Аналар зарына "Азаматтарға арналған Үкімет" үн қатты

2768

Жас босанған аналар індеттен зор кесапатқа жолықты.  

Аналар зарына "Азаматтарға арналған Үкімет" үн қатты

Inbusiness.kz-те 2 қыркүйекте "Екі министрліктің салғырттығы аналарға сор болды" атты сараптама шықты. Осыған орай "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан жауап хат келді. Онда мақалада айтылған Людмила Большакованың қызы Кристина Арент мемкорпорацияның Алматы облыстық филиалына 2020 жылғы 13 шілдеде жүктілігі және босануы бойынша табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін жүгінгені расталды.

Л.Большакова қызына осы төлемді тағайындау кезінде ТЖ кезеңінде төмендеген жалақысы есепке алынғанына наразы. Ол еңбек министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы №109 және 17 сәуірдегі №139 бұйрықтарына сәйкес, әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін ТЖ кезеңі қабылданбайтынын, оның орнына өтініш иесінің қалауы бойынша басқа айлардағы табысы алынуы керектігін алға тартады.

Осыған орай Іле аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Айман Сқақова қызмет алушыға барлық жағдайды айтып, егжей-тегжейлі түсініктеме беріпті.

16 жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік жарналарды адал аударып келген Кристинаға не себепті төмен жәрдемақы төленгенін "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясы да түсіндірді. Бір сөзбен түйсек, оның кәсіпорны ТЖ кезеңінде жұмысын тоқтатпаған.

"Тапсырылған құжаттар негізінде корпорация филиалы шешім жобасын қалыптастырды және жауапты мекемеге – "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ-ына жолдады. МӘСҚ 2020 жылғы 16 шілдеде тиісті мөлшерде әлеуметтік төлем тағайындап, шілде айында төлем жасады. Бұл ретте азаматша К.Арент төтенше жағдай кезеңінде табысынан айрылмағандықтан, оған биылғы 25 наурыздағы №109 ереженің 24-1 бөлігі қолданылмаған", – дейді "Азаматтарға арналған Үкімет".

Алайда сараптамада оның анасы Людмила Большакова қызының жалақысы ТЖ-ға байланысты төмендегенін, демек, осы кезеңдегі табысты есепке алмау керектігін айтып, төлем мөлшерімен келіспейтініне шағымданғаны мәлім.  

"Бұл мәселе бойынша біздің корпорация емес, тек құзырлы орган – МӘСҚ қана жауап бере алады. Сондықтан әлеуметтік төлемнің мөлшерімен келіспесе, К.В.Арентке әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу бойынша шешім қабылдайтын уәкілетті органға – МӘСҚ-ке жүгінуге кеңес береміз (мекенжайы: Алматы облысы, Талдықорған қ, Ақын Сара көшесі, 137, индексі 040000)", – деді мемкорпорация.

Бұдан өзге, арыз иесі "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясы "ЭЦҚ-сы тексеруден өтпеді" деген себеппен ЭЦҚ-мен жолданған өтінішті қабылдаудан бас тартқанын да қынжыла жеткізген-тін.

"Азаматтарға арналған үкіметтің" Алматы облыстық филиалына аталған қызмет алушыдан электронды өтініш түспегенін мәлімдейміз. ЭЦҚ-ға қатысты сұрақты шешу үшін "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ына жүгіну қажет", – деді мемкорпорация.

Сараптамада тағы бір мәселе көтеріледі. Жеке кәсіпкер Айжан Зияшова декретке шыққан өз қызметкерінің табыс туралы анықтамасын Тараз қаласындағы ХҚКО қабылдамай жатқанын хабарлады. Бұл – шындық.

"Расымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы №109 бұйрығымен бекітілген қағидалардың 24-5 тармағына сәйкес, "0" коэффициентін қолданатын қызмет түрлерінің тізбесінде көзделген адамдардың зейнетақы жүйесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, сондай-ақ кірісі – жұмыс берушінің анықтамалары негізінде ескеріледі. Бірақ Айжан Зияшованың қызметкерінің өтініші бойынша қызметтік тексеріс жүргізу үшін оның толық дерегі қажет екенін хабарлаймыз. Сондықтан туындаған мәселе ол қызметкер бэк-офиске, яғни корпорацияның Әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімдеріне мына мекенжай: Тараз қаласы, Рысбек батыр бұрылысы, №14 бойынша жүгіне алады. Қызмет алушының ХҚКО-ға тапсырған өтінішіне сәйкес, корпорацияның Әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің мамандары электронды іс-макетін құрып, оны уәкілетті органға жолдайды. Уәкілетті орган қосымша құжаттарды сұратқан жағдайда, бэк-офис, яғни аталған бөлім мамандары өтініш білдірушіге хабарласып, керекті құжаттарды қосымша алдыртып, жауапты органға қайта жолдайды", – деді "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясы.

"Азаматтарға арналған Үкімет" заң аясында әрекет етуде. Әйтсе де, әлеуметтік төлемді тағайындауға жауапты өзге мекемелердің бұл істе үйлесім, ұтымдылық пен жеделдік танытқаны маңызды.

Өйткені аналардың сергелдеңі жалғасуда. Мысалы, фрилансер Әсел Ахметова 14 қыркүйекте декреттік демалысқа шықпақ. 

"Алайда емханадағылар маған "жүктілікке байланысты еңбекке жарамсыздық парағын" жазып бере алмайтынын мәлімдеді. Ол үшін жұмыс орнымнан анықтама әкелуімді талап етеді. Оны мен ұсына алмаймын. Себебі, бүгінде өзімді-өзім жұмыспен қамтып отырмын, мемлекетке бірыңғай жиынтық төлем төлеймін. 2020 жылғы шілдеге дейін ЖШС-да жұмыс істедім, ол кезде барлық әлеуметтік төлемдерді бухгалтерия аударды. Карантин салдарынан балаларымның бәрі үйде жалғыз қалғандықтан жұмыстан кетіп, үйдегі бала күтуші ретінде жұмыс істеуіме тура келді. БЖТ-ны ай сайын төлеп келемін. Бұл тұйықтан қалай шығамын, не істеуім керек? Жұмыстан табысым туралы анықтама әкелмесем "больничный лист" ашпайды. Оны ашпаса, жүктілік және босану бойынша табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдей алмаймын", – дейді Әсел Ермекқызы.

Сарапшылардың байламынша, Орталық Азияда Қазақстан халықтың өсімі жөнінен артта қалып қойды. Биылғы Жолдауында бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аудартты.

"Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. БҰҰ-ның еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді", – деді Қ.Тоқаев.

Ендеше мемлекет перзент сүйген әрбір ананы алақанға салып аялауы қажет. Оның орнына әртүрлі сылтау тауып, тиісті ақысын бермеуге, сәбиімен бірге сенделтуге дайын тұратындай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу