Қорғаныс министрлігі келесі жылғы әскерге шақыруға қызу дайындалуда. Ведомство ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қоятын Жарлықтың жобасын әзірледі. Онда мерзімді әскери борышын өтегендерді үйіне қайтарудың және сапты жаңа жауынгерлермен толтырудың жоспарланып отырған мерзімдері көрсетілген.
"Біріншіден, әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер 2021 жылдың наурыз–шілдесінде және қыркүйек–желтоқсанында ҚР Қарулы күштері, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан запасқа шығарылсын. Екіншіден, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтар 2021 жылдың наурыз–маусымында және қыркүйек–желтоқсанында ҚК, ІІМ, ТЖМ, ҰҚК, Мемкүзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын", – делінген Жарлық жобасында.
Мемлекет басшысы әкімдіктерге жергілікті әскери басқару органдары арқылы 2021 жылы екі рет науқанды – азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыруды жүктейді.
Ал Үкімет, ҰҚК және Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметті өткеру үшін шақырылған ер-азаматтарды көлікпен жөнелтуді, ал демобилизацияланғандарды үйлеріне жеткізуді қаржылай және материалдық қамтамасыз етуге тиіс.
Дегенмен, биылғы шақырылғандарға қатысты да мәселе қалуда екен. Марсель Шамсивалиев 2020 жылғы қарашада жиені Ринат армияға кеткенін айтады.
"Қорғаныс министрлігінің Ақтаудағы әскери бөліміне жіберілді. Әскери борышын өтегеніне небәрі бір ай ғана толды, соған қарамастан ол менің әпкеме – өз анасына ақша жіберуді сұрап, екі рет жүгініпті. Әпкем 2-ші топтағы мүгедек, мемлекет беретін жәрдемақыға қарап отырған адам, шекесі шылқып отырған жоқ. Ал Ринат болса, әлдебір Дияр дегеннің карточкасына 5 мың теңге, Жарас дегенге 2 мың теңге ақша аударуды қиыла сұрайды. Анасы алаңдамасын деді ме, бұл қаражат қысқы қолғап, етікке жағатын крем және басқа да күнделікті керек-жарақты дүкеннен алғызу үшін керек деп жазыпты. Қарулы күштеріміз қайыршының күйін кешкен, жауынгерлер көшеде тамақ сұраған ұятты 90-шы жылдар артта қалды емес пе?! Қазіргі кезде армиямыз жеткілікті түрде қаржыландырылады. Сондықтан Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде ақша бопсалау немесе жарғыдан тыс қарым-қатынастар қайтадан бас көтере бастаған болар деген ой келді", – дейді ол.
Қорғаныс министрлігі егер солдаттар әлімжеттік не коррупция көріністеріне жолықса, дереу 54-19-25, 47-49-09 сенім телефондарына хабарласуды сұрайтын. Марсель бұл нөмірлерге хабарласса, ешкім жауап бермеген. Министр Нұрлан Ермекбаевтың ресми блогына да жазыпты. Әзірге қорғаныс ведомствосы басшысынан жауап жоқ.
"Әскери бөлім командиріне шығуға талаптандым, ол талпыныстарымнан нәтиже шықпады. Тіпті бөлімнің кезекшісін де ала алмадым. Әскер халықтың бір бөлігі емес пе? Онда неге командирлер өзін бұқарадан бөлек, биік ұстайды?" – деген ол министрден әскердегі былықтарды жоюға кірісіп, шұғыл шара қабылдауды сұрайды.
Армия жабылып, Ақжолға тісі батпауда
Ал Қаражал қаласының тұрғыны Ардақ Рахметова аяқ-қолы балғадай адамды Қорғаныс министрлігінің неге әскерге әкетпейтініне таң. Әйтпесе, соқталдай жігіт әпкесіне "әлімжеттік" жасап, анасына жуытпай қойыпты. Ал армия мұндай жастарды тәртіпке, үлкенді сыйлауға үйретіп, іске баулып, үлкен тәрбие мектебіне айналар еді.
"Туған інім Ақжол 1996 жылы туылған, қазіргі таңда 24 жаста. Денсаулығы мықты, 100 пайыз әскерге жарамды. Бірақ әскерге бармады. 2017 жылы анам жергілікті қорғаныс бөліміндегі адамға 100 жүз мың теңге беріп, оны әскерден алып қалды. Мен бұған қарсы болдым. Енді ол мені анаммен араластырмайды. Осы жағдай орын алғалы бері артық сөз айтады деп қымсынады. Ақжол анаммен бірге Теміртау қаласында тұрып жатыр", – дейді ол.
Шағым иесі қорғаныс министрінен әділдікті қалпына келтіруді, яғни інісінің денсаулығын қайта тексеріп, әскерге шақыртуды сұрайды.
Қорғаныс министрлігі бұл жайттан хабардар болып шықты. Ведомство Қарағанды облысындағы Қаражал қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне пара беру оқиғасын анықтау жөніндегі өтінішті қараған.
"Өтінішті зерделеу барысында анықталғандай, Ақжол 2017 жылғы 18 наурызда қалалық медициналық шақыру комиссиясынан өтіп, әскери қызметке жарамды деп танылды. Нәтижесінде, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына шақыруға тағайындалды. Алайда белгісіз себептермен әскерге шақырылушы өзі тағайындалған орынға келген жоқ. 2018 жылы Қаражал қаласының Ішкі істер бөлім қызметкерлері Ақжолды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Бірақ оны іздестіру жұмыстары еш нәтиже бермеді. 2019 жылғы 28 ақпанда Қаражал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының (ҚІБ) техникалық қызметкерлері оған Қаражал қаласындағы мекенжайына әскерге шақыру қағазын ұсынуға барған кезде, оның Теміртау қаласына тұрғылықты тұруға орын ауыстырғанын анықтады", – деді қорғаныс ведомствосы.
Ары қарай Теміртау қаласының ҚІБ қызметкерлері Ақжолға әскери есепке тұруы керектігі туралы бірнеше мәрте ескертсе де, ол бұл талапты ескерусіз қалдырыпты. Енді не болды?
"Әскерге шақырылушы Ақжол "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 647-бабына сәйкес, айыппұл төлеуі және оның төленген түбіртегімен бірге Теміртау қаласының ҚІБ-іне келіп, әскери есепке тұруы қажет. Әскери есепке алынғаннан кейін әскери борышын өтеу мүмкіндігі бар. Ал Қарулы күштердің Бас әскери полициясы басқармасының қызметкерлері жүргізген тексерістің нәтижесінде Қаражал қаласының ҚІБ-нда пара алу фактісі анықталған жоқ", – деді министрлік.
Бұл Қазақстанда дезертирлерді іздеу тиісті жолға қойылмағанын аңғартса керек. Қаражал қаласының ҚІБ-і Теміртау қаласының ҚІБ-іне биылғы 25 қарашада хат (шығыс №2/1384) жазыпты. Онда қорғаныс саласының бір бөлімі екіншісінен әскерге шақырылушы Ақжолды Теміртау қаласындағы мекенжайы бойынша әскери есепке алып, оған әскерге шақырту қағазын жіберуді сұрапты. Бүгінде теміртаулық ҚІБ қызметкерлері осы бағытта "жұмыстар ұйымдастыруда" екен. Үш жыл нәтиже шықпағанда, бұл жолы не өзгерері белгісіз.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!