Археологтар 20 мәйітті қайта жерлеген

3383

Атырауда Сарайшық қорымындағы зерттеу жұмыстарына байланысты дау туды.  

Археологтар 20 мәйітті қайта жерлеген

Бір топ тұрғын мәйіттерді қайта жерлеуге қарсылық білдірді, – деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айта кетейік, қазақтың жеті ханы жерленген Сарайшықтағы"хан моласы" деп аталатын орында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ресей дерекқорынан табылған тарихи сызбаларға сәйкес болжам бойынша, бұл жерде Қасым ханның қабірі болуы мүмкін

"Қазіргі күні қабірхананың іргесі толық ашылды, оның көлемі - 4х4 м. Алайда ондағы қаңқалар шашылған, қабірхана тоналған. Әрі кейінгі жылдары қайтыс болған адамдар қабірхана үстіне жерленіп кеткен. Бұл мәйіттер былтырғы жылы кең көлемді қазба жүргізуге кедергі келтірген еді. Сондықтан биыл оларды басқа зиратқа қайта жерледі. Ол облыстық, аудандық, жергілікті әкімдіктің атсалысуымен, ауыл имамының қатысуымен өтті",– дейді "Сарайшық" музей-қорығының археологы Айбек Тұрарұлы.

Белгілі болғандай, қазіргі күні 20 мәйіт қайта жерленген. "Әруақты сыйламады, мүрделерді шығарып тастады" деп шағымданған бір топ тұрғын бүгін елдімекен жанындағы археологиялық жұмыстар жүргізіліп жатқан орынға жиналған. Олар қазылған бейіттер санын көп деп есептейді.

"Бастапқыда құлпытасы орнатылған, жердің бетінде көрініп тұрған бейіттерді санап, 5-6 мүрдені көшіреміз деп болжағанымыз рас. Бірақ қазу барысында тағы да бірнеше мүрделер шығып, олардың жалпы саны 20-ға жетті. Біз олардың бәрін арулап қайта көмдік. Ал бұл кісілер біз жұмыс жасағалы шулап келеді, барлық деңгейдегі әкімдіктерге де шағымданды. Мұндай қадамға бармай, тарихи зерттеу жұмысын жүргізу мүмкін емес, соны түсінуіміз керек", дейді "Хан ордалы Сарайшық" музей қорығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Айбек Тұрарұлы.

Археологтар қазба жұмысын биылғы жазда аяқтамақ. Білгеніміз, ханға тиесілі қабірхананы ақсүйектік (элиталық) жерлеу ерекшеліктеріне қарап тануға болады.

Шариғат талаптарын сай, бұл кезеңдегі жер қойнына берілген мәйіттердің жанында ешқандай артық дүние жоқ. Бұдан бөлек, "хан моласында" нақты кімнің жерленгенін құлпытасқа қарап анықтауға болар еді, өкінішке қарай, ол да әзірге табыла қоймаған. 

Айбек Тұрарұлының айтуынша, ғалымдар қабірдің Қасым ханға тиесілі болуы мүмкін деген болжамға жайдан-жай келіп отырған жоқ. Бұл жерде Мырзағали Қаржауов деген зиялы адам жерленген. Оны 1937 жылы Қасым ханның қасына жерлегенін ұлы, қоғам қайраткері Шоқан Қаржауов естелігінде жазған. Мазардың орны 2020 жылғы қазба жұмыстары кезінде табылған. Ал 2017 жылы атыраулық тарихшылар Мәскеудегі архивтен Сарайшық қаласының 1861 жылғы сызбасын тапқан. Онда орыс офицері Алексей Алексеев "Хан моласы" (Ханская могила) туралы жазып, орнын картада белгілеген. Оған сүйенсек, бұл арада күмбезді, үш жағында терезесі, шығысында есігі бар, еңселі ғимарат болған. Табылған қабірханаға сол деректер негізінде зерттеу жүргізілуде. Алдағы кезде адам сүйектері зертханаларда терең зерттеуді қажет етеді.

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу