Еліміздегі барлық режиссерлар, актер-актрисалар төл мерекесін – "Қазақ киносының күнін" атап өтті. Дегенмен, ешқайсысының көңілі көтеріңкі, кеудесі шаттыққа толы емес: бюджеттен ағындаған миллиардтар тоқтады. Пандемия кинотеатрларды жаппай жапты. Бұрынғыдай ел қаржысына түкке тұрмайтын туындыны, былдыр-батпақ, былжыраған былшылды, құнсыз киносымақты түсіре салып, еш сұраныс болмағасын мұрағаттың қалың шаң басқан сөресіне тастай салып, қалтаны ақшаға толтырып кете баратын заман өтті. Енді фильм түсіру үшін оның бір бөлігін өзің қаржыландырасың, яғни оның кейін көрерменге ұнап, табыс әкелуі, шығынды өтеуі үшін жауапкершілікті бөлісесің.
Осы ақша бөлістің басы-қасында жүрген, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы, режиссер, продюсер Гүлнара Сәрсенова да биылғы жылы өзінің және барлық әріптесінің басына қиыншылықтар мен сынақтар түскенін мойындайды.
"1941 жылы 12 қыркүйекте хроникалы фильмдер негізінде Алматы кинематографиялық студиясын құру туралы ҚазКСР Үкіметінің қаулысы шыққан. Осылайша, қазақстандық кино саласының тарихы басталды. 2005 жылы кинематография қайраткері Бауыржан Нөгербек осы күнді "Қазақ киносының күні" деп атауды ұсынды. Осы 15 жыл ішінде қандай үлкен жолды жүріп өткенімізге назар аударғым келеді: отандық режиссерлар, актерлер мен продюсерлер өз картиналарымен "А" санатындағы барлық фестивальдерге қатысты, бірінші рет "Оскар" сыйлығының номинациясына ие болдық (жай ғана номинация, "Оскар" алған жоқ – авт.). Ең бастысы, біздің көрермендер қазақ киносын сүйсініп көре бастады", – дейді ол.
Оның айтуынша, 2005 жылы Қазақстанда бар-жоғы 2–3 картина өндірілсе, қазіргі таңда жылына 50 толықметражды ойын фильмдері шығарылады. Оның дерегінше, қысқа метражды, деректі және көпсериялы фильмдердің санын есептеу тіпті мүмкін емес екен.
"Ел тарихындағы ең қиын кезеңді бастап өткізіп жатқан қазақстандық кинотеатрларды қолдау мақсатында, жеке сөз арнағым келеді. Біз осы дағдарыстан бірге шығып, залдарыңызда көрермендермен қайта қауышу үшін бар күшімізді салуға уәде береміз. Карантин аяқталған соң ұзақ уақыт үйде оқшауланған қазақстандықтар барғысы келетін мәдени шаралардың ішінде кинотеатр бірінші орында. Көрерменнің бұл тілегін ақтауымыз қажет, себебі, жақсы фильм үміт пен махаббат сыйлап, армандауды және бақытты болуды үйретеді", – деді Гүлнара Сәрсенова.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова режиссерлердің пафосына ортақтаспады. Ол киноға жұмсалатын ел қаржысын бақылау тек күшейе беретініне назар аудартты. Жаңа заңға сәйкес, бүгінде кез келген киножобаны мемлекеттік қаржыландыру туралы шешімді енді "Қазақфильм" немесе министрлік жеке, жалғыз қабылдамайды. Бұл үшін жоба міндетті түрде Сарапшылар кеңесінің оң қортындысын және Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның рекомендациясын алуы міндет.
Комиссия Үкімет жанынан құрылған. Ал Сарапшылар кеңесі Ұлттық киноны қолдау меморталығында жұмыс істейді және оның құрамына режиссерлар, киносарапшылар, Президент әкімшілігінің өкілдері кіреді.
Бұл меморталық – киножобаларға бюджеттен қаржыландыруды ұсынатын бірыңғай оператор. Ол болашақта Голливудпен, өзге елдердің студияларымен ынтымақтастық орнатып, оларға елімізде кино түсіруге көмектеседі деп күтілуде.
"Қазақстанда шетелдік киноөндірушілердің шығынын субсидиялау тетігі енгізіліп жатыр. Оны кәсіби тілде рибейт деп атайды. Осы саладағы барлық озық елдер аталған құралды белсенді қолданады және өзінде фильм түсіретін әлемдік киноөндірушілерді қолдайды. Мысалы, АҚШ шетелдік киноөндірушінің осы елде кино түсіруге кеткен шығынының 30%-ын, Батыс және Шығыс Еуропаның кейбір мемлекетінде, Ресейде, Германияда, Аустрияда – 20-25%-ын, Жаңа Зеландияда – 40%-ын, ал Румынияда – 45%-ын өтейді, салықтық жеңілдіктер береді, артықшылықтар ұсынады. Осының арқасында Венгрия, Румыния, Чехия, Хорватия, Эстония, Өзбекстан секілді елдер инвесторлар мен ірі өндірушілерді өзіне қуатты тартуда: олар осы елдерге өз капиталын салады, жаңа жұмыс орындарын ашады, жаңа технологияларды әкеледі, инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді", – дейді А.Райымқұлова.
Бұл мемлекеттің имиджіне жақсы әсер етеді, фильм арқылы әлемдік қоғамдастық оны тани түседі. Кинематография саласы серпінді дамиды. Мәселен, бүкіл дүниежүзі туризм саласында Орталық Азияда Өзбекстанды бізден жақсырақ біледі.
"Қағидаларға сәйкес, шетелдік киноөндіруші фильмді немесе оның бір бөлігін, эпизодын түсіру үшін қажетті тауарларды Қазақстанда сатып алса, қазақстандық азаматтар мен бизнесмендердің қызметіне жүгінсе, жұмысты солар орындаса ғана оған субсидия төленетін болады. Сөйтіп, шетелдік кинокомпаниялар фильм өндірісіне біздің азаматтар мен компанияларды тартады", – деген сенімде министр ханым.
Ол енді дебюттік фильмдерге, яғни жас режиссерларға және балалар фильмдеріне басымдық берілетінін мәлімдеді. Кәрі режиссерлар бюджет есебінен байып болса керек.
"Бұл өз еңбек жолын жаңа бастаған кинорежиссерларға мемлекеттен қаржылай көмек алуға мүмкіндік береді. Бірақ барлық бірдей киноның шығынын бюджет өз мойнына толық алмайды. Біріншіден, тек әлеуметтік маңызды фильмдер, дебюттік фильмдер, оқиға-фильмдердің ғана сметалық құнының 100%-ын мемлекет көтереді. Екіншіден, бірлескен өндірістегі фильмдерде мемлекеттік қаржыландыру көлемі тиісті келісімде көрсетілген көлемде болады. Үшіншіден, көрермендердің кең аудиториясына арналған ойын-сауық фильмдеріндегі мемлекеттік қаражат көлемі 2019 жылы 90%-ға дейін кемітілді. Биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап 80%-ға дейін азайтылды. Ал 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ол сметалық құнның 70%-ынан аса алмайтын болады, одан да аз болуы мүмкін", – деді мәдениет және спорт министрі.
Ол Қазақстанда шығарылған фильмдерді бір жүйеге келтіру және бірыңғай есепке алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Осы мақсатта Фильмдерді мониторингтеудің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ФМБААЖ) құрылуда. Ол 2021 жылдың басында іске қосылады. Бұл жүйе Қазақстан аумағында прокатка шыққан әрбір фильм бойынша толыққанды ақпараттың ұсынылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ нақты фильмге нақты қанша билет сатылғанын да енді осы жүйеден білетін боламыз", – деді министр Ақтоты Райымқұлова.
Жанат Ардақ