Атамбаев халыққа күш қолданбауға шақырды

3585

Ал, республиканың қазіргі басшысы демалысын тоқтатып, дереу Бішкекке оралып, бүгін қауіпсіздік кеңесінің кездесуін  өткізеді.

Атамбаев халыққа күш қолданбауға шақырды

Қырғыздың элиталық қауіпсіздік күштерінің тұтқындау операциясы сәтсіз аяқталғаннан кейін, экс-президент Алмазбек Атамбаев "Апрель" телеарнасы арқылы мәлдімдеме жасады. 

Сәрсенбі күні қырғыз арнайы күштерінің офицері экс-президент Алмазбек Атамбаевтың Бішкек маңындағы резиденциясын батыл шабуылмен алу операциясы кезінде қаза тапты. Республиканың денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, элиталық қауіпсіздік қызметкері бұрынғы мемлекет басшысы Атамбаевтың жақтастарымен қақтығыс барысында мерт болған.

"Арнайы қызмет офицері госпитальге ауыр халде түсті. Оған оқ тиген. Құтқарып қала алмадық,  қайтыс болды", – дейді министрлік өкілдері.

Қазіргі президент Сооронбай Жээнбековпен арадағы шиеленіс күшейгендіктен, Атамбаев соңғы апталарда Бішкектен 20 шақырым жерде орналасқан резиденциясында қауіпсіздік шараларын күшейткен еді.  

Қой-Таштағы қақтығыстар сәрсенбі күні кешкісін Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын  жүргізіп жатқаны белгілі болғаннан кейін басталды.

Қауіпсіздік комитетінің мәлімдеуінше, оның қызметкерлері "тек резина оқпен қаруланса", Атамбаевтың қолдаушылары отты қару ұстаған.

Денсаулық сақтау министрлігінің өзге бір дерегінше, жалпы алғанда 45 адам ауруханға жеткізілді. Солардың 15-і – қауіпсіздік қызметкерлері.

Колхоздың қойлары емеспіз

Бүгін Атамбаев "Апрель" телеарнасы арқылы мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдарын халыққа қарсы күш қолданбауға шақырып, өзін құтқарып алғандарға алғыс білдірді.

"Атылған оқтың жаңғырын естіп, бір-екі сағатта үйімнің жанына жиналып, мені тірідей немесе өлідей тұтқындауға жол бермеген қарапайым қырғызстандықтарға шексіз ризамын. Біз, тізе бүгетін халық емеспіз, колхоздың қойлары емеспіз, намысты өмірден жоғары қоятын Қырғызстан азаматтарымыз. Осыны билік түсініп, құқықтық шеңберге оралуды ойлауы керек", – дейді Атамбаев.

Қырғыз Республикасын 2011-2017 жылдары басқарған Атамбаев өзін қудалаудан қорғайтын "жеке басына мүлдем қол сұқпау" мәртебесінен  биыл маусымда президенттің шешімімен айрылды. Қазір ол коррупция үшін айыпталып отыр.

Осыған дейін бұрынғы мемлекет басшысы полицияға жауап беруге үш мәрте бармады. Атамбаевтың кешегі операция кезінде тұтқындалмағанын негізгі көмекшілері де растап отыр. 

Қой-Таштағы оқиғаны Facebook арқылы жария еткен Мейірбек Айтикеев  "Фран пресс" агенттігіне берген сұқбатында  экс-президенттің кейбір жақтастары арнайы күштің қаруын тартып алғанын айтқан.

"Өздеріне қарсы жүгірген көпшіліктен шегінген арнайы күштің қаруы Атамбаевты қолдаушылардың қолына өтті. Экс-президент әзірге үйінде. Қосымша күш жіберіледі деген қауесет бар. Адамдар дайындалып жатыр",–деді Айтикеев.

Қараңғылық

Жергілікті және шетелдік журналистерге Қой-Ташта жұмыс істеген штаб қызметкерлерімен хабарласу қиынға соқты. Өйткені Бішкек іргесінде тұрса да, бұл шағын ауылда интернет пен моблильдік байланыс жұмыс істемеді.

Қырғызстан Социал-демократиялық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Дмитрий Ложников "Россия-24" телеарнасына мәлімдегендей, операция кезінде Қой-Ташта электр жарығы өшіп, айналаны қараңғылық жайлаған.

Қырғызстан ішкі істер министрінің орынбасары Курсан Асановтың айтуынша, Атамбаевтың жақтастары 6 қауіпсіздік қызметкерін кепілдіктен босатуға келіскеннен кейін, арнайы күш Қой-Таштан кету туралы шешім қабылдады.

Парламент  "жеке басына мүлдем қол сұқпаудан"  айырғаннан кейін, Атамбаев депутаттардың бұл шешімін конституцияға қайшы деп атап, өзіне тағылған айыптарға қарсы соңына дейін күресетінін ескертті және ол Жээнбеков әкімшілігін "мафиялық клан" деп атады.

Бұл екі саясаткер бір кездері дос еді. Атамбаев 2017 жылы Жээнбековтың президенттікке кандидаттығын қолдағаны белгілі. Алайда  Жээнбековтың инаугурациясынан кейін бірнеше ай өткенде Атамбаев көпшіліктің алдында ізбасарын сынап, екі жақ арасында үлкен араздыққа жол ашылды.

Жээнбековтың кеңсесі хабарлағандай, президент демалысын дереу доғарып, бүгін қауіпсіздік кеңесінің кездесуін өткізеді.

Саяси дағдарыс қаупі

Атамбаев Қырғызстанда 2005 және 2010 жылдары мемлекеттің екі басшысын құлатқан екі революцияға да қатысып,  кейін елдің бірінші сайланған президенті атанды.

Жээнбеков Атамбаевты зейнеткерлікте жүріп, саясатқа бақылау жүргізуге ниетті деп айыптап отыр.

Кейбір сарапшылардың ойынша, бүгінде бір-бірін құқық қорғау органдарының күшімен саяси оппоненттерінен үстем түсуге ниетті деп кінәлап отырған Атамбаев пен Жээнбеков арасындағы тайталас үлкен саяси дағдарысқа ұласып кетуі мүмкін.

Өткен айда Атамбаев Ресейге сапар шегіп, президент Владимир Путинмен кездесті. Сол кезде Кремль басшысы оған "қазіргі президентің айналасына топтасып, оған елді дамытуға көмектесіңдер" деп кеңес берді.

Қырғызстандағы жанжалды Ресей мен Қытай жіті бақылайды деген болжам бар. Айта кетсек, Атамбаевтың тұсында Мәскеу мен Бейжіңнің көрші елдегі саяси және экономикалық мүдделері тереңдей түсті.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу