"ArcelorMittal" халықтан жиналған 750 вагон металды қабылдамай отыр

7068

Елімізде 100 мың адам металл теріп күнелтіп жүр. 

"ArcelorMittal" халықтан жиналған 750 вагон металды қабылдамай отыр

Металл сынығының экспортына тыйым салу елдегі қара металл қалдықтарының бағасын түсіріп, 100 мың адамды нәпақадан айырады. Қайталама металлургия өнеркәсіп иелерінің одағы БАҚ өкілдерін жинап, осындай мәлімдеме жасады. Төрт жыл бұрын осындай тыйым енгізіліп, кейін қайта күшін жойған болатын. Халықтан металл сынықтарын жинап, оны сыртқа сатумен айналысатын компаниялар сол тыйымның қайта күшіне енуіне  қарсы. Олар мұндай шетін шараға "ArcelorMittal" бастаған металлургиялық компаниялар мүдделі болып отыр деп есептейді.

"Қара және түсті метал сынығының экспортына тыйым салынбақшы. Бұл мәселенің әлемдік дағдарыстың жаңа толқыны басталып жатқанда талқыланып жатуының өзі орынсыз. Қазақстан да осы әлемнің бір бөлшегі болғандықтан, аталмыш дағдарыстан қорғану үшін керек. Мемлекет басшысы 9 наурыздағы шұғыл жиында да тапсырма беріп, жұмыс орындарын сақтауды қатаң тапсырған болатын. Біздің елімізде жыл сайын 5 млн тонна металл сынығы қордаланады. Ал өз ішіміздегі металл сынығын тұтыну деңгейі 1,7 млн тонна ғана. Сонда экспорттық әлеуетіміз орасан деген сөз. Металл сынығын бізде жұмысы жоқ қарапайым тұрғындар жинайды. Олардың қазіргі саны 100 мыңға жетеді. Егер тыйым күшіне енсе, осы халық нәпақадан айырылады. Кейбірі көлеңкелі кәсіпке көшіп, қылмысқа араласуы мүмкін", – дейді қауымдастық төрағасы Владимир Дворецкий.

Одақ төрағасы металл сынығының нарығында көлеңкелі ұйымдардың көп екенін жасырмады. Елдегі 7000 метал қабылдау пунктінің 90 пайызы тасада жұмыс істеп отырған көрінеді. Қауымдастықтың атына осы мәнде көп сын айтылатыны да белгілі.

"Егер мемлекет экспортқа әрі қарай да рұқсат берсе, осы көлеңкедегі пунктердің бәрін нарық бетіне шығарып, темір-терсек теріп өзін асырап жүрген тұлғалардың атынан салық пен зейнетақы төлемдерін, міндетті медициналық жарна аударатын боламыз. Бұл әлемдік практикада бар. Агенттік салық деген термин де бар. Ол үшін біздегі зейнетақы мен медициналық сақтандыру төлемдерін реттейтін қосымша актілер енгізсек болды", – дейді ол.

Металл қалдығын сатушылар экспорттың бұл түріне тыйым салу көпе-көрнеу лобби деген пікір айтты.

"Төрт жыл тыйым болған кездің тәжірибесі бар. Тыйым салынса, елдегі металлургия өндірісі артады деген болатын. Керісінше, кемітіп жіберді. Металл сынығын жинау 3 есе азайды. Мұның бәрі өкілетті органға белгілі. Бірақ металлургтердің айтқанынан шыға алмай отыр. 4 жыл тыйым болған кезде біз 4 млн тонна металл сынығын кәдеге жаратпай тастадық. Қазір бір тонна металл сынығының бағасы 100 мың теңге болады. Сонда 400 млрд теңге экономикаға түспеген. Сонда мұны кім лобби жасап отыр, кім оны орындап отыр деген сұрақ туындайды", - дейді Владимир Дворецкий.

Қазақстанда шамамен 150-250 млн тонна металл қоры бар екен. Әлемдік тәжірибеде соның 3,5 пайызы жарамсыз күйге түсіп, қалдық пен сыныққа айналатын көрінеді. Осы есеппен алсақ, жылына 5 млн тонна металл сынығы қордаланады. Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, экспортқа қарсы болып отырған  "ArcelorMittal", "KSP Steel", "Кастинг", "Шымкент-Темір" компаниялары қазір экспорттан артылған сынықтардың өзін игеріп әкете алмай отырған көрінеді.

"Тыйым салсақ, металл теріп жүрген адамдардың жағдайы не болады? Металлургтер бағаны түсіріп жібереді. Оның әсері тізбек бойынша қарапайым терушілерге жетеді. Олар ай  сайын шамамен 70-100 мың теңге тауып жүр. Оның өзі ілдебайлап күн көруге ғана жетеді. Сонда ірі кәсіпорындар халыққа "сендер бұрынғыдан 20 мың теңге аз ала тұрыңдар, ал біз миллиардтарымызды көбейтіп алайық деп отыр", - дегенді де айтты.

Ақтөбелік металл сатумен айналысатын саудагерлердің атынан сөйлеген Асқар Бейсенғалиев экспортқа қарсы болып отырған металлургиялық компаниялар өз ішімізде шикізат жетпейді деген сылтау айтқанымен, оны негізсіз деп отыр.

"Бұл зауыттар пойызбен жеткізіп берген металды уақтылы түсіре алмайды. Ал ақшасын 3 айға дейін кешіктіреді. Мысалы, "ArcelorMittal" компаниясына жөнелтілген 750 вагон қазір стансаларда қаңтарылып тұр. Олар "ҚТЖ" басшылығына хат жазып, аталмыш вагондардың жүгін түсіруге тыйым салу керектігін мәлімдепті. Себебін сұраса, қабылдап үлгермей жатырмыз деген. Осыдан-ақ біздегі металлургиялық компанияларға біздің өнім қаншалықты қажет екенін көруге болады. Мұнай бағасымен бірге металл сынығының құны да құлдырап кетті. Қазір елдегі металл сынығының бір тоннасы 60 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал экспорт бағасы бұдан жоғары. Ақтөбедегі темір сатушыларға сонау батыстан Теміртауға дейін пойыз жалдап тасу тиімсіз. Сол себепті экспорт тоқтатылмауы керек. Әйтпесе, өңірде жұмыссыздық көбейіп, қылмыс артып, экология нашарлай береді", - дейді ақтөбелік кәсіпкер.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу