Атырау облысында 33 мешіт бар

3457

Тағы 25 мешіт салынуға тиіс.

Атырау облысында 33 мешіт бар

Мұнайлы өңірдегі діни ахуал, мешіттер мен дін саласы мамандарына деген қажеттілік жөніндегі сауалдарға Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жауап берді.

Атырау облысында қазіргі күні қанша мешіт бар? Алдағы жылдары тағы қанша мешіт салынуы мүмкін?

Қазіргі күні облыста 33 мешіт жұмыс жасап тұр, оның 7-еуі Атырау қаласында, қалғаны аудандық жерлерде орналасқан. Оның ішінде, атап айтсақ, Жылыой ауданында жеті, Махамбет, Қызылқоға аудандарында төрт, Индер және Мақат аудандарында үш, Исатай ауданында екі мешіт бар. Олардың барлығы дерлік жеке қаражатқа немесе халықтың қолдауымен салынған. Жоспар бойынша облыста тағы 25 мешіт болуы тиіс. Оның төртеуі Атырау қаласында бой көтермек.

Біздің зайырлы мемлекетімізде халық көлеміне, дін ұстанушылар санына қарай мешіт саны қанша болу керектігі жөнінде қандай да бір нормалар бар ма?

Бұл мәселені Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы реттеп отыр. Қазірде ол Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігімен, жергілікті әкімдіктермен бірігіп, үшжақты келісім негізінде халықтың жалпы санына шаға отырып, қай облыста қанша мешіт болуы керектігі бекітілген. Бұл –мешіт көрінген жерде, кез келген ауылда беталды ашыла бермейді деген сөз.

Енді Атырау облысына келейік. Бізде Алланың үйіне байланысты халық арасында "оның орнына неге мектеп салмаймыз" деген пікір мен "ол теріс ағым жетегінде жүргендер санын көбейтіп жүрмей ме?" деген қауіп бар. Осыған байланысты не айтасыз?

Атырау өңірінде халықтың 90 %-дан астамы – жергілікті ұлт өкілдері, яғни мұсылман дінін ұстанатындар саны көп. Адамдар жат ағымға неге еріп кетеді? Себебі дұрыс жолға бағытталған, сауатты, жан-жақты білім ала алмайды. Тұрған жерінде мешіт болмаса, діни білімі жоқ біреулерді тыңдап, әлеуметтік желі арқылы діни сауатын ашып, адасып кетуі әбден мүмкін. Олай болмас үшін осы саланың маманы әр нәрсені егжей-тегжейіне дейін айтып, түсіндіріп отыруы керек. Мәселен, мешіт жоқ болғандықтан, бес уақыт намазын үйде отырып оқитындар да бар. Ал олар қалай, кімнен оқып жатыр – оны біз білмейміз, әйтсе де қадағалап, реттеп отыруымыз керек. Екіншіден, ел іші болған соң, діни жоралғылар атқарылмай тұрмайды, осының бәрін шариғат жолымен дін қызметкері атқаруы керек. Бұл жерде де дәстүрге қырын қарайтын, дұрыс атқармайтын күштердің белең алып кетуінің алдын алуымыз керек. Үшіншіден, мешіт – көпшілікті, жастарды бірлікке шақырып, имандылыққа тәрбиелейтін орын. Осының бәрін саралай келгенде, Атырау облысында мешіттің тапшылығы сезіледі. Айталық, Жылыой ауданында жеті мешіт бар делік, оның ішінде, халқы көп Құлсары қаласында бір-ақ мешіт бар. Солай екен деп ауыл-аймақта "атама, бабама салам" деп бәсекелестікпен қаптатып мешіт салуға жол беріп қоймаймыз.

Карантинге дейін жұма күндері Иманғали орталық мешітіне намаз оқуға келген жамағат аулаға да симай кетіп, мешіт жанындағы Исатай-Махамбет алаңына дейін шығып кететін. Оның себебін сұрағанымда бір азаматтар "жұмада осы мешітке келіп оқысақ, сауабымыз еселенеді" деп түсіндірген еді.

Жұма намазды мешітке барып оқу – парыз. Бірақ қай мешітке барып оқиды – ол әркімнің ықтиярындағы іс. Орталықтағы мешітке барсаң, сауабы артады, шеттегісіне барсаң – сауабы кемиді деген дұрыс емес. Қай жерде орын бар, сонда бару керек. Шынымды айтсам, бұлай түсінетіндер бары жайлы бірінші рет естіп отырмын. Ал әйел адамға мешітке бару – парыз емес. Егер мүмкіндігі болып, ерімен бірге барып, уағыз тыңдаймын десе, әрине,  қарсылық жоқ.

Мешіттер, негізінен, жеке адамның, мекеменің немесе халықтың қаржысына салынады дедік. Енді құлшылық үйін салмақ болған жеке адамды сөз етсек. Оның адами қасиеттері, ұстанымы, беделі, басқа да жайлар қаншалықты ескеріледі?

Мешіт ашуға ниет еткен кәсіпкер Мұсылмандар діни басқармасына құжаттарын жолдайды. Өз атынан жазса, жеке мәліметтерін нотариус арқылы бекітіп, мекеме атынан жазса, ұйымның сипаттамасын көрсетеді. Оған мешітті салу қаражатын мойнына алу, имам үйін,  тахаратхана (дәрет алатын жер) салу және тағайындалатын имамның жалақысын қолдау сынды талаптар қойылады. Ауылдық жердегі имамдарға "Уақып" корпоративтік қайырымдылық қоры есебінен аздаған ақша төленіп тұрады, бірақ бұл – оның күнкөрісіне жететін қаражат емес. Бұдан бөлек, мешітті кім қайдан салатынын, жай-жапсарын жергілікті дін істері басқармасы да жіті қадағалап отырады.

Сонымен облыста мешіттер саны артуы ықтимал. Оларды кадрмен қамту мәселесі қалай шешілмек?

Биыл Нұр-Мүбарак университетіне 5, медреселерге 48 адам жібердік, 9 маман жұмысқа келді. Келесі жылы осы оқу орны мен медреселерден 22 маман келеді деп күтіп отырмыз. Егер келешекте 25 мешіт салынып, Қарилар үйі ашылатын болса, бізге тоқсанға жуық маман керек болады. Оның ішінде қалаға имам, найб имам, ұстаз ретінде 15 маман алынса, қалғандары аудандарға таратылуы керек. Сондай-ақ шешімін күткен мәселенің бірі – имамдарды баспанамен қамту. Қазіргі күні демеушілер көмегімен имамдар үйін салдық, яғни алты имамның үйі дайын. Сондай-ақ кәсіпкерлер көмегімен пәтер сатып алып, мешіттің қызметтік үйі қылып жатырмыз.

Мешітке қызметке келетін мамандар жоғары оқу орнын немесе медресе бітіргеніне байланысты тағайындала ма? Атырауда медресе бар ма?

Бұл имамдарды тағайындаудағы басты критерий емес. Кейде көп жылдық тәжірибесі бар дін адамының университетке емес, медресеге оқуға түсуі болмаса, медреседен араб тілін жетік меңгеріп шығуы мүмкін. Атырауда қазір ҚР Мұсылмандар діни басқармасына филиал болып тіркелген, діни басқарманың қол астында жұмыс жасайтын медресе жоқ.

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу