Бұл оған Apple Inc. корпорациясын шаң қаптырып, Ресейді мұқататын шыңға көтерілуіне мүмкіндік берді.

Соның алдында, 2024 жылғы ақпанда Nvidia Google-дің бас компаниясы Alphabet холдингін жарыс жолында "тезек тергізіп" қалдырды және АҚШ-тың және әлемнің ең қымбат үш компаниясының біріне айналды. Енді міне, Apple-мен (капитализациясы 3,02 триллион доллар) екінші орын үшін тайталасуда. Ал Tesla, Meta, Walmart, Exxon Mobil және басқа да жаһандық алпауыттар оның шаңына да ілесе алмай, бүгінде алыстан күн сала қарап тұр.

Бір қызығы, бір жылдай бұрын аталған компанияның құны 300 миллиард доллардай ғана болатын. Енді оның басшылары "триллион" деп сөйлейді. Ақпарат құралдары соңғы рет Nvidia ғасыр басында, сонау 2002 жылы Apple-дан қымбатырақ тұрғанын еске салады. Онда қос компания да 10 миллиард доллардан арзан тұратын. Артынша, Эйпл тұңғыш iPhone-ын шығарды да, адамзатты тамсантып, тәнті етіп, бақталасының алдын орап кетті. Содан бері ұштығын ұстатпай келе жатыр еді.  

Жалпы, жаһандық нарықта дәурені жүріп тұрған алпауыттың ертең дәрменсіз жағдайға жететін дерегі аз емес. Бірақ Bloomberg әзірге Nvidia-ның өсім қарқынын баяулатар ешқандай нышан байқалмайтынына назар аудартады. Ендеше ол өзін басып озуға басты бәсекелестеріне мүмкіндік бермейді.

Компанияның бас атқарушы директоры Дженсен Хуанг "жасанды зердені жылдамдатқыш" деп аталатын өнімдерін, чиптер желісін бұдан былай жыл сайын жаңартып тұруды, Data-орталықтарға арналған флагмандық шешімдерін жыл сайын шығаруды және олардың өнімділігі мен функционалдылығын үдемелі түрде арттыруды жоспарлап отырғандарын жариялады. Генеративті жасанды интеллекттің пайда болуы – дүниежүзіндегі жаңа өнеркәсіптік революцияны тудырды. Дж.Хуангтың айтуынша, Nvidia бұл төңкерісте маңызды рөл ойнауға ниетті.

Компания ЖЗ технологияларын жаппай дербес компьютерлерге көшіруге атсалыспақ. Ондай жағдайда адамдар тінтуір, пернетақта-клавиатура дегендердің не екенін ұмытуы ғажап емес: компьютерлер жаппай дауыспен, болашақта – ойлау күшімен басқарылатын болады.

2024 жылғы 3 маусымда, Тайваньдағы Computex компьютерлік технологиялар көрмесінде Nvidia HBM4 жады бар "Rubin" атты жасанды зерде процессорын жұрт назарына ұсынды. Қазіргі уақытта бұл тылсым жобаның егжей-тегжейі тіпті компанияның көптеген қызметкерінен құпия сақталуда. Жай-жапсары жарияланбағанымен, бір белгілісі, бұл платформа 3 600 ГБ/секунд жылдамдығымен NVLink 6 жаңа қосылыстарын қолдайтын болады.

Nvidia "Rubin" ЖЗ-процессорларын әлемдік нарыққа 2026 жылдан жеткізе бастауы мүмкін. Компанияның бас атқарушы директоры Хуангтың мәліметінше, өндірісі 2025 жылдың соңында іске қосылады.

Nvidia-ның кейінгі бірнеше тоқсандағы жетістіктері бірінші кезекте жасанды интеллекттерге арналған жабдықтарға деген сұраныстың күрт өсуімен байланысты. Әлем адуынды түрде цифрлануда. Қызметтер цифрлық форматта көрсетілуге көшіп жатыр. Кез келген мемлекеттегі азаматтар қолы қалт етсе, бос уақытын телефон не компьютердегі ойындарды ермек етіп, уақыт өткізеді.

Криптовалюталар өндірісі де қуатты процессорларды талап етеді. Тіпті соғыстардың өзі цифрлық шешімдерге мұқтаж. Осының бәрі чип өндірушілердің табыс көздері.

Оның үстіне Эн-видиа ЖЗ-чиптердің көптеген типі, соның ішінде ЖЗ-жылдамдатқыштар бойынша нарық лидері болып табылады. Соңғылары жасанды интеллекттің нейрондық желілерінің және басқа да жүйелерінің жұмысын жылдамдату үшін қолданылады. Ал ЖЗ ақылды бола түскен сайын мемлекеттер, бизнес пен адамдар көптеген жұмысты және шешім қабылдау процестерін жасанды зердеге көбірек сеніп тапсырады.

Nvidia-ға саланың заманауи ғұламасы Илон Маск ақ батасын берді. Ол компаниямен электронды хат алмасуында Tesla көліктерін, X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісін және xAI стартапын (ChatGPT-дің бәсекелесі Grok чат-ботын әзірлеуші) Nvidia чиптеріне көшіру бойынша кең ауқымды жоспарын жария етті.

Өз кезегінде Bank of America сарапшылары бұл компанияны өзінің US1 тізіміне – үздік инвестициялық идеялар коллекциясына қосты. BofA инвестидеялар тізіміне 40-тан аспайтын компанияның ғана акциялары кіреді.  

Nvidia компаниясының іргесі 1993 жылы қаланған. Бастапқыда ол видеоойындарға арналған жабдықтар әзірлеп, сатумен айналысқан. Бірте-бірте компания трансформацияланды және графикалық процессорлармен жұмыс істеуден – күрделі есептеуіш платформалар мен суперкомпьютерлерге ауысты. Nvidia криптовалюта майнингі үшін чиптер жасау және "бұлтты" технологияларға жазылу қызметтерін көрсету – мол табыс көзі болатынын алғаш болып түсініп, сол тыңға түрен салу арқасында тез байыды. Сол арқылы Nvidia "криптобум короліне" айналды: биткойн өндіремін деушілерге "алтын күректі" – қажетті жабдықтарды ұсынды.

Кейінгі жылдары Nvidia акцияларының буырқана өсуіне жасанды интеллект саласындағы жаңа ашылымдар мен ірі жетістіктер тың серпін берді.

Айтпақшы, Nvidia-ның болашағына сеніп, ерте бастан соның құнды қағаздарына қаржысын салған инвесторлар алтын қазушылардың және басқасының түсіне де кірмеген табысқа жетті: бұл компанияның акциясын иеленушілердің табысы соңғы 5 жылда 3 290%-ға артып шыға келді. Яғни, айталық, 2019 жылы Nvidia акцияларына 1 мың доллар ғана жинағын салған адам бүгінде 3 290 000 доллар пайда тапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу