Астана мектептерінде 17 мың орын жетіспейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4875

Білім және ғылым министрі бұл мәселені жекеменшік мектептер салу арқылы шешпек.

Астана мектептерінде 17 мың орын жетіспейді Фото: total.kz

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің сөзінше, астанада мектеп жетіспейді.  

"Қазір Елордада 108 мектеп бар. Оның 87-сі – мемлекеттік мектеп, қалғаны жекеменшік мектептер. Бұған 4 республикалық мектепті қосыңыз. Алдағы 1 қыркүйекте 24 мың бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтіп отырмыз. Былтыр 1 сыныпқа 18 мың бала барған болатын. Оқушылардың саны көбейіп барады. Сол себепті 17 мың орынның жетіспейтіні байқалады", – деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Әкімнің пікірінше, аталған мәселені шешу үшін алдағы бес жылда Нұр-Сұлтанда 37 мектеп салынуға тиіс.

"Біздің болжамға сәйкес, 1 қыркүйекте 8 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейтін болады. Сондықтан Елорданы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, алдағы бес жылда 37 мектеп салуымыз керек. Бірақ, республикалық бюджетке ғана иек артып отыру жарамайды. Жақында инвестициялық кеңесте 11 жеке мектепті қолдадық. Ол мектептер жеке инвестициялардың есебінен салынады. Осы жылы 1 қыркүйекке дейін 8 мектеп, 5 қосымша нысан және 3 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл 5 мың орынды жабуға септігін тигізеді", – деді Алтай Көлгінов.

Әкімнің сөзінше, Елордаға адамдар көптеп көшуде. Миграциялық және демографиялық сальдо оң нәтижені көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде астанада 1,1 млн адам тұрады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешудің бірден-бір жолы – жекеменшік мектептерді қолдау.

"Мектептегі орын жетіспеушілігі мәселесіне Үкімет ерекше назар аударып, қыруар қаражат бөліп жатыр. Қазір ел бойынша 200-ге тарта жаңа мектеп салынуда. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында туу мен көшіп келу көрсеткішінің саны артқаннан соң, бала саны бір жылда 20 мыңға өседі. Сол секілді Алматы облысында бір жылдың ішінде үш ауысымды мектептердің саны 30-дан 53-ке көбейіп жатыр. Бұл тек туу көрсектішіне қатысты емес, көші-қонға да байланысты мәселе", – дейді Асхат Аймағамбетов.

Министр осыдан бірнеше жыл бұрын балабақша мәселесінің оң шешілгенін атап өтті. Мектептерге қатысты проблеманы да шешуге мүмкіндік барын жеткізді.

"Балабақшалар бойынша жан басына қаржыландыру жүйесін енгізгеннен кейін балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 95,2 пайызға жетті. Сондықтан, жекеменшік мектептердің үлесін өсіруге назар аударудамыз. Қазіргі уақытта жан басына қаржыландыру механизмі әзірленді. Қысқа мерзімнің ішінде 25 жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін тағы біраз мектеп іске қосылады. Бірақ, бұл да аздық етеді. Сондықтан, қайта құру механизмін енгіздік", – деп толықтырды министр.

Бас мұғалімнің сөзінше, Нұр-Сұлтан қаласында мектеп салу үшін жер тапшы. Бірақ, дайын тұрған ғимараттар да жоқ емес.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу