Арқалық миллиардтың мазутын маздатып отыр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
8785

Қостанай облысының тұрғындары коммуналдық мекемелерге 482 миллион теңге  қарыз. Ал қырық күннен кейін мазуттың былтырдан қалған қоры таусылады.   

Арқалық миллиардтың мазутын маздатып отыр

Торғай облысының орталығы кезінде дүрілдеп, жылу қазандығы гүрілдеп тұрған Арқалық кейін Қостанай облысына қарасты шағын шаһарға айналғанда жұрт жетім қыздың күйіне түсті.

Жыры бітпей келе жатқан  Арқалық-Шұбаркөл теміржол желісі 2014 жылы пайдалануға берілсе де, қала тұрғындары бұрынғыша мазутпен жылынып отыр. Ал салынғанына жарты ғасырдан асқан ескі жылу қазандығы жыл сайын жамалады.

"Республика бюджетінен 68 миллион теңге бөлініп, бүкіл жұмыс реттеліп қалды. Қазір ауа ысытқыш торабының жұмысы жүріп жатыр. Жабдықтары да, құбырлары да тозған жылу энергетикалық орталығының негізгі қорегі мазут екенін жақсы білесіздер. Бұл – Арқалық үшін қымбат отын", – дейді жергілікті жылу электр компаниясының өндіріс басшысы Нұрлан Әлин.

Қымбат отынның тасымалын қоса есептегенде  бір тоннасы 55 мың 976 теңгеге жетеді екен. Салдарынан  жылуға кететін шығын тұтынушылар жасап отырған төлеммен толық  өтелмейді. Мысалы бір жылдық отынға 1 миллиард 73 миллион теңге қажет болса, соның 634 миллионы мемлекеттен субсидия есебінде бөлінеді. Мұндай қайтарымсыз шығыннан құтылудың жалғыз жолы – қатты отынмен жанатын жылу орталығын салу екендігі 90-жылдардан бері айтылып келе жатыр. Бірақ...

"Мазут Атыраудың Ақжайық стансасынан тасымалданады.  Шұбаркөлдің көміріне көшетін болсақ, шығын азаяр еді.  Шұбаркөл Арқалықтан 215 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерден тасымалданатын көмірдің тоннасы қымбат дегеннің өзінде 10 мыңнан сәл асуы мүмкін.  Орта есеппен қаланың бір жылу маусымында 24-25 мың тонна мазут тұтынылады. Енді есептейік, қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін тоннасы 10 мың теңгеге көмір алған тиімді ме, әлде тоннасы 55 мың теңге тұратын мазут алған тиімді ме?" – дейді Арқалық жылу электр компаниясының директоры Амандық Әбішев.

Ал қала әкімі Амантай Балғариннің айтуынша, көмір арқылы жылу таратуы тиіс жаңа нысанның құны 6 миллиард теңгеге түскелі тұр. Мамандар оның техникалық, экономикалық зерттеулерін жасап жатқан көрінеді. Әйтпесе қазір ондағы мазутқа тәуелді тариф құны пәтердің әр шаршы метріне 132 теңге шамасында болып тұр. Егер Үкімет қорынан бөлініп тұратын қаржы болмаса, тариф 300 теңгеге дейін көтеріліп, 30 шаршы метр бір бөлмелі үйді жылытудың өзіне айына 10 мың теңгедей шығын кетеді. Ал қаланы көмірмен жылытар болса, бастапқы 132 теңгені Үкімет қаржысына иек артпай-ақ сақтап қалуға болады екен.

"Бізге диаметрі 800 мм құбырлар  да тиімсіз. Алайда қаланы жылытуды көмірге ауыстыру үшін қазандықты соған лайықтап қайта жасау керек. Бұл жұмыстың оңайлықпен жүзеге аспайтыны белгілі. Бұған қомақты қаржы қажет. Дәл қазір бізге үлкен қаржының бөлінбейтіні белгілі.

Қазір Арқалық жылу электр компаниясының отын сақтау орындарында 1 мың 448 тонна ғана мазут бар, қаланы қыс бойы толық жылумен қамтамасыз ету үшін тағы 23 мың тонна мазут қажет", – дейді қала әкімі Амантай Балғарин.

Таяуда жұмыс сапарымен аймақты аралаған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жергілікті әкімдікке жылу қазандықтарын тағы бір қарап, маусымға дайындықты дұрыстап пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ  ол жылу беру маусымына қатысты алқалы мәжілісінде тұрғындардың  қарызын да  өз етті. Айтуынша, Қостанай облысы тұрғындарының коммуналдық мекемелерге берешегі биыл 69 миллион теңгеге өсіп, барлығы 482 миллион теңгені құраған.

Қарыздың  73%-ы – жылу мекемесіне тиесілі.

Архимед Мұхамбетов өңірде борышкерлерден қарызды өндіріп алу үшін кешенді шаралар атқарылмайтынын сынады.  Облыс әкімінің сөзінше, тұтынушылар  қарыздарын қайтармаса жағдай дұрысталмайды.

Бүгінгі таңда Арқалықта былтырдан қалған отын қоры нақты 40 күнге ғана жетеді деген болжам бар. Қырық күннен соң қандай жағдай болатыны ешкім білмейді. Қалай болғанда да бұл жақсылықтың лебі емес.

Бұл туралы үкімет басшысына хат жолданып, Арқалыққа қосымша қаржы бөлу туралы мәселе көтерілді.

Қазір Арқалықтағы ағайын:  "Астанадағылар: "қырқына шыдағанда, қырық біріне де шыдамайсыңдар ма?" деп жүрмесе екен", –  деп алаңдап отыр.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу