Атырау облысында асыл тұқымды сиыр өсіру жобасы өзін ақтамады

4933

Алайда шетелден әкелінген сиырлар арада үш жыл өткеннен кейін қырыла бастаған. 

Атырау облысында асыл тұқымды сиыр өсіру жобасы өзін ақтамады

Атырау облысында асыл тұқымды ірі қара өсіріп отырған шаруашылық қиындыққа тап болды. 2016 жылы 475, ал, 2018-де 450 америкалық гольштейн-фриз тұқымды сиырдың өлуі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберген,  деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Осыдан сегіз жыл бұрын аймақта бұл жоба баламасыз саналып, болашағынан үлкен үміт күтілген еді. 2013 жылы "Гольштейн-фриз тұқымды 500 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасын" іске қосу мақсатында "Атырау" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының 49% қатысу үлесімен "Первомайский БК" ЖШС біріккен кәсіпорны құрылған болатын. Жобаның жалпы құны - 4 068,8 мл теңге, қуаттылығы жылына 1440 тонна сүт және 2880 тонна сүт өнімдерін өндіру болған. 2014 жылы аталған Зеңгі баба тұқымының түрін бір мың басқа көбейтуге арналған жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылады. 

Алайда шетелден әкелінген сиырлар арада үш жыл өткеннен кейін қырыла бастаған. Осылайша, тек екі жыл ішінде мыңға тарта асыл тұқымды мал басы өліпті. Сүт-тауар фермасының директоры Есболат Есқариевтың айтуынша, олар ірі қараның неден қырылып қалғанын анықтамақ болып, жергілікті зертханаларға тексеруге берген. Олар анықтай алмаған, ал шетелге апарып көрсетуге рұқсат болмаған. 

Бәрінен бұрын, фермер "Атырау" ӘКК алдындағы берешегін өтей алмауға айналған. Ашылғаннан бергі уақыт ішінде алған қаражатының тең жартысын қайтаруы керек болса, қазіргі күні қарызының негізгі бөлігін ғана өтеген. 

"Серіктестіктің қаржылық жағдайының қиындауына байланысты қарыздарды қайтару мерзімі 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін, яғни тағы 2 жылға ұзартыла отырып, қарыздар бойынша төлемдер кейінге қалдырылды. Бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығын, қала халқын таза табиғи сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған мекеме екендігін ескере отырып, 2020 жылдың аяғында төлемдерді 2021 жылға шегеру жұмыстары жүргізілді. Серіктестік тарапынан кәсіпорынды жандандыру жоспары жасақталуда. Серіктестік қызметіне ықпал ететін негізгі факторлар қаржы қаражатының жетіспеуі, өнім көлемінің азаюы, өнімнің жоғары құны, алынатын мемлекеттік субсидияларының сомасының азаюы және азық базасының жеткіліксіздігі болып табылады", – деп жауап берді "Атырау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ департаментінің директоры Нұрлан Қаппазов.

ӘКК тарапынан аталған мәселелерді шешу мақсатында Индер ауданында бордақылау базасын ұйымдастыру және Құрманғазы ауданында жоңышқа өсіру үшін жер алу бойынша келіссөздер жасалып жатыр екен. Сонымен қатар жетпістен астам адам жұмыс істейтін ферманы  сақтап қалу үшін инвестор іздестіріліп жатыр. 

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу