"АрселорМиттал Теміртаудың" не үшін тарихымыздағы ең нашар компания болғаны анықталды

6834

Кеніштерінде ең көп адамның қаза табуы, кокс саласына ешкімді жібермей, монополияландыруы, соттарды ауыздықтауды сұрауы, салық төлемегені үшін миллиардтап айыппұл салынуы, "қазақстандық мазмұн" бойынша ел басшылығын алдауы... "АрселорМиттал Теміртаудың" тағы қандай былықтары ашылды?

"АрселорМиттал Теміртаудың" не үшін тарихымыздағы ең нашар компания болғаны анықталды Фото: inbusiness.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды", – деп, ауыр баға бергенін inbusiness.kz жазды.

Осыдан кейін ақпарат құралдары "АрселорМиттал Теміртау" шахталарында 1995 жылдан бері қанша кенші қаза тапқанын жариялады. Бірқатар дерек бойынша Қарағанды облысындағы шахталар миллиардер Лакшми Митталдың қарауына өткен 1995 жылдан бері оларда 200-ге жуық, нақтыласақ, жалпы саны 182 кенші қаза тауыпты.

Бұл компанияға қатысты түйткілдер өте көп.

Кокс саласын монополияландырды

Үндістандық миллиардер Лакшми Митталды инвестор ретінде елге әкелу үшін бұрынғы билік оған көптеген жеңілдік жасады. Оның салықты бәрінен аз төлейтініне 2000-шы жылдары депутаттар жиі шағымданатын. Миллиардер еліміздегі ең ірі өңір саналатын Қарағанды облысының бүкіл дерлік қазба байлығын ен жайлады. Ол тек көмірді ғана емес, болатты, темірді, қорғасынды, мырышты (цинк), әлемде өте қымбат бағаланатын сирек жер металдарын және басқасын астына басты.

2014 жылы Үкімет ел басшылығы үшін осы компанияға қатысты хат дайындады. Онда Үкіметтің сарапшылары "АрселорМиттал Теміртаудың" кокс саласына өзге компанияларды енгізбей отырғанына назар аудартты.

Кокстың қолданыс аясы кең. Ол болат құю өндірісінен бастап, химиялық өнеркәсіпте, ферроқорытпалар өнеркәсібінде, тіпті үйлерді жылытуда пайдаланылады. Онсыз мысалы, шойын жасалмайды.

"Бүгінде импортты қоспағанда, коксты көмір нарығының 95 пайызын жалғыз "АрселорМиттал Теміртау" иеленген. Кокс өндірісін арттыру перспективалары да осы сегменттегі жалғыз ірі компания – "АрселорМиттал Теміртаумен" байланысты. 6 млн тонна болат өндіре алатын қуаттылықты кеңейту жобасын жүзеге асыру коксқа деген сұраныстың артуына ықпал етер еді. Бұл үшін аталған компания жаңа шахталардың құрылысына және көмір өндірісін 2,5-3 млн тоннаға арттыруға қомақты қаражат инвестициялауы қажет. Алайда жаһандық болат нарығындағы стагнацияны сылтау етіп, болат өндірісін кеңейту мерзімдерін кейінге ысырды. Салдарынан компанияның қолданысындағы шахталар тек 2020 жылға дейін ғана жетеді, содан кейін ол шахталардың үлкен бөлігі шұғыл алмастыруды талап ететін болады", – деп жазылған еді 2014 жылғы есепте.

"АрселорМиттал Теміртау" коксты Қазақстаннан байытылған концентрат күйінде экспорттады, негізінен Ресейге тасыды. Шамалы көлемде Украина алып тұрды. Кейін басқыншылыққа ұшыраған Украина ол импортын шектеді.

Яғни, "шөп қорыған иттің" кері келді. Монополист не саланы өзі дамытпады, Қазақстан үшін жаңа нарықтарды ашпады, не бұл саланы басқа ешкімге бермеді.

"Қазақстанда коксты көмір өндіру сегментінде екінші ірі ойыншының пайда болуы қиындатылған. Өйткені ішкі сұранысты да "АрселорМиттал Теміртау" қалыптастырады және елімізге одан басқа ірі болат өндірушінің келуіне тосқауыл қойылғаны белгілі. Болашақта кокс экспорының мүмкіндіктері шектеледі. Себебі, Ресейдің өзі төл кокс өндірісінің айтарлықтай профицитіне қол жеткізеді деп күтілуде. Әлемдік нарыққа шығуды компания төмен рентабелді деп таныды. Дәл осы кезде жаһандық нарықта коксты көмірге сұраныс еселеп артуда және оған Моңғолия, Мозамбик және басқа да жаңа ірі жеткізушілер шығып жатыр", – деп қапаланды Үкіметтің сарапшылары жоғарыға жолдаған хатында.

Олар ұқсатып жұмсап, ұтымды игере білсе, Қарағанды тас көмір бассейні кокстың орасан зор қорына ие екенін қаперге салады. Әрі ол коксты көмірдің сапасы өте жоғары, коксталушы қасиеті де барынша мол.

Бірақ хат авторлары дегеніне жетпеді, өйткені бұл сала толығымен бір монополистің көңіл-күйі мен қалауына байланысты. Миллиардер Миттал қазақстандық кокстың және басқасының өндірісін арттыруға құлықты болмады. Бәрі сонымен тынды, тыйылды.

Айтпақшы, Үкімет сарапшыларының сол талдауының шет-жағасы ел Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына" кірді.

Алайда Үкіметтің 2023 жылғы 28 наурыздағы жаңа қаулысымен бекітілген жаңа құжатта, "Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында" "АрселорМиттал Теміртауға" және оның кокс өндірісі саласының адымын аштырмай отырғанына қатысты барлық сын сөздер алып тасталды. Жаңа тұжырымдамада тіпті коксты көмір саласын дамытуға мән берілмеген.

Енді "АрселорМиттал Теміртау" мемлекет меншігіне көшсе, коксты көмір, сирек жер металдар және басқасының өндірісін дамытуға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен "АрселорМиттал Теміртау" жаңа басшысы Вадим Басин баса көңіл бөлгені жөн.

Салық проблемаларына қатысты дау толастамады

Бұрынғы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары "АрселорМиттал Теміртаудың" ел қазынасына аз салық құятынына жиі шағымданатын. Алайда депутаттық наразылықтардың толқындары көбіне міз бақпаған Үкіметтің тас қамалына соғылып қайтатын.

Жасыратыны жоқ, 1996 жылы "одақтың екінші Магниткасы" атанған әйгілі Карметкомбинатты Митталдың трансұлттық компаниясы сатып алғалы, одан мардымсыз салық түсіп тұрды. Жылына 1 млрд теңге көлемінде болатын. Кейбір орта бизнес нысандары бұдан көп төлейді.

Сол кездегі депутаттардың және қоғам белсенділерінің қолқалауымен 2000 жылы Үкімет компанияның салығын 8,7 млрд теңгеге дейін арттырды. Бұған табыс салығын және әлеуметтік салықты арттыру есебінен қол жеткізілген.

Бұған қоса, экологиялық төлемдер де ұлғайтылды. Егер 1996 жылы "АрселорМиттал Теміртау" өзі қарқынды түрде ластаған қоршаған ортаны қорғауға 45 миллион теңге ғана бағыттаса, 2006 жылдан соң бұл көлем 10 есе өсіп, 465 млн теңгені құрады. Кейін тағы артып, 2 миллиард теңгеге дейін жеткізілді.

Биылғы 2023 жылғы сәуірде "АрселорМиттал Теміртауға" салығын дұрыс төлемегені үшін тағы да айыппұл салынғаны белгілі болды. Компанияның салық сомасын қасақана төмендетіп келгені әшкереленді. Мұның алдында, 2022 жылғы қарашадағы тексеріс қорытындысында компания 2017 жылы жол берген ұқсас бұзушылығы үшін 1,3 миллиард теңге айыппұлмен жазаланған болатын. Ол айыппұлды "АрселорМиттал Теміртау" толығымен төледі. Биылғы айыппұл көлемі 1,2 миллиард теңгені құрады.

"Камералды мониторинг жүргізу барысында анықталғандай, компания 2019 жылы корпоративті табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасын 20% төмендетіп көрсеткен", – деп хабарлады Қарағанды облысының Мемлекеттік кірістер департаменті.

Компания бұл шешіммен келіспей, салықшыларды сотқа берген, бірақ табысқа жетпеді. Облыстық сот мемлекеттік органның жағына шықты.

Жалпы,"АрселорМиттал Теміртаудың" Қазақстан бюджетіне қанша салық төлейтіні нақты белгісіз. Ол туралы ақпарат компанияның ресми сайтында да көрсетілмеген. Форбстың "Қазақстанның ең ірі 50 салық төлеушісі" тізімінде де бұл компания жоқ.

Әйтсе де, Statsnet сервисі дерегінше, "АрселорМиттал Теміртау" 2023 жылы 77,6 миллиард теңге салық аударыпты. 2022 жылы салық көлемі бұдан 3 еседей жоғары болған. 230 миллиард теңгеден асқан екен.

Салыстырсақ, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы және оның еншілес ұйымдары 2022 жылы мемлекетке 1,9 триллион теңге салық пен бонус төледі. Бұл оның 2021 жылғы аударғанынан 1,2 есе көп.

Жөнсіздіктері көп компания

Ақпарат құралдары биылғы 23 сәуірде "АрселорМиттал Теміртаудың" заңгері Ирина Эмнің жұмбақ өлімі туралы жазды. Зорлықпен өлтіру нышандары бар оның мәйітін Шахтинск қаласының өрт сөндірушілері тауып алды. Әлеуметтік желіде бұл өлімнің әйелдің кәсіби қызметімен қаншалықты байланысты болғанына қатысты сауал талқыланды. Оның анық-қанығын тергеушілер анықтауға тиіс.

Төтенше жағдайлар министрлігі 2022 жылы "АрселорМиттал Теміртауда" тексеріс жүргізе келе, онда өнеркәсіп қауіпсіздігін бұзуға қатысты 2 мыңдай бұзушылықты анықтады. ТЖМ компанияға ұйғарымдарын жолдап, олқылықтарды жоюға мерзім белгіледі. Ведомство биылғы 23 ақпанда дәл осы компаниядағы жағдайды ерекше бақылауында ұстап отырғанын жариялады. Кешегі апат одан нәтиже болмағанын паш етті.

"Өйткені "АрселорМиттал Теміртаудағы" өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты жағдай өте нашар. Барлық әшкереленген бұзушылықтар, барлық берілген ұйғарымдар, уәкілетті органның нұсқауымен уақытша тоқтатылған бүкіл объектілер тұрақты бақылауымызда тұр", – деп сендірген еді жыл басында ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Нығмеджан Мақажанов.

Бұл тексерістер тек "Қанды қаңтар" оқиғаларынан кейін мүмкін болды. Әйтпесе, бұрынғы билік оған шаң жуытпайтын. Мысалы, 2013 жылғы қазанда ақпарат құралдары "АрселорМиттал Теміртау" қожайыны Лакшми Митталдың Президент Назарбаевқа хатын жариялады. Онда үндістандық миллиардер қазақстандық мемлекеттік органдарды, соттарды, бизнесмендер мен сақтандыру компанияларын жөнге салуды сұрапты. Астана телеарнасы хабарлағандай, олигархтың байламынша, олардың бәрі Митталға жұмыс істеуге кедергі жасаған, ол дұрыс емес деп таныған шешімдерді қабылдаған, тіпті одан кейбір кен орындарын тартып алуға тырысыпты. 

Бұл жанжалға байланысты сол кездегі салаға жауапты Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев түсініктеме берген еді.

"АрселорМиттал Теміртауға" қатысты бірқатар мәселе бар. Миттал мырза компанияның қиындыққа тап болғанын түсіне отырып, Мемлекет басшысынан көмек сұрап жүгінді. Оның хатында көтерілген кейбір мәселелер шешілді. Оған бюрократиялық сергелдең себеп болыпты. Сонымен бірге біздің "АрселорМиттал Теміртауға" сұрақтарымыз бар. Өйткені ол өндірісін модернизациялауды созбалаңға салып келеді. Оның шығаратын өнімінің сапасы да төмендеді. Біз оны шетелге шикізат шығара бермей, ішкі нарыққа жұмыс істеуге бағыттағымыз келеді. Ішкі нарықтың әлеуеті толыққанды пайдаланылмай тұр", – деді министр.

Келесі жылы оның министрлігі таратылды.

Inbusiness.kz араға уақыт сала келе, 2016 жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің орнына құрылған жаңа министрліктің басшылығының да жүйкесі сыр бергенін жазды. Оған да Миттал мырза түрткі болған. 2016 жылғы 27 сәуірде Қарағандыда өткен "Karaganda Invest-2016" форумында сол кездегі Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау "АрселорМиттал Теміртауды" қатаң сынға алды.

"АрселорМиттал Теміртауға" қатысты салмақты проблема мен сұрақтар бар. Бұл алпауытты не істеуге болады? "АрселорМиттал Теміртау" өзінің артында қаншама ірі адамдар тұрғанын алға тартып, Үкіметке, біздің бәрімізге шетсіз-шексіз доқ көрсетіп, шантаж жасай бермеуге тиіс. Ешқандай мемлекеттік қолдау оған көмектесе алмай қалатын заман тууы мүмкін. "АрселорМиттал Теміртаудың" жаңа басшылығына өте салмақты сын-қатерлерге жауап беруге тура келуі мүмкін", – деді сонда вице-министр А.Рау.

Бұл сөздер сәуегейдің сөзі болып шықты, айна-қатесіз келді. Кеше Үкімет "АрселорМиттал Теміртаудың" мемлекет меншігіне өтіп жатқанын жария етті.

Көпке ұзаған көзбояушылық

Биыл компанияның "жергілікті қамту" (қазақстандық мазмұн) саласында Үкіметті алдап келгені әшкере болды.

"Сорақысы сол, кейбір субъектілер жергілікті қамту үлесін қосып жазады, қолдан өсірілген деректер ұсынады, олары мониторинг барысында әшкереленді. Мәселен, "АрселорМиттал Теміртау" өзінің есебінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуындағы жергілікті қамтудың үлесін 70 пайыздан асты деп көрсетті. Бірақ тексеру кезінде белгілі болғанындай, ол қазақстандық мазмұнға шикізатын, яғни Қарағандыда шығаратын көмірін және Лисаковта өндіретін рудасын, сондай-ақ Теміртаудың электр энергиясын қосып жіберген. Сөйтіп, компания жергілікті өнімді өзінен өзі сатып алған. Нәтижесінде, шикізатты алып тастағанда, "АрселорМиттал Теміртаудың" барлық сатып алулар көлеміндегі жергілікті қамту үлесі небары 3 пайызды құрады. Нақтыласақ, компания 32 миллиард теңгеге тауарлар сатып алды, соның тек 900 млн теңгесін ғана отандық компаниялардан алады", – деп мәлім етті таяуда Индустриялық даму комитетінің мамандары.

Демек, қалған өнімді басқа елдерден импорттаған. Осыған ұқсас жағдай оның сатып алған жұмыстары мен қызметтеріне қатысты да қалыптасты. 45 миллиард теңге жалпы көлемнің тек 12 млрд теңгесі қазақстандық компанияларға бұйырған.

Биліктің көзі енді ғана "ашылып" отырғаны қайран қалдырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу