Биыл елордада 8 мың үлескерге пәтер беріледі

1819

Алтай Көлгінов үлескерлік нысандардағы заңсыздықтарға тоқталды.  

Биыл елордада 8 мың үлескерге пәтер беріледі

Нұр-Сұлтанда 52 сақалды құрылыс бар. Оның көбі үлескерлердің ақшасына салынуға тиіс болған. Қала әкімі Алтай Көлгінов осы нысандардың қазіргі ахуалы туралы баяндады.

"Мемлекет  пандемия мен дағдарыс үлескерлердің мәселесіне кері әсер етпеуі үшін барлық жағдайды жасап бақты. Президент астананың дамуына арналған отырыста негізгі мәселенің бірі ретінде осы проблеманы көтергенін білесіздер.  Тапсырма алдық, қаржы бөлінді. Соның арқасында былтыр 10 тұрғын үй кешенін қолданысқа бердік.  Бұл 2,5 мың отбасы деген сөз. Биыл 20 тұрғын үй кешенін бермекпіз. Бұл шамамен 8 мың отбасы баспаналы болады деген сөз. Әрине, дағдарыс өз түзетулерін енгізді. Құрылысшылардың бір бөлігі індет өршіген кезеңде ауырып жатты. Бір жерлерде құрылыс қарқыны бәсеңсіді. Соған қарамастан, бұл проблемамен күн сайын, таңнан кешке дейін шұғылданып келеміз",  деген қала басшысы құрылыс саласындағы алаяқтықтың сан түрімен бетпе-бет келгенін бүкпесіз айтты.

"Проблема шаш етектен. Тіпті үйдің орнында шалшық қана тұрған нысандар бар. Ал пәтерлер баяғыда сатылып, иесін тапқан.  5 қабаты ғана салынса да, 10 қабаты бірдей сатылып кеткен үйлер бар. Құжат бойынша 7 қабат болғанымен, 9 қабаты бірдей сатылған үйлер кездесті. Қаңқасын ғана салып, елге дайын пәтерлерлер күйінде сатып жібергендер де бар. Кейбір жылпостар бір пәтерді бірнеше адамға сатып жіберген. Бұл – үлкен заңсыздық. Жауапты адамдардың кейбірі сотталып, кейбірі қашып кеткен. Бірақ үлескерді мәселесі онымен бітпейді ғой. Үлескер дегеніміз өзіміз сияқты елдің азаматы емес пе?! Мемлекет оларды проблемасымен бетпе-бет қалдырмау үшін шешуге күш салып жатыр.  Бірақ мемлекет берген ақшаны қайтару керектігін олар да түсінуі керек",  деді әкім.

Шаһар басшысы атышулы нысандардың әрқайсына жеке тоқталып, олардың қазіргі ахуалы туралы мәлімет берді.

"Үлескер бар мәселені бір сәтте шешіп беруімізді талап етеді. Әрине, күте-күте төзімдері таусылғаны түсінікті. Бірақ бір күнде ештеңе шешілмейді. Ең күрделі кешеннің бірі "Жағалау" еді ғой. №30 үй дайын деуге болатын. Бірақ мердігер  құрғақ уәдемен бәрімізді тойғызып болды. Оның уәдесіне сенуден қалдық. Бәрін кезек-кезекпен шешіп келсек, абаттандыруға бөлінген ақша жоқ. Оны да әкімдік шығарды ақыры. Оны бітірдік-ау десек, №27,28,37 үйлерде де осындай мәселе бар болып шықты. Тіпті ақша берсек те жұмыс істемейтін мердігерлер болды. Парадокс деуге болады.  "Шығыс" тобындағы бес бірдей үй алдын ала сатылып кеткен. Ал үйдің қаңқасы да жоқ. "Комфорт-1" кешенін тіпті "карта-үй" деуге болады. Үйдің қалыңдығы стандартқа келмейді, қабырғалар қалай болса, солай қабыстырылған, бетонның маркасы мүлде басқа боп шықты. Үлескерлердің қоныстанып үлгермегені жақсы болды қайта. Ол үйді сүріп тастап, қазір салып жатырмыз. Бітуге жақын. "Комфорт-2", "Орбита" деп тізе берсек, 52 проблемалық нысан бар. Қазір оның бәрін жеке айтып отыра алмаймын. "Ақбұлақ"  кешенінде үй салынбаса да, ел гараж салып алған. Оны жайдан-жай бұза алмаймыз. Өйткені мүлік заңына қайшы", – деді Алтай Көлгінов.

Биыл елордада әлеуметтік маңыздағы 8 мың пәтер қолданысқа берілуі керек. Әкім ол үйлер кімдерге берілетінін атады.

"Биыл астанада әлемуеттік маңыздағы 8 мың пәтер беріледі. Биыл бұл санаттағы баспана көлемі 3 есе көбейтілді. Бұл пәтерлер кімдерге беріледі? Олар: "ТұрғынүйҚұрылысЖинақбанкінің" салымшылары, баспана кезегінде тұрғандар, апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындары, дәрігерлер мен мұғалімдер. Аз қамтылған отбасыларға арналған "Бақытты отбасы" бағдарламасы бар. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар да осы тізімде бар. Биыл берілетін 8 мың пәтермен бұл мәселе шешілмейді. Қазір осы санатқа кіретін 48 мың адам кезекте тұр.  Оның бәрі кезек реті бойынша баспаналы болады",  деді елорда әкімі.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу