Астана. Ширек ғасыр шежіресі

1226

Қазақ елі астанасын Алатау баурайындағы Алматыдан Арқа төсіне ауыстырғанын жалпақ әлемге паш еткен кезден бері ширек ғасыр өтіпті. Inbussines.kz тілшісі ашық дерек көздеріндегі мәліметке сүйене отырып, осы аралықта ескі де жаңа қаланың қалай түлегенін сараптап көрді.  

Астана. Ширек ғасыр шежіресі Фото: TripPlanet.ru

"Алматы – бас қала

Астана – жас қала

Бірің -Ай, бірің – Күн

Егіздей қос қала".

Әзіл-ысқақ театрының сахнасында сөзі бұрмаланып айтылған осы бір ән екі тізгін бір шылбырын қолына енді алып, астанасын ауыстырып жатқан, болашағына деген күдіктен сенімі басым бүкіл қазақ халқының жүрек қылын қозғаған еді.

Көпшіліктің кіршіксіз көңілі астана ауыстыру идеясына скептикалық көзқараспен қараған сарапшылардың үнін біртіндеп тұншықтыра берді. Елдің ертеңге деген үмітінің символындай болған сол Астана қазір ішкі саяси тартыстардың алаңына айналған. Оған кейінгі 3 жылдың төңірегінде атауының 2 рет өзгергені дәлел.

Халық бас қалаға бұрынғыдай балаң көңілмен, романтикалық үмітпен көз тікпейді. Өйткені өміріндегі кез келген игіліктің де, қиындықтың да төркіні Астанада жатқанын түсініп болған. Есіл жағасында қабылданатын әрбір  шешімге үн қатып, реакция білдіргісі келеді.

 Осыдан 25 жыл бұрын Арқаға ағылған нөпірдің арасында арман қуып аттанғандардың қарасы басым болса, қазір әділдік іздеп, теңдік  сұраған пұшайман көңілді пенделердің қатары көп.

Астанаға жердің асты-үстіндегі байлық пен халықтың салығынан жиналған бюджетке шөміш салуға қолайлы мінбер ретінде қарайтындар да көп. Атышулы жемқорлық дауларының көбі осы Астанада тіркеледі.

Дала демографиясы

Қазіргі Астананың сәулет нобайын сызып кеткен жапон маманы Кисе Курокава екенін білмейтін қазақ жоқ шығар. Скептиктердің Астана болашағы туралы пессимистік болжамдарын орындалмастай еткен басты фактор жапон сәулетшісінің жанындағы мықты мамандардың көрегендігі болатын. Жапониялық мамандар тобы Арқаға көшу процесін экономикалық тұрғыдан тиімді бизнес-модель ретінде жобалай білген. Қаңтар оқиғасына дейін сол есіл еңбек мемлекет басшылығының сарабдал саясаты ретінде насихатталды.

Жапон сарапшылары оңбай қателескен шешуші дүние – астаналықтардың демографиялық әлеуеті еді. Канберра, Анкара сияқты астаналардың даму тарихын негізге алып жасалған болжам көшпелі өркениеттің тікелей мұрагері қазақ халқына жүрмейтін болып шықты. Жапон сәулетшісі елорда халқының саны 2030 жылға қарай 800 мың болуы керек деп топшылаған. Сонда ғана Астана Есілдің берекесін қашырмай, құтқа толы арнасын ластамай жетіледі деп есептеген. Ал Астана халқының саны қазірдің өзінде 1,3 млн межесіне жетіп қойды.

Қаланың бас жоспарында астаналықтардың саны 2035 жылға қарай 2,2 млн адамнан асады деп болжанған. Бұл осыдан 25 жыл бұрын тым қияли есеп саналса, қазір қисынға қонымды.

25 жылда елорда халқының саны 4,2 есе өскен көрінеді. 326 мың 900 адамнан 1 млн 371 мың адамға жеткен. Алғашқы 20 жылда қала халқының саны көші-қон есебінен ғана артып келсе, кейінгі жылдары туу көрсеткіші де арта түсті. Ол түсінікті де. Мұнда көбіне жас мамандар, репродуктивтік әлеуеті бар тұрғындар қоныс аударады. Кейінгі 3-4 жылда жыл сайын 25-30 мың бала дүние есігін ашатын болған.

Құрылысшылар қаласы

Қаланың жалпы өңірлік өнімі 1998 жылы 60,5 млрд теңге болса, 2022 жылы 10,4 трлн теңге болыпты.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1998 жылғы 20,2 млрд теңгеден 2022 жылы 1,9 трлн теңгеге жеткен – ширек ғасырдың ішінде 95 есе өскен.

Астанаға осыдан ширек ғасыр бұрын келген адам қаптап тұрған құрылыс крандарын бірінші байқайтын. Қазір де ұзын мойын крандардың қарасы көбеймесе, азайған жоқ. Тек зәулім ғимараттар арасынан  бұрынғыдай менмұндалап, көзге шалына бермейді.

Жалпы қала экономикасына 1998 жылдан бері 13,7 трлн инвестиция тартылған. 25 жылдың ішінде бұл шама 40,8 млрд теңгеден 1,4 трлн теңгеге немесе 35 есе өскен.

Ширек ғасыр бұрын мұндағы номиналды орташа еңбекақы мөлшері 12 886 теңге болса, 2022 жылы 409 мың теңге болып көрсетілген.

 1999 жылы қала тұрғындарының ең төменгі күн көріс деңгейі 3420 теңге деп белгіленсе, 2022 жылы 49 698 теңге болып тіркелген.

1998 жылы қаладағы жұмыссыздық деңгейі 13 пайыз болса, 2022 жылы 4,6 пайыз деп көрсетілген.

1998 жылы тұтыну бағаларының жылдық өсім индексі 108,7 пайыздан асса, 2022 жылы 123 пайыз болғаны айтылды.

Парадокс: Пәтер де көп, баспанасыз халық та көп

Ресми статистикаға сенсек, құрылысқа салынған инвестицияның есебінен 25 жылда қаланың тұрғын үй қоры 32 млн шаршы метрге жеткен. Әкімдіктің есебінше,  бұл шамамен 320 мың пәтер деген сөз. Астанадағы отбасылардың әлі де еуропаланып үлгермегенін, бір әулеттен бір адам елордаға тартылса, ізінен бірнеше адамның ере келетінін ескерсек, бір пәтерге орта есеппен 4 адам қоныстанады. Қаладағы 1 млн 371 мың адамды 4-ке бөлсек, 342 мың пәтер қажет. Басқаша айтсақ, баспанасыз халықтың саны 91 мың адам болу керек еді. Шын мәнінде пәтер жалдап жүрген халықтың саны бұдан әлдеқайда көп екенін кез келген астаналық айта алады. Демек, қолданысқа берілген пәтердің бәрі баспанаға мұқтаж адамға тиіп жатыр деген сөз емес. Бір ғана 2022 жылдың өзінде 2,4 млн шаршы метр баспананың кілті табысталған. Бұдан астаналықтардың төлем қабілеті өте ала-құла деген қорытынды шығады.

Қаланың бас жоспарындағы мәлімет бойынша, 2016-2021 жылдары Астана қаласында 10 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Қолданыстағы тұрғын үй қорының 83,5%-ы  көп пәтерлі. Бүгінде бір адамға есептегендегі тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші  21,1 шаршы метр болып тұр. Бас жоспарда бұл көрсеткішті 2035 жылға дейін 30 шаршы метр ету қажет деп белгіленген. Ол межеге жету үшін қаланың тұрғын үй қорын 32 млн шаршы метрден 2035 жылға дейін 68 млн 250 мың шаршы метрге жеткізу қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу