Арматураға жарымай отырып, Ресейге металл сынықтарын сатамыз

3820

Еуразиялық экономикалық кеңес металл сынықтарын жинаудың ортақ тәсілін енгізбекші. 

Арматураға жарымай отырып, Ресейге металл сынықтарын сатамыз

Металл сынықтарының саудасында дау көп. Пікірлерді тыңдасаңыз, "Аққу, шортан Һәм шаян" мысалын еске түсіреді. Қайталама металлургия кәсіпорындарының одағы металл сынығының экспортына тыйым салмау керек десе, металлургия алпауыттары мен құрылыс компаниялары сыртқа сатудың пайдасынан зияны көп деп даурығады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Былтыр пандемияның алдында метал сынығын жинап, сатушылар "ArcelorMittal" компаниясының  халықтан жиналған 750 вагон металды қабылдамай отырғанын айтып, мәселе көтерген болатын. Қысқартып, айтсақ, металл сынығының экспортына салынған уақытша тыйымды пайдаланып, алпауыт компания металл сынығы тиелген 780 вагонды қабылдау жұмыстарын кешіктірген. Сол арқылы металл бағасын түсірмек болса керек.

"Біздің елімізде жыл сайын 5 млн тонна металл сынығы қордаланады. Ал өз ішіміздегі металл сынығын тұтыну деңгейі 1,7 млн тонна ғана. Сонда экспорттық әлеуетіміз орасан деген сөз. Металл сынығын бізде жұмысы жоқ қарапайым тұрғындар жинайды. Олардың қазіргі саны 100 мыңға жетеді. Егер тыйым күшіне енсе, осы халық нәпақадан айырылады. Кейбірі көлеңкелі кәсіпке көшіп, қылмысқа араласуы мүмкін", – деген болатын қауымдастық төрағасы Владимир Дворецкий БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сол шектеу көп өтпей қайтадан алынды. Яғни қазір металл сынығын Еуразиялық экономикалық одақ аясында сатуға еш кедергі жоқ. Қазақстанда металл сынығын қайта өңдеп, кәдеге жарата алатын кәсіпорындар сонша көп емес. Негізінен арматура өндірісіне қолданылады. Бір қызығы, жыл сайын миллиондаған тонна металл сынықтары сыртқа кетіп жатқанымен, құрылыс компанияларын толықтай отандық арматурамен қамтамасыз ете алмай келдік. Мұны өткенде ғана Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев та мойындады.

"Импортпен келетін құрылыс материалдары шарықтап жатқанда өзімізде шығып жатқан материалдар қатты қымбаттаған жоқ. Тек арамутра бағасы 33 % өсті. Сондықтан біз жаңа зауыттарды іске қосқыздық. Қазір нарық 100 пайыз отандық арматурамен қамтамасыз етіліп отыр", – деген болатын.  

Арматура бағасының аспандап тұрғанын көре отырып, металл сынығын шикізат күйінде сыртқа экспорттауға рұқсат беру аса бір ақылға қонатын шешім емес сияқты.

Қара металл күйінде емес, арматура жасап сатса, табыс еселенер еді. Есесіне қазір экономикалық одақтасымыз – Ресейдің "қағанағы – қарық, сағанағы – сарық". Ең қызығы, Ресейде де металл сынықтары жетіп артылады. Әсіресе, Қиыр Шығыс пен батыс аймақтарында қара металл өте көп. Өзіндегі өндірістен артылған металл сынықтарын батысында Белаурсь пен Түркияға, шығысында Жапония мен Кореяға сатып отыр. Ал Жайық пен Еділдің бойындағы кәсіпорындарға қажет қара металды Қазақстаннан ала салады. Бір сөзбен айтқанда одақтасымыз өзіндегі артық металды әлдеқайда қымбат бағамен экспортқа шығарып, өз ішіндегі тапшылықты Қазақстанның есебінен жауып отыр.

Еуразиялық экономикалық кеңестің өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Артак Камалян мұны одақ аясындағы өзара тиімді қатынастарға айғақ болатын классикалық мысал деп есептейді.

"Қазақстанның Ресеймен арадағы металл сынықтарының экспортын қайта жандандырғаны өте жақсы жаңалық. Металл сынығы – бүкіл одақ аумағында еркін тасымалдануы керек тауардың бірі. Өткен жылдың соңында туындаған проблема Қазақстанның Ресейге металл сынығын сатқысы келмегенінен туындаған жоқ. Пандемия зардаптарының бірі осы салаға тиді. Пандемия күшейген кезде металл сынығын жинау күрт төмендеп кеткен болатын. Ал оған деген қажеттілік сол қалпында қалды да, тапшылық сезілді. Екі жақтап күш салудың арқасында оның шешімі табылды деп ойлаймын. Металл сынығының саудасы экономикалық одақтың артықшлығына классикалық мысал бола алады",  деді ЕЭК өкілі онлайн-брифингте

Артак Камалян қара металл нарығындағы қазіргі жүйе Беларусь пен Ресейге тиімді екенін жасырмайды.

"ЕАЭО картасын қарасаңыздар, металл сынығын үлкен көлемде пайдаланатын үш мемлекет бар. Олар – Қазақстан, Ресей және Беларусь. Жуықта ғана Беларусь металлургиялық комбинатында болып қайттым. Сол кезде бас директордың аузынан ресми дерек естідім. Өндірісте пайдаланатын металл сынығының 50 пайызын Ресейден Санкт-Петербург арқылы алып отыр екен. Көлемі – 1 млн тоннадай. Ресейдің Еуропадағы бөлігінде артылған металл сынығының көлемі 2-3 млн тоннадай болады. Соның 1 млн тоннасы Беларусь еліне кетіп жатыр",  дейді ол.

Еуразиялық экономикалық одақ болмаса немесе Қазақстанмен байланысы нашар болса, Ресей Беларуське сатқан металл сынықтарын Магнитогорск өлкесіне тасымалдап әуре болушы еді.

"Ресейдің Магнитогорск маңында металл сынығы тапшы. Сондағы металлургиялық комбинат шамамен 1 млн тонна темірді Қазақстаннан алады. Сонда бір жағынан Ресейде метал сынығының профициті байқалса, екінші жағынан кейбір кәсіпорындар тапшылық сезіп отыр. Бұл Ресейдің аумағының үлкендігіне байланысты. Магнитгорск кәсіпорындарына Ресейдің Еуропадағы бөлігінен тасығанша Қазақстаннан ала салған тиімді.

Ресейдің Қиыр Шығысында да профицит бар. Ол жақтан да Мангиторск жаққа әкелу әлдеқайда қымбат. Экономикалық одақтың арқасында Ресей тасымал шығынын сезінбей-ақ, кәсіпорындарды қажет металл сынығымен қамтып отыр",  дейді ЕЭК министрі.

Қазақстанның қысқа уақытқа болса да метал сынығының экспортын тоқтатуы Ресей билігін ойландырған еді. Ақыры олар өз ішіндегі металл сынықтарын сыртқа сатушылардың алдына шектеулер қоюға мәжбүр болған. Сөйтіп бұрын 5 млн тоннаға дейін металл сынығын экспорттаса, былтыр оның көлемі 3,5 млн тоннаға түсті.

"Ресей Қиыр Шығыста артылған 0,5 тоннадай металл сынығын Жапония мен Оңтүстік Кореяға экспорттайтын. Ал Еуропалық бөліктегі 2,5 млн тонна қара темірді негізінен Түркияға сатып отыр. Қазір экспорт сәл шектелді. Өйткені қара металл экспортына қосымша алымдар енгізілген болатын. Бірақ қалай болса да,  Ресей үшін Магнитогорск кәсіпорындарын Қазақстанның металл сынықтарымен қамтамасыз етуден басқа жол жоқ. Жалғыз Магнитогорск қана емес, Жайық пен Еділ арасындағы кәсіпорындарға да метал сынықтары керек. Сондықтан бұл жерде, сатқым келеді, келмейді деген әңгіме жоқ. Қалай болса да осы кәсіпорындардың металл сынығымен қамтамасыз ету қажет.

Қазір біз металл жинау жұмыстарының тиімділігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Одақ аясында бірқатар шаралар қабылданады деген үміт бар. Егер ол қабылданса, одақ көлеміндегі металл сынықтарын түгел жинап, тапшылық мәселесін біржола шешуді ойлап отырмыз. Өйткені металл сынықтары мен металдың бағасы бұлай істеуімізге мүмкіндік береді",– дейді Артак Камалян.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу