Атырауда былтыр ауаға 165 мың тонна ластаушы зат шығарылған

1619

Оның 66 пайызы "Теңізшевройл", "NCOC" және АМӨЗ-ге тиесілі. 

Атырауда былтыр ауаға 165 мың тонна ластаушы зат шығарылған

Атырау облысының экологиялық ахуалы ушығып барады. "Жығылған үстіне жұдырық" дегендей, ауаға жіберілетін өндіріс қалдықтары, қайта-қайта тұтанған қамыс өрті аз болғандай, Атырау мұнай өңдеу зауытының қалдық суы қаланың ағын суына қосылып кетті. Оның бетін қайтарғандай болғанда, "Ақжайық" резерватында құстар қырыла бастады.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамедовтің басшылығымен болған жиында аймақтағы санитарлық-экологиялық жағдайға жауапты мекемелер мен өнеркәсіптік компаниялардың өкілдері мәселені оң шешуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салды.

Белгілі болғандай, облыстағы бірінші санаттағы саналатын ірі кәсіпорындардан ауаға тарайтын ластаушы заттардың жалпы шығарындысы 2019 жылы 165 мың тонна болған, мұның 66 пайызы "Теңізшевройл", "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." компаниялары мен Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі.

Аймақ басшысы атап көрсеткендей, мұнай компанияларының еліміздің экономикасын дамытуға қосып отырған үлесін ешкім жоққа шығармақ емес, сонымен бірге жер қойнауын өндіру қоршаған ортаға залалын тигізіп отырғаны шындық. Сол себепті табиғатты қорғау сынды ортақ іске барлық тарап бірдей атсалысуы керек. 

Алайда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадіржан Арыстан мәлімдегендей, өнеркәсіптік мекемелер "Жер картасы" бағдарламасы бойынша жұмыстар атқаруға ықыласты болып отырған жоқ.

Айта кетейік, 3-10 жылға негізделген жоба бойынша Атырау облысы көгалдандырылып, жасыл белдеулер жүргізіліп, 2025 жылы 4877 га жерде 7 млн-нан астам тал өсіп шығуы керек еді. Ол үшін жиырма компания жергілікті әкімдікпен меморандумға отыруы керек-ті. Нақтылай кетсек, мұның ішінде қоршаған ортаны ластаудан "алғашқы үштікті" иемденіп тұрған "Теңізшевройлға" Қайыршақты округі аумағынан 1722 га, "NCOC" компаниясына Соколок каналы бойынан 1374 га, АМӨЗ-ге өзі қалпына келтіруі тиіс Сасықсай булану алаңы аумағынан 1421 га жер бекітілген. Жаппай тал егу науқаны алдағы көктемде басталуға тиіс, ал тиесілі құжаттарға әлі қол қойылмаған. 

"Компаниялар, біріншіден, бұған кететін қаражатты алға тартып отыр, екіншіден, өздеріне белгіленген жер көлемдерін көп санап, азайтқысы келеді", – дейді Қ.Арыстан.

Дегенмен Атырау аймағында ауаға жағымсыз иіс шығарып, жер, су бедерін былғап жатқан тек кәсіпорындардан шыққан қалдықтар емес, оған жаңартуды қажет етіп тұрған қоқыс-қалдық полигондары, кәріз жүйесі де әсер етуде. Облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов ол үшін басқа да шаралардың қатарында Атырау қаласының сол жақ жағалауында тұрғызылып жатқан кәріздік-тазарту қондырғысының құрылысын аяқтап, іске қосу жұмыстарын жандандыруды, Сасықсай және "Квадрат" булану алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мерзімін барынша қысқартуды, компаниялардың қалдықтар шығаратын қондырғыларын сүзгімен немесе катализаторлармен жабдықтап, өндірістік процесте озық технологияларды қолдануын қадағалауды ұсынады. 

Жиналыста "Ақжайық" резерваты аумағында болған құстардың қырылу деректері де қозғалды. Резерватқа кіретін Рыбоходный каналаның теңізге құяр сағасындағы "Павлодар өзен порты" мекемесі түп тереңдету жұмысын жүргізіп жатқан жерде 4-қараша күні 15 су құзғыны мен 5 қарқылдақтың өлексесі табылған. Соңғы мәлімет бойынша, өлген құстар саны 113-ке жетіпті.

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы баяндағандай, Нұр-Сұлтан қаласындағы ветеринарлық референттік орталық зертханасы өлекселерден құс тұмауы ауруының белгісін таппаған, енді Алматыдағы микробиология және вирусология ғылыми орталығының сараптама нәтижелері күтіліп отыр. Арнайы құрылған комиссияның алдын ала болжамы бойынша құстар бір нәрседен уланған, бірақ неден екені белгісіз.

Байқалып тұрғандай, өңірде жан-жануарларға байланысты болған мұндай оқиғалар кезінде материалдар мен айғақтар басқа жақтарға жіберіледі, сөйтіп, олардың қандай қорытынды берерін күтуге тура келеді. Осы орайда, аталған инспекция Атыраудың өзінде жануарларды тексеретін токсикологиялық зертхана керек деген мәселені күн тәртібіне шығарды. 

Бұл жолы жауапты мекемелерге айтылған проблемалар бойынша бірқатар тапсырмалар берілді, олардың қалай жүзеге асатыны – уақыт еншісінде. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу