Аты – тегеурінді, ахуалы – дәрменсіз: Темір қаласының жағдайы нешік?

2464

Үкімет бұл елдімекенді қала мәртебесінен айырғысы келеді. Ал шаһар қазірдің өзінде мақтанышының бірінен көз жазып қалды. 

Аты – тегеурінді, ахуалы – дәрменсіз: Темір қаласының жағдайы нешік?

Мұстафа Шоқайдың табаны тиген шаһар

Елімізде осындай қала барын шетелдіктер түгіл, қазақстандықтардың көбі біле бермейді. Содан Темір қаласын Теміртаумен шатастырады.

Шын мәнінде, Темір қаласы кезінде Алаш үшін маңызды елді мекендердің бірі болған. Бұл жерде ХХ ғасыр басында ақтар мен қызылдардың қантөгісті, қырғын қақтығысы жүрді. Мысалы, Темір қаласында Алаш арыстарының бірі Мұстафа Шоқай тоқтаған екі қабатты ескі көпес үй бар.

"1918 жылы көктемде Мұстафа Шоқай мен жұбайы Мария Темірдің көшелерінде ақ пен қызылдардың айқасы жүріп жатқанда, екі қабатты орыс-қазақ училищесінің интернатында үш күн тығылып жатқан. Бұл туралы Мария Горина анамыздың естелігінде бар. 1890-шы жылдары Темір уездік бастығының үйі болған екі қабатты ескі үйді тауып, екінші қабатына көтерілдік. Себебі Мария Шоқай осы үйдің екінші қабатынан Толғанайдың бағы көрінеді деп жазады. Толғанай – Темір өзенінің бір сағасы. Бұл жерде патша солдаттары отырғызған тоғай бар. Бұрынғы уезд бастығының ескі үйінен Толғанайдың тоғайы ағараңдайды екен", – деп жазады Egemen Qazaqstan

Қынжылтатыны сол, тәуелсіз Қазақстанның Үкіметі бұл қалаға ешқандай мән-маңыз беріп отырған жоқ. Мысалы, Ұлттық экономика министрлігі 2020 жылдың басында Ақтөбе облысындағы Темір және Жем қалаларын қала мәртебесінен айыруды ұсынды. Бірақ заң бойынша бұл үшін жергілікті қоғамдастықтың рұқсатын ала отырып, жергілікті әкімдік тиісті ұсыныспен шығуы керек. Екі жылдай уақыт өтті. Ондай ұсыныс әзірше Үкіметке түспеді.

Байырғы замандарда бұл елдімекен Қарақамыс аталыпты деседі. 1926 жылы елдімекен қала мәртебесін иеленді және қасында ағып жатқан өзенге орай Темір атанды. Ол 1972 жылға дейін аудан орталығы болып келді. Дәурендеп тұрған тұста оны 5 мыңдай тұрғын мекен етіпті. Қазір жартысынан азы ғана қалды. Ал облыстық түгіл, аудандық маңызы бар қала атану үшін 10 мыңнан көп тұрғыны болуға тиіс.

Ақтөбе облысы әкімдігінің дерегі бойынша, қазіргі кезде округте жалпы саны 2 445 адам қалды. Оның 2 135-і – Темір қаласында, 310-ы Жамбыл кентінде тұрып жатыр.

Қаңыраған өзен, құлазыған көңіл

Елді мекенде бұрын "қала құраушы" кәсіпорын – ірі май зауыты белсенді жұмыс істеп, облысты сүт және май өнімдерімен, ал жұртшылықты жұмыспен қамтамасыз еткен. Алайда он жылдай бұрын өндірісін тоқтатып, жабылып қалған көрінеді. Осыдан кейін қаланың ажары қашты, тірлігі тоқырады. "Хабар"тілшілерінің мәліметінше, бүгінде қалада екі мектептің тек біреуі қалыпты. Өсімдік, мал шаруашылығы үшін нақты мамандар даярлаған ауыл шаруашылығы техникумы да жұмысын доғарды. Темірдің қалалық дәрігерлік амбулаториясында тар маман дәрігерлері жоқ, медициналық жабдық тапшы. Адамдар қарапайым УДЗ-зерттеуден өтіп, анализ тапсыру үшін басқа қалаларға сабылуға мәжбүр.

Жалпы Темірді қала деп атау қиын. Көшелері асфальтталмаған. Тек енді ғана қаланың орталық көшесін асфальттау шаралары қолға алынуда екен. Қала әкімдігі Әбілқайыр хан көшесінде орналасқан. Көшелерді абаттандыру келесі жылдарға жоспарлануда. Елді мекенде спорт кешенін салу үшін жоба әзірлеу мәселесі күн тәртібіне қойылыпты. Халық саны 1 мың адамнан асатындықтан, заңнама бойынша оны салуға рұқсат.

Әзірге жатаған үйлерге толы қала көшелерін де, аулаларды да арамшөп басып кеткен, абаттандырылмаған. Балалар ойнайтын спорт алаңқайлары жабдықталмаған. Ірі сауда орталықтарын таппайсыз.

Жұрт қала ортасында мал ұстайды екен. Бақша салады.

Темір тұрғыны Александр Пузанев биыл жергілікті жұртшылықтың мақтанышы болған нысаннан айрылып қалғандарын айтады. Өңірді құрғақшылық жайлап, жауын-шашынның аз болуы салдарынан, кезінде шаһарға атын берген Темір өзені тартылып, орнында шалшық қалыпты.

"Бұрын тұрғындар жаз бойы іргеде аққан өзенге шомылып, майрақ-жайрақ болушы еді. Өзеннің жағасы үнемі адамға шүпілдеп толып тұратын. Енді қаңырап бос қалған, шөп пен қамыс басқан жағажай-пляж көңілді тіптен құлазытады", – дейді Александр.

Жалпы бұрын Темір өзені "суасты балық аулауға" құмар адамдарды да магниттей тартып тұрушы еді. YouTube-тен, әлеуметтік желіден қазақстандық, ресейлік балықшылардың осы өзенді мақтаған, "жер жаннатына" теңеген төрт-бес жыл бұрынғы видеожазбаларын табуға болады. Олар жайын (сом) балық аулайтын. Қаз, үйрек ататын. Маңғаздана жүзген сұлу аққуларға сұқтанатын.

Қаланың алдағы жылдарға арналған бюджеті жағдайдың түзеліп кететінінен үміттендірмейді.

Темір аудандық мәслихаты "2022-2024 жылдарға арналған Темір қаласы бюджетінің" жобасын жариялады.

Оған сәйкес, Темір қаласының 2022 жылғы шығыс бөлігі – небәрі 77 млн 367 мың теңге көлемде ғана бекітілмек. Оның басым көпшілігін шаһар жоғары тұрған бюджеттерден трансферт түрінде алады. Яғни терең дотациялы қала. Өзінің табатыны қанша? Салықтық түсімдері –  6,4 млн теңге, салықтық емес түсімдері – 1,7 млн теңге ғана.

Қалғаны – 69 млн 297 мың теңгені дотация түрінде алады.

Бұл ретте қалаға тіпті мемлекеттің өзі несие беруден аяқ тартады. "Алатын таза бюджеттік кредиті – 0 теңге. Оның ішінде, бюджеттік кредиттер – 0 теңге, бюджеттік кредиттерді өтеу – 0 теңге, қаржы активтерімен жасалатын операциялар бойынша сальдо – 0 теңге, бюджет профициті – 0 теңге, бюджет профицитін пайдалану – 0 теңге" деп жазылған бюджет жобасында.

Бұл ретте қала бюджетінің жартысына жуығы – 33,6 млн теңгесі "жалпы сипаттағы мемлекеттiк қызметтерге", қарапайым тілмен айтқанда, шенеуніктер мен қала-ауыл әкімдіктерін ұстап тұруға шығындалады.

Елдімекенді көркейтуге – 12,8 млн теңге жұмсалмақ.

Қала көшелерді жарықтандыруға келесі жылы 2 млн 900 мың теңге ғана бөлінбек. Қаладағы санитарияны қамтамасыз етуге небәрі 1,8 млн, ал абаттандыру мен көгалдандыруға – 8,1 млн теңге бағытталады.

Көңілсізі сол, Темір қаласының бюджеті әрі қарай 2022 жылғы 77,3 миллионнан 2023 жылы – 68,7 миллионға, ал 2024 жылы бұдан екі есеге – 35,1 миллион теңгеге дейін күрт қысқартылғалы тұр. Осыған қарағанда, билік Темір қаласын ауылға айналдыруға әзірленіп жатуы да ғажап емес.

Жанат Ардақ     

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу