Әскердегі әлімжеттік

3233

Отанын қорғаймын дегендерді қорлап, тағдырын тас-талқан етіп жатыр. Бауыр еті баласынан айырылған талай ата-ана бозінгендей боздап жүр.

Әскердегі әлімжеттік

Статистика бойынша соңғы 10 жылда 220 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсады. Бұл – жыл сайын 22 отбасы қара жамылып, қайғыдан қан жұтты деген сөз. Ал әскери прокуратура тіркелген суицидтің 90%-да қылмыстық сипат жоқ деп санайды.

Сонда дейміз-ау, құзырлы органдар үшін сарбаздардың өмірі мен денсаулығы құнсыз ба? Олар ата-аналардың наласынан қорықпай ма? "Әскерде әлімжеттік бар, онымен күресіп жатырмыз" деп айтуға не кедергі? Бұл сұраққа таяу болашақта жауап берілмейтін сияқты.

2016 жылы Қапшағай қаласының №32363 әскери бөлімінде сарбаз Н.Оразғалиев кіші сержанттан таяқ жеп, қайтыс болды. Дәл осы жылы ақтөбелік сарбаз Азамат Боқанов үйіне әскерден ауру болып оралды. Дерті дендеп, ұстамасы ұстағанда ата-анасы баласын кісендеп қояды. Себебі ол адамға қарсы шабуыл жасайды. Сарбаз осыған дейін әкесінің саусағын шайнап тастаған. Дәрігерлер жарақаттанған саусақты кесуге мәжбүр болған.

Азаматтың әкесі Нұнбай Боқанов: "Ұстамасы ұстағанда адамға атылады. Біреуді жазым етер деп қорқып, қол-аяғын күштеп кісендейміз. Балам әскерде 5 адам жабылып ұрғанын айтады", – десе, анасы Зухра Смағұлова: "Азаматтың дені сау болды. Әскерден ауру болып келді. Дәрігерлер эпилепсия деген диагноз қойды. Ол әскерге дейін бұл аурумен ауырған емес", – деп жылайды.

Талдықорғандық жауынгер Жанат Игемберді де осындай күй кешіп отыр. Ол да әскердегі әлімжеттіктің құрбаны болған. Азаматтық борышын өтеп жүрген жерінен үйіне денсаулығына байланысты кері қайтарылған.

2017 жылы әскерде 86 қылмыс жасалды. Оның ішінде әлімжеттік фактілері ресми тіркелді. Мысалы, Қарағанды облысының Приозерск қаласында орналасқан №44841 әскери бөлімінде әскери қызметкер 19 жасар сарбазды ұрып өлтірді.

2018 жылы Маңғыстаудағы Үстірт шекара бекетінде қатардағы жауынгер Бақытбек Мырзамбеков мәжбүрлі түрде 40 градус ыстықта дене шынықтырумен айналысқанның салдарынан қайтыс болды.

Физикалық жүктемені көтере алмаған жауынгерді басқа сарбаздар тепкінің астына алған. Медициналық көмек қажет болған жәбірленушіге дәрігер шақырылмаған. Осы қылмыс үшін шекара заставасының бастығы, оның орынбасары, қауіпсіздікке жауапты офицер және сарбаз сотталды.

Жоғарыдағы жағымсыз жайттардың барлығы ресми расталған мәлімет.  

Таяуда Ұлттық ұланның Нұр-Сұлтандағы әскери бөлімінің бірінде сарбаздар әлеуметтік желі арқылы рота старшинасының әскери жарғыдан тыс әрекетіне шағымданды.

"Ол адамды моральдық, психологиялық тұрғыдан өлтіреді. Малға теңейді, боқтайды, балағаттайды. Жарғыдан тыс бұйрық береді. Сарбаздарды дәретхананың еденіне жатуға, керуеттің астына кіріп-шығуға мәжбүрлейді", – деп ашынды жауынгерлер.

Олардың айтуынша, әскери қызметшілерге тегін берілетін киімді сатып алып жатыр.

"Әр сарбаздарға 2 данадан бөлінген іш киім мен футболкаларды көрген де, киген де жоқпыз. Тозған, кейбір жерлері жыртылған киімді қолданып жүрміз. Әскерде тегін берілетін іс қағаздарын да сатып аламыз. Біз қорлық пен мазаққа төзгіміз келмейді. Тиісті шара қолданылғанын талап етеміз!" – деді Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген жігіттер.

Түсініп отырғаныңыздай, құзырлы органдар темір тәртіп орнатып, жағдайды ерекше бақылауға алмаса, саптағы сарбазды қорлау, өлтіру немесе өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу жалғаса береді. Бұл – әскерден табытпен оралатын сарбаздардың санын көбейтпесе, азайтпайды.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу