Сарапшы: Масылдық – мемлекеттілік пен әлеуметтік институттарды күйретуші құбылыс

8590

Дағдарыс әлеуметтік масылдықты өршітіп жіберді.  

Сарапшы: Масылдық – мемлекеттілік пен әлеуметтік институттарды күйретуші құбылыс

Әлемде санаулы мемлекет қана өз халқын қолдаудың түрлі шарасы мен тәсілін қолға алуда. Қазақстан соның қатарында. Әйткенмен, әлеуметтанушылар мен психологтар бұл әлеуметтік масылдықты күрт өсіріп, бұрын болмаған деңгейге жетеді деп алаңдайды.

Мысалы, Президент тапсырмасымен жүрген "азаматтардың борыш жүктемесін азайту" науқаны 2019 жылы аяқталды. 2020 жыл басталғалы кредит кешіру туралы өтініштерге Үкімет мүшелері осылай қысқа жауап қайыра салатын. Алайда елді күйзеліс қысқалы мұндай сұраулар легі ары қарай артып бара жатқанға ұқсайды. Көптеген қазақстандық мемлекет қойған барлық талаптарға сай келіп тұрса да әлгі науқанға ілікпей қалғанына наразы. Рас, шын мәнінде оны қажетсінбеген адамдардың несиесі бюджеттен өтелгені анықталуда.  

"Бірде банктен "Айфонға" қарыз рәсімдегенмін. Жалпы, 400 мың теңге етіп қайтаруым қажет. Оның 180 мыңын өтеп те үлгердім. Өткен жылы банктен хабарласып, 300 мың теңге көлемінде несиемді мемлекет өтегенін жеткізді. Айлық табысым жарты миллион теңгеден асады. Сондықтан бұдан үміттенбегенмін. Сөйтсем, көп балалы аналардың бәрі тізімге енгізіліпті. Менің бес балам бар. Айтылған күні банкке бардым, қалған 220 мың теңгені жапты. Оның сыртында 80 мың теңгені қолыма ұстатты. Әр адамға 300 мың теңгеден бөлініпті", – дейді Гүлбағила.

Ал елорданың басқа бір тұрғыны Д.Жанмурзин барлық шарттарға сай келсе де шөміштен қағылғанына ашынады.

"Қ.Тоқаевтың 300 мың теңге мөлшерінде несие кешіру жарлығы 2019 жылғы 26 маусымда жарияланды. Менің Халық банкінде кредитім қалды. Көп баланың әкесімін, менің де несиемді мемлекет өтеуі керек. Тиісті тізімде тұрмын. Бірақ кешірмеді. "Мемлекеттік кредиттік бюродан" сұрасам, олар еңбек министрлігі өздеріне мен туралы ақпарат ұсынбағанын айтады. Министрліктің өзі мені сол тізімге қоспады ма! Қосса екен, кредитімді "сөндіріп" береді деп күтіп жүрмін", – дейді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жарлыққа сәйкес, шынында көп балалы отбасылардың, асыраушысынан айырылған отбасылардың, мүгедек баласы бар отбасылардың, 29 жасқа дейінгі жетім балалардың кепілсіз заемдары өтелгеніне тоқталды.

"Бұл ретте қандай да бір азаматтың осы санаттардың біріне жататыны Әділет, Білім және ғылым министрліктерінің ақпараттық жүйелеріндегі ресми құжаттар бойынша расталды. Жарлық күші тарайтын тұлғалардың негізгі тізімі 2019 жылғы 26 маусымға дейін қалыптастырылды. Сол кезде аталған санаттарға кіретін біраз адамның дерегі Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесінде 26 маусымда жоқ болып шықты. Сондықтан олар негізгі тізімге кіре алмай қалды. Кейін база толықтырылды. Бұл азаматтардың барлығы кредиттері кешірілетін тұлғалардың қосымша тізіміне еніп отыр. Олардың қарызын жабу бюджеттің мүмкіндігіне қарай биылғы жылы қарастырылатын болады", – дейді Б.Нұрымбетов.

Ендеше былтырғы АӘК-тен, биылғы 42 500 теңге әлеуметтік төлемнен соң алда қарызды кешіру кезекті рет дүрбелең туғызуы мүмкін.

42,5 мың қулыққа итермеледі

Е.Горячеева 42 500 теңге жеке кәсіпкерлерге де беріледі дегенді ести сала, ЖК (ИП) тіркеген. Бірақ жедел штаб оның көзбояу кәсіпорын екенін түсіне қойып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартыпты. Бір қызық дерек бар: мемлекет адалдық танытып, әлеуметтік төлем тағайындалмаған азаматтарға бірыңғай жиынтық төлемін (БЖТ) кері қайтарып жатыр.

"Әлеуметтік төлем дегені – қайыршыға тасталғандай садақа. Соның өзін Үкімет көп көріп, халықты одан айырып отыр. Мен Egov сайтында өтініш бердім. БЖТ төлеу керек дегесін, онысын да төледім. Содан бері жарты ай күттім. Ақыры төлемін бермей, БЖТ-ымды қайтарып тастады. Маған, яғни жаңа ғана ашылған және кәсібінен бір тиын табыс тауып үлгермеген жеке кәсіпкерге мемлекет қарасудан бас тартып отыр! Министрлер мұрнынан әрідегіні көрмейді. Қолдап жіберсе, ертең мен ісімді дөңгелентіп, салық төлейтін шығармын, соны неге ойламайды? Олар тек бірде бір рет салық төлемегенімді ғана көреді. Бизнес деген бірнеше ай қаржы салуды, тек содан кейін табыс табуды қарастыратын сала. Содан соң салық төлемеймін бе. Енді маған, екі баланың анасына мына ТЖ-да не істесін дейді? Қарақшылық жасап, адам тонайын ба? Бір тілім нан үшін қылмысқа барайын ба? Әлде қол жайып, қайыр сұрайын ба? Сұрайын, бірақ қайда? Көшеде адам жүргізбей тастады ғой", – деп шабынады Е.Горячеева министрге хатында.

Ол шенеуніктер "қатесін" түзетпесе, әлеуметтік желі арқылы айғай-шу көтеретінін қатаң ескертті.

Министрдің шақшадай басын шарадай еткен сан-салалы шағым қарша борауда. Мысалы, қоғам белсендісі Сергей Волков таныс әйелдің аз қамтылған отбасысы бар екеніне назар аудартты: жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік шарт аясында оған бірнеше жұмыс орнын ұсынған, бірақ ол былтыр "балаларымның сабақ кестесіне сай келмейді" деп бәрінен бас тартыпты. Нәтижесінде, заң бойынша оған АӘК төлеу тоқтатылған. Енді төтенше жағдай кезінде табысы болмағандықтан, әр органға шағым жаудырып жүр.

Экс-қазақстандықтар көмек талап етуде

Кезінде қазақтың көгілдір төлқұжатынан бас тартып, көрші Ресейдің паспортын кеудесіне басқан, бірақ қазақ жерінде тұруын жалғастырып жатқан бұрынғы отандастар да елге масыл болуда. Олардың бірқатары ТЖ-ға байланысты төлемге өтініш онлайн тапсырылатынын пайдаланып, Қазақстаннан төлемақы талап етіпті. Мысалы, Дмитрий Югай Қазақстан Үкіметі өзі секілділерді де қолдауы міндет деген пікірде.

"42500 теңге төлем төтенше жағдай аяқталғанша азаматтығы жоқ немесе елде тұрақты тұрып жатқан шетел азаматтарына да төленуі керек. Біз Қазақстан азаматтарына теңестірілгенбіз. Қазақстандықтар қатарлы міндеттемелеріміз бар. Тек сайлауда дауыс бере алмаймыз, жер сатып ала алмаймыз. Бірақ біз де карантин кесірінен табысымыздан айырылып отырмыз", – деп дәйектейді ол.

Айта кету керек, мемлекетіміз онсыз да шетелдіктерді қолдап жатыр. Үкімет қаулыларына өзгеріс енгізілді: егер еліміздегі ресейліктер және басқа да шетел азаматтары коронавирустық инфекцияға немесе өзге ауруға шалдықса, онда олар енді бюджет және МӘМС аясында емделеді. Осылайша, шетелдіктер де қиындықпен жалғыз қалмайды. Салыстыру үшін айтсақ, Ресей және әлемдегі біраз мемлекет шекарада өзге ел азаматтарын тексеріп, "аты жаман ауруы" анықталса, кері қайтарады. Солтүстік көрші өз жерінде АИТВ жұқтырған қазақстандықтарды елге депортациялайтыны да мәлім.

Бұдан бөлек, шетелде қалған азаматтарымыз биліктің бас ауруына айналды. Біраз турист, студент, кәсіпкер өз бетінше елге қайтуға мүмкіндігі болғанымен, қалтасынан қаржы шығармай, мемлекеттің өзі эвакуацияласын деп табандап отыр. Тіпті арнайы рейс аттандырғанда оған әдейі келмей қалып, енді қайтара жіберуді сұрайтындар табылады.

Елорда тұрғыны Асқат сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіден Германияға арнайы ұшақ жіберуді сұрайды. Оның жиен қарындасы Айлана Берлиндегі халықаралық мектепте оқиды екен. 

"Ол сәуірдің басына дейін сонда қалуына мәжбүр болды, себебі IB емтиханын күтті. Қазіргі кезде оқудан босады. Жатақханада тұрып жатыр. Елге оралуға әзір", – дейді ол.

Германиядағы дипломаттарымыз оның жағдайымен таныс болып шықты. Үнемі байланыста. Министр Мұхтар Тілеуберді Германиядан қазақстандықтарды эвакуациялау үшін сондағы елшілікпен байланысты үзбеуді өтінді. Неміс еліндегі консулымыз Мұрат Закирьяновтың телефон нөмірлері барлығына таратылған көрінеді.

Бүгінде ерінбегеннің бәрі билікті сынайды. Әрине, ол сынға шенеуніктердің өздері себепті молынан ұсынады. Бірақ ел басына күн туған, жаһандық пандемия жайлаған күрделі шақта азаматтар да жауапкершілік танытқаны жөн. Әсіресе, өз отбасын асырай алмай, өз ісін жайната алмай отырып мемлекетке жөн көрсететіндердің тірлігі тіпті сорақы. Бар кінәні басқадан іздеу, бүкіл айыпты өзгеге жабу оңай.

Сарапшы не дейді?

Еліміздің белгілі әлеуметтанушысы Наталья Рудица дағдарыс тұсында масылдық психология өршіп кететіне назар аудартады.

"Жалпы, юриспруденцияда біреудің асырауындағы адам (иждивенец, масыл) деп, мүгедектік тобы бар, еңбекке қабілетсіз адам саналады. Яғни, ондай адамдар Үкімет қамқорлығында болуы тиіс. Өйткені олар үшін мемлекет беретін жәрдемақы – тіршілік етудің жалғыз көзі. Алайда әлеуметтік бағдарланған мемлекеттер бұл қатарды әлеуметтік аз қамтылғандар дегенмен кеңейтті", – дейді ол.

Сөйтіп, ол қатарға көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және басқасы қосылды. Олардың көбінің аяқ-қолы балғадай, денсаулығы еңбек етуге жарамды. Бірақ олар мемлекеттің жан-жақты көмегін жеткілікті бағалап отыр ма?

Әлеуметтанушының байламынша, мемлекет осы көмек арқылы осал топтардың еңсесін тіктеп, өз бетімен күн көретін жағдайға жеткізіп салайын деп ойлауы мүмкін.

"Алайда әлеуметтік масылдыққа салынған адам қоғам мен мемлекет есебінен өзін ары қарай қамтамасыз етуге ұмтыла түседі. Бұл оның өмір салтына айналады. Санасы өзгереді. Мінез-құлқы да соған бейімделеді. Мысалы, бұрын бұйығы, ұялшақ, сабырлы адам болса, кейін оңай табыс әкелетінін түсініп, даушыл, айқайшыл, әпербақанға айналып шыға келуі ықтимал. Бұл қоғамдағы кедейшілік пен әлеуметтік теңсіздік секілді құбылыстармен қатар жүреді. Сондықтан масылдар өз әрекетін ұлттық байлықтың қоғамда әділетсіз бөлінгенімен, биліктегілердің жемқорлығымен түсіндіруге тырысады. Мен алмасам, бюджет қаржысын бәрібір басқасы ұрлайды дейді. Жалпы, бұл феноменді зерттеуге көп мән берілмейді. Шынында, масылдық – мемлекеттілік пен әлеуметтік институттарды күйретуші қауіпті құбылыс", – дейді Н.Рудица.

Осыдан тура жүз жылдай бұрын большевиктер масылдар тобына, "шолақ белсенділерге" сүйеніп, елге көп апат әкелгенін адамдар естен шығармағаны жөн.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу