Металдар сынығына қатысты дау қайта ушықты

2980

"Камаздармен" "лом" тасуға тыйым салынуы мүмкін.  

Металдар сынығына қатысты дау қайта ушықты

Қазақстанда метал сынықтарын жинау және қабылдау секторы дағдарыс құрдымына батуын жалғастыруда. 2020 жылғы 4 мамырда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың осы салада жұмыс істейтін заңды тұлғаларға талаптар белгілейтін №266 бұйрығы қабылданды. Құжатқа сәйкес, оларға электр сымдарын, тоқ бағаналарын, трансформаторларды, байланыс кабельдерін, рельстерді, вагон-локомотивтер элементтерін, канализациялық люк қақпақтарын, сондай-ақ аспаннан құлаған зымыран сынықтарын қабылдауға жол берілмейді.

Қазіргі уақытта метал сынықтарын, қара және түсті метал қалдықтарын Қазақстан аумағынан шетелге әкетуге тыйым салынған. Индустрия, Ұлттық экономика, Қаржы министрлерінің бірлескен бұйрығымен енгізілген бұл шектеу 2020 жылғы 18 қарашаға дейін күшінде болады.

Алайда кейбір алпауыттар алдынан шекара ашылуы мүмкін екен. Мұнай-газ үшін тігіссіз болат құбырлар өндіретін отандық тұңғыш кәсіпорын саналатын "KSP Steel" ірі көлемде қара металды Ресейге сатуға рұқсат сұрап, Үкіметке жүгінді.

"Өндіріс барысында біздің кәсіпорында 20 мың тонна көлемінде отқабыршақ (окалина: қызған метал бетінде пайда болатын қақ) қордаланып қалды. Ол қара метал сынығына жатады. Оны кәдеге жаратуға не технологиялық процесте пайдалануға тиіспіз. Бірақ біздің технологиямыз оны қайталай қолдануға мүмкіндік бермейді. Біз ресейлік нарыққа шықтық және "ООО "СеверСтроймен" (жауапкершілігі шектеулі қоғам) биылғы шілде айында келісімге отырдық. Ол осы шикізатымызды сатып алуға қызығушылық білдіруде. Ресейлік компания металдарды өңдеумен айналысады және өз өндірісінде отқабыршақты қолданады", – деп жазады "KSP Steel" ЖШС өз хатында.

Кәсіпорын егер Үкімет рұқсат етсе, орасан көлемдегі осы қара метал сынығын биылғы қазан айына дейінгі аралықта Ресей Федерациясына жөнелтуді жоспарлауда. Контракт сомасы жария етілмеді.

Салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов бұған қарсылық жоқтығын білдірді.

"Біздің министрлік "KSP Steel" компаниясының отқабыршақты Ресейге экспорттауы мәселесін қарауға дайын. Өйткені бұл тауарға Қазақстанның ішкі нарығында сұраныс жоқ. Ұсынысты қараудың нәтижелері және қабылданған шешім компанияға қосымша хабарланатын болады", – деді министр.

Заңды бизнес не сұрайды?

Сектордағы белгілі компаниялардың бірі "ААА-Шын Нұр Астана" салада қалыптасқан басқа бір мәселеге назар аудартты.

"Метал сынықтарын, қара және түсті метал қалдықтарын жинау, сақтау және өткізу бойынша қызметті атқара жүріп, біз әртүрлі проблемаларға жиі жолыға бастадық. Құзырлы меморгандардың араласуынсыз түйткіл шешілмейтін түрі бар. Әйтпесе, заңсыздық шетсіз-шексіз жалғаса береді, мемлекет те шығынға отырады. Мәселен, метал сынықтары мен қалдықтарын қабылдайтын көптеген орын барлық өңірде заңсыз жұмыс істеуде. Олар бюджетке ешқандай салық төлемейді, өз жұмыскерлері үшін міндетті жарналарды аудармайды. Ал табатын табысы қомақты, ақша айналымы жақсы. Бұларда ең қарапайым кассалық аппараттар да қойылмаған. Демек, метал сынықтары мен қалдықтарын әкелетін азаматтармен арадағы мәмілелерінде еш мөлдірлік жоқ", – дейді оның басшысы Асылбек Солдатбекұлы.

Заңды кәсіпкерлердің айтуынша, бүгінде негізгі проблема – метал сынықтарының қаладан автокөлікпен, негізінен "Камаздармен" әкетілуінде болып отыр. Металдар қалдығын бұлайша жөнелту мемлекеттік баж салықтарын төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді екен.

Салыстыру үшін айтсақ, егер метал сынықтары, қара және түсті метал қалдықтары ел ішінде, бір қаладан екіншісіне теміржол көлігімен тасылса, оны Мемкірістер комитеті бақылауда ұстайды. Ал жүк машиналарымен әрлі-берлі тасымалданса, бақылаудан тыс қалады. 

"Бұған қоса, ауыр жүк көлігіне метал тиелсе, оның габариті мен салмағы рұқсат етілген нормадан асып кетеді, мұны да қатаң бақылап жатқан билік жоқ. Салдарынан олар жол жабынғысын бүлдіреді, жаңа трассаларды тез іске алғысыз етеді. Метал қалдығы үлкен көлемде "көлеңкеге" кетіп жатқандықтан біз шығынға батып жатырмыз. Қабылданатын "лом" көлемі азайды. Жұмысшыларымыз қиын шақта жұмыссыз отыр. Біз оларды қысқартуға мәжбүрміз. Олардың әрқайсысының асырап отырған отбасы бар. Оның үстіне заңсыз қабылдау орындары адал бәсекелестік ережелерін бұзады, нарықтағы бағаны өздерінше құбылтады", – дейді елордалық компания басшысы.

Осыған байланысты нарықтағы адал кәсіпорындар шикізаттың реттеуден тыс тасымалына тосқауыл қою, "көлеңкелі" нарыққа жойқын соққы беру үшін бірнеше шара қабылдауды ұсынады.

Біріншіден, олардың байламынша, "KSP Steel" ЖШС, "Кастинг" ЖШС секілді ірі компанияларды тек теміржолмен тасылған метал сынықтары мен қалдықтарын ғана қабылдауға міндеттеуді өтінеді. Бұл істе "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ы үлгі етілді. Жалпы, Алматыда – "КазФерроСталь" ЖШС, Шымкентте – "Shymkent Temir" ЖШС және "Феррум фтор" ЖШС, өзге де қазақстандық зауыттар осы шикізатты тек теміржолдан қабылдауды ұйымдастыруға көшуге тиіс көрінеді. Бұл үшін министрліктердің бұйрығы қажет. Нәтижесінде, метал сынықтарын қабылдау және сату бойынша ашық операциялар ауқымы артады, қалалар мен ауылдардан метал сынықтарын заңсыз әкету доғарылады.

Екіншіден, ИИДМ-нің Автомобиль жолдары және Көлік комитеттеріне, әкімдіктермен бірлесіп, қалалардан "ломның" автокөліктермен тасылуына тыйым салуды ұсынады. Сала толық бақылауға алынуы үшін тасымал жалғыз теміржол көлігінің еншісіне қалуға тиіс екен. Бұдан бюджетке молырақ алым-салық түседі, шығынға батып жатқан "ҚТЖ" кірісі ұлғаяды. Алайда осы істе монополиске айналғасын ұлттық компания жүк тасымалы тарифін көтеріп жібермесе болды. Онда заңды бизнесмендер де зардап шегіп, саланың күйзелісі тек күшейе түспек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу