Металл сынығын шетелге шығаруға тыйым салынады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5937

Үкімет қара және түсті металдардың сынығы мен қалдықтарын шетелге шығаруға екі жылға тосқауыл қоятын болды.

Металл сынығын шетелге шығаруға тыйым салынады

Инвестициялар және даму министрлігі "Қара және түсті металдар сынығы мен қалдықтарын әкетуге қатысты кейбір мәселелер туралы" бұйрық жобасын жариялады. Бұл құжат осы салаға жауапты инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың және қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың бірлескен бұйрығы көрінеді.

Сонымен бірге оның "Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі туралы" заңының 22-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына және 6-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сай келетіні айтылған.

Құжатта "Қазақстан аумағынан екі жыл мерзімге қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауарлық номенклатурасының коды 7204, 7404 00, 7602 00, 8548 10 210 0, 8548 10 290 0, 8548 10 910 0), сондай-ақ бұрын қолданыста болған және өз ресурсын тауысқан құбырларды, рельстерді, теміржол төсемдері мен жылжымалы құрамның элементтерін (ЕЭО СЭҚ ТН кодтары 7302, 7303, 7304, 7305, 7306, 8607) автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынсын" делінген.

Мораторийден тек "легирленген болаттың қалдықтары мен сынықтары, оның ішінде тотығуға төзімді болат (ЕЭО СЭҚ ТН кодтары 7204 21 1 00 0, 7204 21 900 0) және өзгелері (коды 7204 29 000 0)" ғана босатылады.

Бұл бұйрықтың орындалуын қамтамасыз ету әдеттегідей жалғыз емес, бірден екі ведомствоға – инвестициялар және даму министрлігінің индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті мен қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне жүктеледі. Ал мораторийдің енгізілгені жөнінде көлік-тасымал саласы жан-жақты хабардар болуы және тыйым салынған тауарды сыртқа заңсыз тасымауы үшін осы екі орган көлік комитетімен бірлесіп, құжатты жүзеге асыру бойынша өзара әрекет тәртібін анықтауға және үйлесімді түрде қимылдауға міндетті.

Ақыр соңында, "осы бұйрықтың орындалуын бақылауға және сәйкес бағыттары бойынша жетекшілік етуге" ұлттық экономика, инвестициялар және даму, қаржы министрліктерінен бір-бірден вице-министр бөлінбек.

Бұл нормативтiк құқықтық актiнiң не себепті қабылданатынына түсініктеме берген инвестициялар және даму министрлігі оның біріншіден, "ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз ету", екіншіден, "метал сынығы мен қалдықтарын қабылдайтын пунктерді, олардағы жұмыс орындарын, "көлеңкелі" айналымдарын заңдастыру", үшіншіден, "салықтық алымдардың түсуін толықтыру" үшін қажет екенін алға тартады.

Бұдан бөлек ведомство "осы нормативтiк құқықтық актіні қабылдау республикалық немесе жергiлiктi бюджет шығыстарының ұлғаюына соқтырмайтынын" мәлім етті. Құжат жобасы үш министрлік арасында өзара келісу рәсімдерінен өткізілген көрінеді.

Қара және түсті металл сынықтарын сыртқа сатуға мораторий ел тарихында бұған дейін де енгізілген. Бірақ ол мерзім әдетте жарты жылды, әрі кетсе, бір жылды ғана қамтитын. Осы жолы ел үкіметі бұл экспорт түрін бірден екі жылға "қатырып" тастағалы отыр.

Министрліктің түсіндіруінше, мұндай бұйрық нарықта қалыптасып отырған жағдайға жүргізілген талдау нәтижесінде туындапты. Өйткені Қазақстанда жиналатын металл сынықтары мен қалдықтары Қытай мен Ресейге тасылатындықтан отандық өндірушілерге "металлолом" жетпей қалып, олардың толық қуаттылыққа жүктелмеу және өсу бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізбей қалу қаупі туындаған.

Бірақ мұны әрине, металл сынықтарымен айналысатын бизнес өкілдері құптамайды. Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағының төрағасы Владимир Дворецкий тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақытында Қазақстанда метал сынықтарына қатысты дәл осындай тыйым салу шаралары 8 рет енгізілгенін айтады.

"Бізде жиналатын қара метал сынықтары ішкі тұтыныстан бірнеше есе асып түседі. Ал кейбір метал сынықтарының түрлері елімізде өңделмейді де. Демек сыртқа шығаруға шектеу енгізу бұл өнімге деген ішкі нарықтағы бағалардың төмендеуіне соқтырады. Өйткені біздің металлургиялық зауыттар оларды қабылдап алу бағасын арзандатады. Тиісінше кәсіпкерлер табысын жоғалтады, олар енді тыйым енгізілгенге дейінгі көлемде өнімін сата алмайды. Біздіңше, бұл металлургтердің мүдделерін ілгерілету болса керек. Олар метал сынықтарын сатып алуда ақшаларын үнемдегісі келеді", – дейді ол.

Владимир Дворецкий Қазақстанның өзіне қанша көлемде қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарының керектігі және шетелдік нарыққа қанша сатуға болатыны осыдан он жыл бұрын басы ашылған мәселе екенін алға тартады.

"Он жыл бойы сала 3-тен 3,5 миллион тоннаға дейін осындай сынықтар мен қалдықтарды жинап келеді. Ал ішкі тұтыныс 1,5 миллион тонна ғана. Осы кезге дейін сегіз рет енгізілген тыйым салуға қарамастан, біз салық кодексіне қатысты үлкен өзгерістер жасауға қол жеткізе алдық. Сол шаралардың өзі бұл саланы толығымен заңдастыруға, металл сынықтары мен қалдықтары ағынын "көлеңкеден" күнгейге шығаруға, ең бастысы 100 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамды заңды негізде кәсіпкер ретінде тіркеуге мүмкіндік береді", – деген пікірде қайталама металлургия өнеркәсіпшілері одағының төрағасы.

Сала мамандары тыйым салулармен мәселе шешілмейтініне сенімді.

"Атамекен" КҰП қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің байламдарын құптайды.

"Бұл мәселе әртүрлі диалог алаңдарында әлденеше рет көтерілді. Кәсіпкерлер палатасы Қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің одағы ұсынған, метал сынықтары мен қалдықтарын сатумен және тасумен айналысатын, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты заңдастыруға, саладағы барлық субъектілерді "көлеңкеден" шығаруға бағытталған заңнамалық бастамаларын қолдайды. Бұл шаралар металлургиялық зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуге, халықтың өмір сапасын жақсартуға, бюджетке түсер кірісті арттыруға ықпал етуге тиіс. Оның үстіне бұл саланың тұрақты жұмыс жасауына да жол ашар еді", – деп қысқа қайырды "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов.

Ал кейбір сарапшылар метал сынықтарының шетелге кетуіне шектеу қоюды қолдайды.

Сарапшы Олег Дергачев шамамен миллион тонна метал сынығы заңсыз түрде Ресейге және басқа да елдерге жеткізілетінін айтады.

"Нәтижесінде, бұл елдер біздің қара және түрлі-түсті металдарды қайта өңдеуден қыруар пайда табады. Бұдан қазақстандық металлургиялық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Бізде жиналатын метал сынықтары сыртқа арзанға кетіп, солтүстік көршіде жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Олардың зауыттары арзан метал сынықтарымен қамтамасыз етіліп, одан жасалатын арзан металл бұйымдары біздің нарыққа ағылады, қазақстандық нарықтағы жағдайды күрделендіреді", – дейді ол.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу