Астана банкінің келешегі әлі қыл үстінде

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
4198

Әзірге реттеушіге банк иелерінен банктік холдинг немесе ірі акционер мәртебесін алуға өтініш түскен жоқ.    

Астана банкінің келешегі әлі қыл үстінде

Ұлттық банк басқармасы Астана банкіне 100 млрд теңге көлемінде шұғыл өтімділікті ұсынудан бас тартты. Осыған дейін банктің мажоритарлық акционері реттеушіге осы жайлы өтініш жасаған болатын. Ұлттық банктің банктерді қадағалау департаментінің директоры Олжас Қизатов abctv.kz-ке түсіндіріп өткендей, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер шеңберінде Ұлттық банк қарызды тек өміршең банктерге ұсынатындықтан бас тартылған. Яғни Ұлттық банктің басқарма мүшелері Ұлттық банк қаражатының қайтарылу көздеріне және қарыз алушы-банктің осы қаражатты қайтару мүмкіндігіне сенімді болуға тиіс еді. Астана банкіне қатысты шешім қабылдауда Ұлттық банк бұған сенімді болмаған.

Олжас Қизатов тап қазіргі уақытта Астана банкінің қаржылық жағдайы әлі де күрделі күйде екенін айтты.

"Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылдың мамырында S&P рейтингтік агенттігі банктің рейтингін ССС/С деңгейінен D/D деңгейіне дейін төмендеткен, бұл дефолттық деңгей. Қазіргі уақытта банк Ұлттық банктің пруденциялық нормативтерін, ең аз талабын жүйелі түрде бұзып отыр. Осыған байланысты Ұлттық банк басқармасы мамыр айының соңында жеке тұлғалардан депозитке қаражат тарту лицензиясын үш айға тоқтатты, – деп еске салды қаржы реттеушісінің өкілі. – Ал қазіргі қаржылық жағдайды сөз етер болсақ, онда қазіргі уақытта банктің өтімділігі жоғары активтерінің мөлшері шамамен үш миллирад теңге, оның ішінде қолжетімді қаражат 150 млн теңгеге жуық болып отыр. Ал орындалмаған төлемдер мөлшері тап осы кезде 59 млрд теңгеге жеткен. Осыдан банктегі жағдайдың шынымен де қиын екенін көруге болады".

Олжас Қизатов биылғы жылдың сәуірінен бастап Астана банкінен депозиттердің жылыстауының жалпы көлемі 62 млрд теңге болғанын айтты. Соңғы үш айда банк міндеттемелер көлемін 26 млрд теңгеге қысқартқан, ол негізінен қарсы талаптар мен міндеттерді өзара есепке алуға қатысты операциялар есебінен орын алған, яғни егер банктің әрі депозитор және несие беруші клиенті бар болатын болса, онда банк осы клиенттің активтері мен міндеттемелерін есепке жатқызады.

Ұлттық банк өкілі Астана банкінің қаржылық келешегі акционерлердің жұмыс істеуі мен менеджментке байланысты болатынын тағы да нақтылап кетті.

"Акционер қосымша өтімділікті біріктіру немесе жаңа стартегиялық инвесторды тарту арқылы банкті тұрақтандыра алады. Банк осы бағытта нақты жұмыстар жасап жатқанын білеміз. Бірақ тап қазір Ұлттық банкке банктен банктік холдинг немесе ірі қатысушы мәртебесін алу туралы ресми құжат түскен жоқ"

Астана банкінің 29 тамыздан кейінгі жағдайы қандай болады деген сауалға Олжас Қизатов Ұлттық банктің жұмыс тізімі үлкен екенін және нақты жағдайға байланысты болатынын айтты. Негізінен, Ұлттық банк басқармасы банктің жеке тұлғалардан депозитке қаражат тарту лицензиясын одан әрі тоқтату туралы шешім қабылдауы мүмкін. Сондай-ақ реттеуші басқа да банк операцияларына арналған лицензияның жұмыс істеуін тоқтатуы мүмкін. Ақырғы шара – лицензияны қайтарып алу, бірақ ол тек ерекше жағдайда, яғни реттеушіде қаржылық институттың жағдайын тұрақтандыруға қатысты сенімділік мүлдем болмағанда ғана мүмкін.

Қалай болғанда да Ұлттық банк барлық әрекетті өзінің мандатына сәйкес іске асырады, сондықтан Астана банкіне қатысты барлық жұмыс мандатқа сай іске асырылып, банктің салымшы клиенттерінің құқын қорғауға бағытталады деп сендірді Ұлттық банк өкілі. Еске салар болсақ, Ұлттық банк басқармасының 2018 жылдың 29 мамырындағы №89 қаулысымен Астана банкінде жеке тұлғалардың банк шотын ашу және жеке тұлғалардан депозит қабылдау лицензиясының әрекет етуі 2018 жылдың 29 тамызына дейін тоқтатылған болатын. Шешім бақылаушылық әрекет аясында банктің банктік заңнама талаптарын бұзғаны үшін қабылданған.

2018 жылдың 1 маусымында Астана банкіндегі жеке тұлғалар депозитінің көлемі 44,2млрд теңге, заңды тұлғалардың депозиті 170,3 млрд теңге, дербес капиталы 40,3 млрд теңге, активтері 282,6 млрд теңге болған. Банкке жаза салынғаннан кейін бір ай өткесін, активтер 15 млрд теңгеге, міндеттемелер 8,9 млрд теңгеге, жеке тұлғалардың депозиті 1,7 млрд теңгеге, заңды тұлғалардың депозиті 3 млрд теңгеге, банктің өз капиталы 6,2 млрд теңгеге қысқарған.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу