Арман Шораев – "Халық барысында" қарапайым халық белдеседі

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5219

"Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қоры тыңнан түрен тартып, биыл тағы бір жаңа жобаны жүзеге асырғалы отыр.

Арман Шораев – "Халық барысында" қарапайым халық белдеседі

Қазақ күресінің мәртебесін көтеріп, боз кілемдегі ұлттық өнерімізді жандандырып, абыройын асқақтата түскен іскер азаматтар биыл тағы бір тың жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр екен. Осыған орай, "Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораевпен сұхбаттасқан едік.

– Арман Төлегенұлы, кейбіреулер биылғы жаңа жобаларыңызды "Қазақстан барысымен" шатастырып жүрген де сияқты. Жыл сайын қазақ күресіне соны серпін, тың бастама қосып жүргендеріңізді білеміз. Биылғыларыңыз мүлде өзгеше сияқты ма?

– Биыл "Халық барысы" деп аталатын спорттық жаңа жобаны қолға алып отырмыз. Белдесуден әуесқойлар, яғни қарапайым халық арасында ерекше турнир ұйымдастырамыз. Біріншіден, бұл турнирдің қазақ күресінен емес, белдесу өнерінен өтетіндігіне көңіл аударғым келеді. Ұмытыла бастаған осы өнерімізді тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және дәріптеу мақсатында жүзеге асырғалы отырмыз.

Ауызекі тілмен айтқанда, "белдесу" – қазақ күресінің бір тармағы. Мысалы, шығыс халықтарында, әсіресе жапондарда төл өнерлерінің бірнеше нұсқасы бар ғой. Сол секілді "белдесу" де ХХ ғасырға дейін қазақ халқының ұлттық күресінің бір түрі ретінде ел арасында кең тараған. Ерекшелігі, балуандар белдесуге шалбар киіп, белбеу тағып шығады, ал кеуделері жалаңаш болады. Содан соң, боз кілем үстінде емес, көк майса көгалда белдеседі. Ерте заманда, солтүстік өңірде белдескен ата-бабаларымыз аяқтарына етік киген.

Ата-бабамыздан мұра болып қалған осы белдесу өнерін біз заманға сай етіп, құлпыртып халыққа ұсынбақпыз. Қатысушылар балағы тобыққа дейін жететін қою күрең және қоңыр түсті шалбар киіп шығады. Екі балуанның біреуі көк, екіншісі қызыл түсті, жалпақтығы 8 см жұмсақ матадан жасалған белбеу тағады. Кеуделерін белуарға дейін жалаңаштап, көгал үстінде жалаң аяқ күреседі.

Өзіңіз білесіз, біз жыл сайын төрешілер мәселесін дұрыс жолға қоюмен арпалысып келеміз. Олардың қара қылды қақ жарған әділетті болуларын қалаймыз. Соған талпынып жүрміз. Ал бұл жерде, яғни белдесуде үш-ақ нәтиже болады. Олар – жеңіс, жеңіліс және итжығыс. Жауырыны ғана емес, басқа жері де, мәселен, тізесі, шынтағы, қолы жерге тисе, ол балуан жеңілген болып саналады. Құласа да, жығылса да, жеңілгені болып есептеледі. Мен бұл әділетті болады деп ойлаймын. Көрермендер де көріп отырады. Балуандардың өздері де бәрін біліп тұрады.

Балуандар тік тұрып күреседі. Белбеуден жоғары ұстауға болады. Белбеуден төмен ұстауға болмайды. Ауырту, тұншықтыру әдістерін қолдануға болмайды. Белдесу уақыты – 5 минут. Жеңіске жеткенін анықтау мүмкін болмаса, қосымша үш минут беріледі. Егер мұнда да екі балуан тең түссе, яғни бірін-бірі ала алмаса, онда екеуі де таразыға тартылып, салмағы жеңілдеуі жеңіске жеткен болып саналады.

– Түсінікті. Ал бұған кімдер қатысады. Кәсіби спортшылар да шыға ма? Мәселен, спорт шеберлері де кіріп кетпей ме?

– Жоқ. Бұл – тек әуесқойлар арасындағы турнир. Кәсіпқой спортшылар қатыстырылмайды. Былайша айтқанда, Айбек, Ұлан, Бейбіт, Мұхит және басқалары қатыспайды. Ел арасында күресуге ниет білдіргендердің бәрі қатысады. Еліміздің барлық өңірінен келіп, қатысуға болады. "Қазақстан Барысы" жобасында алдын-ала іріктеу сындары өткізілсе, "Халық Барысында" таза дала демократиясы болады.     

Бұл жобада кәмелетке толған, 18-ден 50 жасқа дейігі кез-келген Қазақстан азаматы өз бағын сынап көре алады. Басты шарт – осы. Тек 7 мамырға дейін тіркелу керек. Одан кейін тіркелуге болмайды. Белдесу олимпиадалық жүйемен өтеді. Жеңілген балуан турнирден шығып қалады. Жеңгені әрі қарай өтеді. Финалда жеңіске жеткен балуан "Халық Барысы" деген атаққа ие болады.

Жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Алматыдағы шаңғымен тұғырдан секіруге арналған, халықаралық деңгейдегі кешенде өтеді. 8 мамырда таңертеңнен бастап өткіземіз. Шамамен 1000-1500 балуан қатысады деп болжап отырмыз. Бір күннің ішінде, кешке дейін аяқтауымыз керек. Егер үлгермесек, қатысушылар көп болса, онда ертеңінде одан әрі жалғастырамыз.

– Биылғы "Қазақстан Барысының" іріктеу турнирлерін бастап кетіпсіздер. Жақында 2018 жылғы "Әскер Барысын" анықтапсыздар. Жалпы, осы турнирге кімдер қатысады, тек сарбаздар ма?

– Тек сарбаздар емес, тек Қорғаныс министрлігінің өкілдері емес, басқа да әлеуетті құрылымдардың балуандары қатысады. Мәселен, ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері, Мемлекеттік күзет қызметкерлері, өртсөндірушілер, оққағарлар және басқалары.

Жақында ғана Шымкентте "Әскер Барысы" жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықталды. Бірінші және екінші орын алған Ерасыл Қажыбаев пен Әлібек Зекенов 1 шілде күні Астанада өтетін "Қазақстан Барысы" турниріне жолдама алды.

– Жыл сайын қазақ күресінен әр түрлі деңгейдегі "Барыстарды" анықтап жүрсіздер. Осы жүйеге келтіріле ме, әлде бәрі де жылда өте беретін бола ма?

– Бізде "Әлем Барысы" екі жылда бір өтеді. Иә, "Қазақстан Барысы" мен "Еуразия Барысы" жыл сайын өтеді. Бірақ екеуі бір-біріне ұқсамайды. "Қазақстан Барысы" – жалпыұлттық жоба, ал "Еуразия Барысы" – халықаралық командалық сын. Ол өзгеше турнир, әрі сонысымен қызық. Бұйыртса, биыл "Еуропа Барысын" өткіземіз.

Ең бастысы, қызығушылар мен қолдаушылар көп. Шет елдерде федерациялар ашылып жатыр. Қазақ күресіне тәнті болып, қызығушылық танытып отырғандар аз емес. Бұл ретте бізге Үкімет те, министрлік те, федерация президенті де бәрі-бәрі де көмектесіп отыр. Жабыла көтерген жүк – жеңіл. Ендеше, ұлттық өнерімізді насихаттап, дәріптеп, әлемдегі басқа елдерге де сіңіріп, беделін артыра түсеміз деп ойлаймын. 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу