Жұмыссыз қалған адам мемлекеттен 6 ай ақша ала алады

32485

Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдерге қанша жерде жұмыс істесе, сонша жерден декреттік төлемақы төленеді.

Жұмыссыз қалған адам мемлекеттен 6 ай ақша ала алады

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" заң жобасының редакцияланған нұсқасы қолданысқа енеді. Нәтижесінде әлеуметтік төлемнің кейбір түрлерінің көлемі көбейеді.

Әлеуметтік төлемді "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ төлейді. Аталмыш қор үкіметтің 2004 жылғы 27 ақпандағы №237 қаулысымен құрылған. Оның құрылтайшысы мен қатысушысы мемлекет. Сондықтан қор коммерциялық емес ұйым саналады.

Қор әлеуметтік тәуекел туған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру үшін азаматтардың осыған дейінгі әлеуметтік жауапкершілігін ынталандыруды көздейді. Бұл үшін міндетті әлеуметтік аударымдарды шоғырландырып, әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін қаржы аударады. Сонымен қатар тұрақты түрде әлеуметтік аударымдарды есептеу мен төлеу және әлеуметтік төлемдерді тағайындау мен алуға қатысты сұрақтар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізеді.

Естеріңізге салайық, елімізде көпдеңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйеде базалық мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, жинақтаушы зейнетақы жүйесі және әлеуметтік көмек қарастырылған. Ал әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Ол 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген.

"Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ президенті Сәуле Дүйсенованың мәлімдеуінше, әлеуметтік аударым төленген жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылғандарға, асыраушысын жоғалтқандарға, жұмыссыз қалғандарға, жүктілігіне және босануына байланысты декреттік демалысқа шыққандарға, балап асырап алғандарға және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған аналарға әлеуметтік төлем төленеді.

"Еңбек ету қабілетінен айырылғандар зейнет жасына шыққанға дейін, асыраушысынан айырылған отбасының балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін, оқу оқитын болса 23 жасқа дейін әлеуметтік төлем алады. 2005 жылдан бері әлеуметтік төлем төлеудің формуласы өзгерген жоқ. 13 жыл уақыт өтті, көрсеткіштер жақсармады. Мысалы, біз мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушыларына 1 коэффициент береміз. Қазір адамдардың барлығы сақтандыру қорына қанша жыл қатысқанына қарамастан 1 коэффициентке ие болады. Бұл дұрыс емес. Қормен ұзақ жыл байланыс ұстағандар мен қорға күні кеше қосылғандардың арасындағы коэффициентте айырмашылық болуға тиіс", – деді Сәуле Дүйсенова.

Оның сөзінше, қазір еңбек ету қабілетінен айырылғандарға ай сайын – 14 204, асыраушысын жоғалтқандарға – 16 801, жұмыссыз қалғандарға – 24 286, жүктілігіне және босануына байланысты декреттік демалысқа шыққандарға – 389 991 теңге әлеуметтік төлем төленіп жүр. Жаңа заң қабылданып, қолданысқа енген кезде алғашқы 3 әлеуметтік төлемнің көлемі 30%-ға өседі.

Жаңа заңда еңбек өтілі 5 жылдан жоғары міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін әрбір толық жылға белгіленген 5 жылдың үстінен қатысу өтілінің коэффициентін 2% арттыру ұсынылған. Қазір еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі 59% деп нақтыланса 0,3 коэффициент қолданылады, ал 60% болып бекітілген жағдайда 0,5 коэффициентін қолдану ұсынылады. Бір қарағанда 2 әлеуметтік төлем алушының физикалық жағдайы бірдей. Алайда алатын ақшалары әртүрлі. Осындай түсініспеушіліктің алдын алу үшін жаңа заңға еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі 59% болған адамдарға 0,59, ал 60% болса, 0,6 коэффициент белгілеу туралы талап енгізілді.

"Жаңа заңда асыраушысынан айырылған отбасыға әлеуметтік төлем төлеу көрсеткішін отбасы мүшелерінің құрамына қарап көбейту қарастырылды. Ал жұмыссыз қалған адамдарға төленетін әлеуметтік төлемді 30%-дан 40%-ға ұлғайту және жұмысыз қалған адамды 4 ай емес, 6 ай мемлекет есебінен қаржыландыру көзделді", – деді Сәуле Дүйсенова.

Осы жерде жұмыссыз қалған адамдар жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелсе ғана әлеуметтік төлем алатынын нақтылады.

"Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз қалғанын хабарламаған адамдарға әлеуметтік төлемақы берілмейді", – деді "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының" президенті.

Оның сөзінше, жұмыстан өз еркімен өтініш жазып кеткен адамдар да жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелсе, әлеуметтік төлемақы ала алады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" 6 миллионға жуық адамды қамтып отыр. Жыл сайын 770 мыңнан астам адам 160 млрд теңгеге жуық әлеуметтік төлемақы алады. 2005-2017 жылдар аралығында "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" ел азаматтарына 905 млрд теңге әлеуметтік төлем төлеген.

Қазір жұмыс берушілер қызметкерлері үшін "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына" табыстың 3,5%-ын аударып отыр. 2025 жылдан бастап бұл көрсеткіш 5%-ға ұлғаяды. Жұмыс берушінің қызметкері үшін "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына"  ақша аударып немесе аудармай отырғанын ХҚО-дан білуге болады.

Айтпақшы, бірнеше жерде штаттық кесте бойынша жұмыс істеп, жүктілігіне және бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдерге декреттік төлем барлық жұмыс орнынан төленеді. Бұл үшін жүкті әйел бала күтіміне кететіні туралы анықтаманы барлық жұмыс орнына көрсетуге тиіс. Сәйкесінше әрбір жұмыс берушіден "Мемлекеттік сақтандыру қорына" ақша түсіп тұрғандықтан, мемлекеттік қор барлық жұмыс орнынан келіп түскен ақшаның тиісті сомасын аяғы ауыр әйелдің есепшотына аударады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу