Зеңгір көкке құштарлық Астанадан бастау алмақ

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2484

2018 жылы елордада авиация мамандарын даярлайтын өңірлік орталықтың құрылысы басталмақ.  

Зеңгір көкке құштарлық Астанадан бастау алмақ

Келер жылы авиация мамандарын оқытатын, қайта даярлайтын және аттестациядан өткізетін орталықтың іргетасы қаланады. Ал үш жылдан кейін нақты іске кіріспек. "Қазаэронавигация" АҚ өкілдерінің пайымынша, орталықтың қызметіне отандық авиация мамандары ғана емес, шетелдіктер де жүгіне алады.

Бүгінде "Қазаэронавигацияның" 3 өңірлік орталығы мен 15 филиалы,  сондай-ақ мамандандырылған медициналық және кәсіби даярлау орталықтары бар. Жалпы кәсіпорында 2700-ге жуық жоғары білікті маман жұмыс істейді.

Қазақстан аумағында ұзындығы 84 мың шақырымнан асатын 92 әуе трассасы бар. Көрші мемлекеттердің шекарасындағы әуе дәліздерінің саны – 73.

"Орташа есеппен жылына шамамен 230 мың рейске қызмет көрсетеміз. Тәулік бойы 600-ден астам ұшақ басқарылады. Жалпы әуе тасымалындағы транзиттік рейстердің үлесі 70%-ды құрайды", – деді "Қазаэронавигация" АҚ бас директоры Азат Бектұров Астанада өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO – Internatіonal Cіvіl Aviation Organіzatіon) Авиация мамандарын даярлау және TRAINAIR PLUS жөніндегі симпозиумында.

Шетел авиакомпанияларының транзиттік тасымалының 80%-ы Қазақстанның аумағы арқылы өтеді. Осылайша, біздің ел Еуропаны Оңтүстік-Шығыс Азиямен, Оңтүстік Азияны (Таяу Шығыс) Еуропамен жалғап отыр. Қазақстан арқылы өтетін әлеуеті зор транзиттік бағыттардың бірі – трансқұрлықтық рейстер. Яғни АҚШ пен Канада арқылы кросс-полярлы бағыттар бойынша Үндістан, БАӘ, Пәкістан, Таиланд, Сингапур елдеріне қатынау. Бұл бағыттар бойынша рейстер тұрақты түрде жүзеге асырылуда.

"Біз ұлттық аэронавигациялық жүйе құрдық. Бұл жүйе көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігіне толықтай жауап береді. Сондай-ақ аталған жүйе тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға және еліміздің әуе кеңістігінің тартымдылығын арттыруға бағытталған. Алайда әлем бойынша азаматтық авиацияның даму әлеуеті мен деңгейі салаға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Атап айтқанда, еліміздің аэронавигациялық жүйесіне жаңа технологияларды енгізу, жоғары деңгейлі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әуе кеңістігін және әуе қозғалысын жетілдіру міндеттері тұр. Осыған орай компания 2025 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму бағдарламасын қолға алды. 2019 жылдан бастап елімізде PBN (спутниктік деректер негізінде құрылған әуедегі навигацияның соңғы буыны – автор) сипаттамаларына негізделген навигацияны енгізу басталады", – деді компания басшысы.

 "Бұл – ICAO-ның талабы. Өкінішке қарай біз PBN жүйесін енгізбеген елдердің қатарындамыз. Өзгелерден сәл-пәл артта келеміз. Бірақ оларды қуып жететініміз анық", – деді Азат Бектұров.

2025 жылға қарай әуе кеңістігін игеру және еркін бағдарлардың икемді принциптерін енгізу жоспарлануда. Бұл әуе кеңістігін пайдаланушылардың өздері таңдаған бағдарларды дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикалық тұрғыдан да тиімді. Аэронавигациялық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында әлеуетті спутниктік технологиялар енгізіліп, қауіпсіздікті басқару жүйесі жетілдірілмек. Сонымен қатар аэронавигациялық ақпаратты басқарудың барлық элементі енгізіледі.

"Бұл жобалар ұлттық әуе кеңістігін пайдаланудың және біздің қызметімізді пайдаланушылардың тиімділігін арттырады. Кадр даярлау мәселесі де ұмыт қалмайды. Бұл мәселеге ерекше назар аударып келеміз. Себебі мамандарды даярлау тікелей біздің қолымызда. Мамандарды кәсіби тұрғыдан даярлайтын оқу орталығымыз бар. Бұл жерде тек қана "Қазаэронавигацияның" мамандары ғана емес, азаматтық авиация саласының барлық өкілі біліктілігін арттырады", – деді Азат Бектұров.

Қазіргі уақытта авиациялық оқу орталығы авиация қызметкерлерін кәсіби даярлаудың заманауи жүйесімен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда түрлі санаттағы мамандарға 70-тен астам арнайы сертификатталған оқу бағдарламасы енгізілген. Замануи білім беру аудиториялары, әлемнің таңдаулы оқу орталықтарында білім алған білікті нұсқаушылар бар.

Орталық The Joint Aviation Authorities Training Organization, (JAA ТО, Нидерланды), Еуропаның озық орталықтарының бірі – Францияның ұлттық азаматтық авиация мектебі (ENAC), Инчхон әуежайының авиациялық академиясы (Оңтүстік Корея), Сингапур авиациялық академиясы, DFS академиясы, Fly Level авиациялық даярлық орталығы (Румыния) секілді халықаралық ұйымдармен әріптестік байланыс орнатқан.

"2016 жылдан бастап орталық ICAO TRAINAIR Plus бағдарламасының толыққанды мүшесі атанды. Бұл – үлкен мәртебе әрі негізгі басымдықтардың бірі. Біз ICAO-ның жоғары стандарттарына сай болуға тырысамыз. Мұндай мәртебеге географиялық жағынан ICAO-ның Солтүстік Атлантика және Еуропалық бюросына қарайтын бар-жоғы бес оқу орталығы ғана ие болып отыр. Азаматтық авиацияның заманауи қауіп-қатерлерін ескеруіміз керек. Сондықтан саланы білімді де білікті мамандармен қамтуымыз қажет. Астанада өңірлік оқу орталығын құру арқылы біздің мүмкіндігіміз артады. Орталықтың құрылысы келер жылы басталады. Біздің міндет – отандық нарыққа ғана емес, халықаралық деңгейде де авиациялық саланың мамандарын даярлау", – деді Азат Бектұров.

Жаңа орталық авиацияның барлық саласынан білімі мен тәжірибесі бар ең мықты мамандар мен сарапшыларды тартуды көздейді.

"Орталық аймақтар мен Орталық Азияның авиация мамандары білімдері мен жұмыстарының тиімділігін арттыратын өңірлік институт болады деп отырмыз. Орталық жұмысына ICAO ресурстары базасына негізделген инновациялық технологиялар мен оқытудың әдістері енгізілетін болады", – деді ол.

Орталық әлемдік азаматтық авиацияның ұйымдарымен өзара әрекет ететін болады, сондай-ақ кәсіби дайындық саласында танылған ұйымдармен әріптестік қарым-қатынас орнатады. Орталықтың авиация техникасын өндірушілермен әріптестігі жаңашыл технологияны және азаматтық авиация саласы үшін кадрларды дайындау саласындағы идеяны алға жылжытуға өз үлесін қосуға көмектеседі. 

"Қазақстан, ТМД және Орталық Азия елдерінің азаматтық авиация ұйымдарымен берік және белсенді әріптестік байланыс орнату – біздің оқу ортылығымыздың табысқа жетудегі маңызды шарттарының бірі болмақ. ICAO талаптарына сай жоғары білікті мамандарды дайындаудың сапасын жақсарту мен талқылауда  барлық авиация қауымдастығы үшін біздің оқу орталықтың есігі үнемі ашық. Оқу-әдістемелік кешендерді бейімдеу және іске асыруға қатысты қызығушылық білдірген барлық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық жасауға, сондай-ақ біздің жаңа орталықтың қабырғасында авиациялық мамандарды бірлесіп оқытуға дайынбыз", – деді Азат Бектұров.

Орталық клиенттерді таяу елдерден, оның ішінде Орталық Азия елдерінен тарта алады. "Қазаэронавигация"-ның голландиялық серіктестері Астанадағы жаңа орталықта оқуға қызығушылық танытып отыр. Олар біздің орталықта оқитын болса, ұшып келу уақытын үнемдеп, жұмыс жасап тұрған шетелік орталықтардағы үлкен жүктемені қысқартады. 

"Бұл халықаралық авиацияны оқып-үйренудің орталығы болады", – деді ол.

Азат Бектұров орталықты салудың құны, оқитындардың саны, оқыту/қайта оқу/ аттестация ақысы техникалық-экономикалық негіздемені дайындап болғаннан кейін ғана белгілі болатынын айтты.

"Үнемдеу тұрғысынан (авиация мамандарын оқыту/қайта оқу/ аттестациядан өткізу – автор) алып қарайтын болсақ, әрине, тек біз үшін ғана тиімді емес, сондай-ақ қазір шетелге оқуға жіберіліп жатқан нарық қатысушылары үшін де тиімді. Қазақстан нарығының барлық қатысушысын шетелге оқуға жібіреді, оның ішінде біз, авиакомпаниялар, әуежайлар да бар. Егер біз тиісті инфрақұрылымды осы жерде құрып, сондай білім деңгейін, сертификаттар мен дипломдарды осы жерде беретін болсақ, онда жерсіндіру тұрғысынан бұл орталықтың осы жерде болғаны жақсы екенін түсінеміз", – діді ол журналистерге.

Сонымен қатар Азат Бектұров елорда әуежайының келешегі жақсы болғандықтан, орталықты Астанада ашуға шешім қабылданғанын айтты.

"Орталықты Астанада салу туралы шешімді тегін қабылдаған жоқпыз. Әрине, қазіргі уақытта Қазақстан авиациясындағы ең үлкен қозғалыс бар  әуежай Алматыда орналасқан. Бірақ та біз шағын сараптама жасадық. Сараптама нәтижесі авиацияның келешегі  Астанада болатынын көрсетті. Біз тап осы Қазақстанның орталығында осындай оқу орнын құрғымыз келді. Мұндай оқу орны қазір Алматыда бар, алайда біз оны жаңа сапа, жаңа деңгей бойынша Астанаға көшіріп жатырмыз. Авиция академиясымен бәсекелесетін ойымыз жоқ. Авиация академиясы жоғары білім береді, көптеген мамандыққа оқытады. Біз бұл жерде тренинг,  салаға қажетті авиация мамандарын оқыту туралы айтып отырмыз. Біздің тренинг-орталық – бұл өзіміздің диспетчерлерді оқытудың негізі. Әрине, әуежайға, авиакомпанияларға, азаматтық авиация комитетіне қажет барлық мамандықты дайындағымыз келеді", – деді ол.

Симпозиум барысында инвестиция және даму министрлігі Жеңіс Қасымбек соңғы жылдары еліміздің авиациясы белгілі бір оң динамиканы көрсетіп отырғанын, ұшу аумағы кеңейіп, саланың экономикалық көрсеткіштері артып, әуе тасымалына деген сұраныстың өсіп келе жатқанын атап кетті.

"Мұның барлығы заманға сай авиация мамандарын дайындауды талап етеді. Былтырғы жылы ICAO тексерісін жүргіздік. Қазақстандағы азаматтық авиация саласының ICAO ұсынып отырған стандарттарға сәйкес келу деңгейі 74%-ды, ал орташа еуропалық көрсеткіште 76%, орташа әлемдік көрсеткіште 63%-ды құрап отыр. Бүгінгі күні Қазақстан басқа елдермен 96 халықаралық бағдар бойынша  байланысқан. Жыл сайын жаңа бағыт ашылуда", – деді ол.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанадан және Астанаға келетін жаңа бағдарларды ұйымдастырудың арқасында жолаушылар ағыны 90%-ға өскен, ал халықаралық бағыт бойынша 30%-ға өскен.

"Бүгінгі күні Қазақстанның азаматтық авиациясы алдында  әуежайларды жаңғырту, авиациялық транзиттік технологияларды, аэронавигациялық технологияларды жетілдіру, әуе кемелері паркін жаңарту міндеті тұр. Сонымен қатар ең басты міндетіміз – бұл авиация мамандарын оқыту мен дайындау", – деді министр.

Министр дәл қазіргі уақытта салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

"Салаға қажетті кадрларды дайындаумен азаматтық авиация академиясы, оның ішінде "Қазаэронавигация" компаниясының базасында жұмыс істейтін оқу орталықтары айналысады", – Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ министр журналистерге ұшқыштар елдегі жұмыс көлемінің артқанына қарамастан, шетелге жұмыс істеуге кету туралы шешімді өздігінен қабылдай алады.

"Әрине, авиатасымалдау нарығы өсіп келеді. "Қазаэронавигация" мәліметтері биылғы жылы авиация нарығының 10%-ға өскенін көрсетеді. Air Astana алғашқы жартыжылдықта 19%-ға өскен. Ұшу саны өсіп келеді, жаңа әуе кемелері керек, әуежайлардағы жұмыс ауқымы артуда, мамандар қажет. Біздің мамандар сұранысқа ие. Кей жерде жалақы жоғары, кей жерде жалақы аз. Сондықтан адам өзі үшін жақсы жағдай іздейді. Кім болсын жалақысы жоғары авиакомпанияға жұмыс істеуге барады", – деді ол.

Жеңіс Қасымбек соңғы уақытта орын алған әуе апаттарына түсініктеме бере отырып: "Жүйелі дағдарыс жоқ. Бізде оң динамика ғана бар", – деп атап кетті.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу