Астанада "қара тізімге" енген тұрғын үйлердің қайсысы сүріледі?

1411

Астанада жыл басынан бері 90 құрылыс тиісті рұқсаттарды алмастан салынып келген.

Астанада "қара тізімге" енген тұрғын үйлердің қайсысы сүріледі? Фото: inbusiness.kz

Құрылысты қадағалаушы органдардың кеш оянғаны жарнамасы жер жарған компаниялардың сөзіне сенген баспанасыз халыққа кесір болып тиіп жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

50 нысанның тағдырын сот шешеді

Өткен айда Астанада 47 нысан әкімдіктің "қара тізіміне" алынғаны туралы мәлімет тарады. Сол тізімнен өзі ақша салған тұрғын үйді көріп біраз халық күйзеліске түсті.

Күйзелген халықтың арасында күңкіл мен кіжіну көбейетіні заңдылық. Рұқсатсыз құрылысты неге басталған кезде бірден тоқтатпаған? Мыңдаған тұрғынның ақшасын жинап, жарнамасы жер жарып жатқан кезде халыққа ол нысанды салуға рұқсат жоқ екенін неге ескертпеген? Заңсыз құрылыстар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптағанша, неге қадағалаушы органдар үнсіз отырған? Соңғы теңгесін тұрғын үйдің құрылысына салып, жер сипап қалу қаупіне тап келген халықтың көкейінде осындай сұрақ тұр. Әкімдіктің адам түсінуі қиын заңдар мен нормаларға сүйенген жауабы олардың күдігін сейілтудің орнына қоюлатып жатыр. 

Бір ай бұрын "қара тізімге" енген 47 нысанның қаншасы сүріледі, нешеуінің құрылысы уақытша тоқтап тұр, нешеуінің құрылысы аяғына дейін жетеді? Қазір елдің көкейінде осындай сұрақ тұр.

Әкімдік сайтындағы ресми мәліметтерге көз салсақ, жыл басында Астана аумағында рұқсат құжаттары жоқ 90 құрылыс тіркелген. 

Соңғы мәліметтер бойынша, сол 90 нысанның 46-сы бойынша құрылысты әрі қарай жалғастыруға рұқсат берілген. Яғни, құрылысқа жауапты компаниялар әкімдіктің айтқанын бұлжытпай орындап, қадағалаушы органдардың тілін тапқан.  

Қалған 44 нысанға жауапты компаниялар қазір  ескертулерді жойып, рұқсат құжаттары мен экологиялық қорытынды алу үшін жан салып жатыр. 

Әкімдіктің қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасы дейтін органы бар. Заңсыз деп танылған нысандарды тезге салып жатқан сол мекеме. Басқарма мамандары Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру және нысанды сүріп тастау туралы 63 талап-арыз жолдаған.

Оның ішінде 13 талап-арыз сотта қаралып жатыр. Тағы 50 талап-арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарылған. Яғни, қазір 50 нысанның құрылысы уақытша тоқтатылған. Енді әрі қарай жалғастыру немесе жер бетінен сүріп тастау мәселесі пысықталады деген сөз. 

Нақтырақ айтсақ, 8 шешім әлі заңды күшіне енбеген. 42 шешімнің орындалуын қалалық әділет департаменті қадағалап отыр.

Қалалық орта сапасы жəне бақылау басқармасының БАҚ сауалына берген жауабында сотқа жолданған 50 талап-арыздың төртеуі бойынша нысанды сүріп тастау туралы шешім шығарылғанын айтқан. Бірақ кейін 4 шешімнің 3-уі күшін жойған. Өйткені нысанның құрылысына халық ақша салып қойған. Осыны ескерсе керек, кемшіліктер жойылды деген негіздемемен құрылысты жалғастыруға қайта рұқсат берілген.

Сүріле жаздап, сүрілмей қалған үш нысан мыналар:

- "Mars Project" ЖШС – "Алматы" ауданы, А. Байтұрсынұлы және А84, А85 көшелерінің қиылысы ауданында орналасқан кіріктірілген үй-жайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені. Әкімдіктің мәліметі бойныша бұған дейінгі ескертулердің бәрі орындалып, рұқсат құжаттары алынған.
- "Stroy Group kz-202" ЖШС – "Есіл" ауданы, Ш.Айтматов және Ж.Молдағалиев көшелерінің қиылысы ауданында орналасқан "Лиссабон" көппәтерлі тұрғын үй кешені". Мұнда да барлық ескерту жойылып, рұқсат құжаттары алынды;
- "Пром Строй Гарант КЗ" ЖШС – "Алматы" ауданы, А. Байтұрсынұлы, Т. Жүргенов және №23-16 көшелерінің қиылысында орналасқан "Сатурн" көппәтерлі тұрғын үй кешені".  Анықталған кемшіліктердің бәрі түзетілгендіктен рұқсат құжаттары берілген.

Ал "Алматы" ауданындағы Ш.Қалдаяқов және Қ. Әзірбаев көшелерінің қиылысында "Global Millennium" ЖШС салып жатқан  "Көппәтерлі тұрғын үй кешеніне" үлескерлер ақша салып үлгермеген. Дегенмен үйдің сүрілетіні немесе әрі қарай салынатыны түсініксіз. Мәселе әлі сотта қаралып жатыр.

Баға брондаудың құйтырқы қақпаны

Жарнамаға сеніп, сызбадағы үйге ақша салып жіберген халық қазір әлеуметтік желіде түрлі чаттар ашып, лек-легімен құрылыс компанияларының табалдырығын тоздырып жүр. Әкімдіктің "қара тізіміне" ілінгенін естіп, салған ақшасын қайтарып алуға өтініш бергендер де баршылық. Олардың алды ақшасының бір бөлігін алып та үлгерді. Бұлардың бәрі өздерін үлескермін деп ойлап жүргенімен, Қазақстан заңнамасында құқықтары қорғалмауы мүмкін. Мемлекеттік органдар үлескерлік құрылыстың салдарынан туындайтын проблемалармен бүгін ғана бетпе-бет келіп отырған жоқ. Сондықтан болса керек, басы артық даудан өздерін арашалайтын нормалар қабылдап алған. Яғни, мемлекеттік органдар өзін үлескермін деп жүрген халықтың бәрінің талабын орындауға міндетті емес. Енді осы тұсын тарқатып түсіндіріп көрейік. 

Елімізде "Үлестік қатысу туралы" Заң бар. Осы заң бойынша, тұрғын үй құрылысына үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу үшін "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ беретін кепілдік болу керек. Бұл аталмыш мекеменің кепілдігі жоқ құрылысқа ақша салудың тәуекелі көп деген сөз. Күні ертең компания басшысы жиналған ақшаны қалтаға басып алып, шетел асса немесе компанияның құрылтайшысы әкімдікке жаңа келген басшылармен тіл табыспай қалса, салған ақша желге ұшуы әбден мүмкін. 

Үлескер ақшасын құрылысқа тартудың екінші тәсілі – екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу. Бұл жерде үлескердің алдындағы міндеттеменің орындалуына банк те жауапты болады.

Үшінші тәсіл – үлескерлердің ақшасын көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін барып тарту.

Бұлардан басқа тәсілмен үлескер тартқан компанияға ақша салу ертеңі дүдәмал мәміле деп түсіну керек. 
Халықтың осы тұрғыда сауаты жоқ екенін білетін құрылыс компаниялары үлескер қаржысын тарту үшін брондау шарты тетігін пайдаланады. Бұл шарт салынбаған пәтердің бағасын іргетасы қаланбай тұрған шақта, арзан кезінде брондап тастайтындығымен тартымды. Осыған қызыққан халық заң тілінде өзінің "үлескер" болып есептелмейтінін түсінбейді. Заң тілінде үлескер болмаған адамның құқығын құзырлы органдар да қорғамайды. Астанада рұқсатыз салынған үйлерге ақша салып, сан соғып қалған халықтың көбі осы қақпанға түскен. 

Қаланың бас жоспарын бүлдіріп, тұрғындардың ақшасын түбі баянсыз құрылысқа салған құрылыс компаниялары тіпті жаны қысылса, банкрот жариялап жауапкершіліктен сытылуы мүмкін. Ал әкімдік үлескерлік қатынас туралы заңнама аясындағы шаралармен шектеледі. Аяғында зардап шегетін қарапайым халық. Ал рұқсаты жоқ құрылысқа жер бөлген, рұқсаты жоқ құрылыс жүріп жатқанын көрмеген, білмеген адамдай көз жұмып қараған адамдар жазасыз кете ме? 

Маусым айында қалада құрылыс заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген әкімдік қызметкерлерінің үстінен қалалық прокуратура тексеру бастағаны мәлім болған. Прокуратура мамандары ондаған мектеп, аурухана мен балабақша салу жоспарына 61 рет түзету енгізіліп, салдарынан әлеуметтік нысандар бой көтеруге тиіс телімдерге тұрғын үйлер салынып кеткенін мәлімдеген.

Құзырлы органның соңғы таратқан мәліметі бойынша, тексеру кезінде құрылыс жобасына түзету енгізу, мемлекеттік меншіктен жер телімдерін беру, жобалау-іздестіру жұмыстарына рұқсат беру, сызба жобасын мақұлдау мәселелері бойынша заң бұзу фактілері тіркелген.

"Лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға беру үшін метариалдар Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жолданды. Ол материалдар Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері үстінен Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істің материалдарына қосылды", - делінген прокуратураның ресми ақпаратында.

Алайда аталған іс бойынша әкімдіктің неше қызметкерінің үстінен қозғалғаны туралы мәлімет жоқ. Бір анығы, тексеру 2019-2022 жылдардағы деректер бойынша жүргізілген. Ал бұл кезде қаланы Алтай Көлгінов басқарған еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу