Банк деген бір қаңбақ, сақтанғанға бақ қонбақ

2940

Біраз үзілістен кейін ұлттық банк қаржылық секторды тазарту операциясын қайта бастағанға ұқсайды.

Банк деген бір қаңбақ, сақтанғанға бақ қонбақ

Өткен аптада қаржылық реттеуші әлжуаз, проблемаларға "буаз" банктердің бірінің лицензиясын қайтарып алып, жұмысын тоқтатты. Тағы екі банктің қиыншылықтарды бастан кешіп жатқаны жария болды.

Әрине, қарапайым адамдардың теңгедегі – 10 миллионға дейінгі, ал шетел валютасында 5 миллион теңгеге дейінгі депозиттерін салымдарды кепілдендіру қоры қайтаратыны мәлім.

Ал бұл банктерде өз қаржысын орналастырған бизнесмендердің жағдайы қиынырақ. Мәселен, дара кәсіпкер Елеусін Бақтығұлұлы есептілік үшін қаражатын сол банктің бірінде ұстағанын айтады. Алайда өткен аптада серіктесімен есептесейін десе, тіпті жүз мың теңгесін де ала алмаған. Банк картамен аударуға да шектеу қойып тастаған көрінеді. Игі болғанда, бизнесменнің басқа банктерде де есепшоты бар екен, солар құтқарған. Бірақ жалғыз банкпен істес болған кәсіпкерлер осындай жағдайға киліксе, "түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден" айырылары сөзсіз. Оған дейін жеткізбес үшін ұлттық банк мамандары да, тәуелсіз сарапшылар жинақтарды алғашқы "ондыққа" кіретін әртүрлі отандық банктерде ұстауға кеңес береді.

Сондай-ақ мамандар банкроттық алдында тұрған банктерге тән мына нышандарға назар аударуды ұсынады.  

1. Банк кенеттен салымдар бойынша мөлшерлемелерін күрт көтеріп, арзан несиелер таратып, клиенттерді көптеп тарта бастайды.

Қазақстанда депозиттер бойынша сыйақылар жыл өткен сайын бірте-бірте төмендеуде. Егер 2017 жылы салымдар бойынша мөлшерлеме 14-15% болса, ал 2018 жылы ол орташа есеппен жылдық 11-12%-дан аспайды. Шетелдік валюталар бойынша сыйақы мөлшерлемесі небары 1%-ды құрайды. Бұл ретте Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры банктерге ұсыным ретінде белгілеген ең жоғарғы сыйақы мөлшерлемесі ұлттық валютада бұрынғы деңгейде сақталып, 14%-ды, ал шетелдік валютада 1 пайызды құрайды. Яғни, салмақты банктер бұл істе аса сақтық танытып, аяқтарын тарта басуда. Өйткені өз кезегінде қаржылық реттеуші нарықтағы ең жоғарғы мөлшерлемелерге ұдайы назарын бағыттап, қарап отыратын көрінеді. 

"Бұл ретте әлдебір банктің осы көрсеткіш бойынша үлкен шоғырдан қаншалықты қара үзіп, алға озғанына қарау керек. Егер жаңа клиенттерді қызықтырып, әртүрлі сыйақылар, бонустар түрінде салым мөлшерлемесіне қосымша қосатын пайыздары орташабанктік көлемнен 2% және одан көп болып шықса, бұған сезікпен қараған абзал. Әрине, сонымен бірге, егер банк портфелінің табыстылығы жоғары болса, айталық, жылдық 30%-ға дейін жетсе, ол салым сыйақысын да көтеруге бара алады. Бірақ қазіргі күйзелісті шақта мұндай қаржылық ұйымдар саны көп емес. Басқа барлық жағдайларда егер салым мөлшерлемесі орташа нарықтық деңгейден көп артық болса, бұл банктің өз өтімділігімен толтырудың басқа көздерінің барлығынан айырылып қалғанын білдіреді", – дейді Frank Research Group сараптамалық агенттігінің бас маманы Дмитрий Тарасов.

2. Банктің жоғарғы билікпен, әсіресе, ұлттық банкпен қақтығысуы жақсылық әпермейді.

Жаңалықтарға құлағы түрік жүрген оқырмандар біледі, кейде дәрменсіздікке ұшыраған банкке қатысты ұлттық банк оның атын атап, түрін түстеп, жұмысын қатаң сынап жасады. Бұл ол банктің болашағы бұлыңғырлау деген сөз. Яғни, одан іргені аулақ ұстаған жөн. Оның үстіне қаржылық реттеуші "ең жоғарғы жаза" – лицензиясын тоқтату не қайтарып алудан бұрын әдетте ескерту жасайды.   

Қандай да бір банкке ескерту жасалғаны, жұмысында олқылықтар табылғаны туралы деректер негізінен, ұлттық банктің интернет ресурсында (http://www.nationalbank.kz/?docid=3326&switch=kazakh) жарияланып тұрады. Кейін ол ақпаратты іскерлік ақпарат құралдары ары қарай таратады.

3. Банктің кредиттік рейтингтері күрт нашарлай бастайды. Нарықта өз орны бар, байсалды банктердің барлығында жаһандық үш халықаралық агенттіктің, яғни S&P, Fitch или Moody’s бірінің рейтингтері болады. Бұл алпауыт агенттіктердің сарапшылары кейде банк саласындағы жағдайды қаржылық реттеуші мамандарынан жақсы білуі ықтимал. Демек, егер осы үш агенттіктің бірі банктің рейтингін күрт нашарлатқаны немесе кері қайтарып алғаны туралы естісеңіз, сақтық танытқаныңыз абзал. Әрине, АҚШ-та орналасқан ол рейтингтік агенттіктердің әрекеттерінде саяси астар, жатжұрттық мүдде болуы да мүмкін. Бірақ қарапайым адамның оған тереңдеп жатуының қажеті де шамалы.  

Банктің кредиттік рейтингтері туралы ақпарат әдетте сол банктің өзінің сайтында жарияланып тұрады. Егер онда рейтинг туралы ақпарат жоқ болып шықса, деректерді investfunds.kz, banker.kz, kazbank.org және басқа да толып жатқан ресурстардан табуға болады.

"Осы орайда банктің сенімділігін көрсететін басқа да нышандар есепке алынуы керектігін түсінген абзал. Жоғары емес кредиттік рейтинг ұйымның нашарлығын білдіре бермейді. Дұрысы, рейтингтерді қайта қарау тарихын қадағалаған жөн. Сонда халықаралық агенттіктің ол банктегі жағдайға деген бағасы аңғарылмақ", – дейді сарапшы Валерий Пивень.

4. Банк акционерлері өз активтерін елден шығарып әкете бастайды.

Қазақстанда банкрот болған барлық дерлік банктердің қожайындары осы қадамға барған.

Бизнесмендер, компаниялар әдетте, өз миллиардтарын орналастыратын банктерді мұқият таңдайды, себебі, олардың байлығын депозиттерді кепілдендіру қоры сақтандырмайды. Егер олардың қандай да бір күдіктері болса, қаражаттарын ол банктен алып қоя бастайды. Сол сияқты банк қожайындары да өз активтерін банктен жаппай шығарып әкетуге кірісуі ықтимал.

Ірі бизнесмендер бөгде жанға қандай да бір банктен бар ақшасын қотарып алғанын мақтана айтпайды немесе ақпарат құралынан мәлімдемейді ғой. Сонда мұны қалай анықтауға болады? Банктер заң бойынша өз есептіліктерін жыл сайын жариялайды. Егер онда заңды тұлғалар активтерінің үлесі күрт төмендегені анықталса, бұл алаңдатады. Ендеше банктің есептілігіне үңілген артық болмайды.     

5. Банк өз филиалдарын жауып, қызметкерлерін қысқарта бастайды.

Егер есепшотта ірі қаржыңыз жатса, оны жол-жөнекей кіре салып, сыпырып ала алмайсыз. Банктердің барлығы дерлік ең кем дегенде бір күн бұрын ең болмағанда, телефонмен өтінім айтып, тапсырыс беруді талап етеді. Бұл сонша қаржыны инкасаторлар қап-қаппен жеткізіп қоюы үшін қажет. Ал егер бірнеше миллиондық соманы алу, депозитті жабу үшін бірнеше күн бұрын өтінім беруді сұраса, бұл банкте ірі проблемалары барлығын білдіруі ықтимал.  

Бұдан бөлек, мамандардың айтуынша, егер банк жұмыс жасау уақытын азайтып, ерте жабылуға көшсе, қызметкерлерінің санын кемітсе, қаржылық ұйым сол арқылы өз жинақтарын әкеткісі келетін клиенттердің ағынына тосқауыл қоюды ойластырып отыруы ғажап емес көрінеді.

Қалай болғанда, қазіргі күрделі шақ "сақтанғанға бақ қонбақ" дейді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу