"Атырау – Уау!" Қаланың қалай түлейтіні белгілі болды

4380

Аймақтың жаңа басшысының командасы ең бай, донор облыстың орталығына қатысты жоспарларын жария етті.

"Атырау – Уау!" Қаланың қалай түлейтіні белгілі болды

2022 жылғы 7 сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі Серік Шәпкенов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Содан бері тым-тырыс қалған. Жоспарлар түзген көрінеді. Ол "Атырау қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялаудың 2022–2026 жылдарға арналған бағдарламасын" ұсынды.

Серік Жамбылұлы 2016–2018 жылдары осы қаланың әкімі болған. 2020 жылы астанаға кеткен. Енді араға бірер жыл салып, қайта оралғанда, шаһардың кемшін тұстарын, дамуындағы олқылықтарын байқаған көрінеді. Жаңа бағдарламасы аясында атыраулықтардың өмір сүру ортасын жаңартуға, азаматтардың өмір сүруіне, қоғамдық кеңістікке қолайлы жағдай жасауға, тұрғын аумақтарды гүлдендіруге және абаттандыруға уәде етеді.

Құжаттың аты айтып тұрғандай, басты күш-жігер тұрғын үйлерді жаппай реновациялауға, яғни заманауи талаптарды ескере отырып, көнерген ғимараттарды жаңаларына ауыстыру процесіне бағытталады. Осы мақсатта бағдарлама операторы – жергілікті әкімдік айқындаған компания құрылады. Ол ескі ғимараттарды, үйлерді сүру, тұрғындарды қайта қоныстандыру, келісім бекіту сияқты жұмыстардың кең спектрімен айналысады деп күтілуде.

Жалпы, жұмыс ауқымы орасан көрінеді.

"Атырау қаласындағы көнерген тұрғын үйлердің қоры күрделі әлеуметтік мәселе болып табылады. Жалпы алғанда, Атырау қаласында реновациялауға жататын 237 ескі үй, 3 674 пәтер бар. Реновацияланатын ескі үйлер қаладағы М.Баймұханов көшесінде, Әуезов көшесінде, Азаттық даңғылы мен С.Датов көшесінде орналасқан. Бұл тізім арасындағы тек 2 қабатты үйлердің саны – 100. Сонымен қатар, үйлер жыл сайын тозуда. Аталған тұрғын үйдің 70%-дан астамы құрылыс нормалары мен ережелеріне және санитарлық нормаларға сәйкес келмейді", – деп түсіндірді облыс әкімдігі.

Сонда бұрынғы әкімдер, соның ішінде Шәпкеновтің өзі қайда қараған? Неге ұзақ жылдар бойы баспананың осылай нашар жағдайға жетуіне жол берген?

Әкімдіктің ақпаратынша, жұмыстар жүргізілді, бірақ жеткіліксіз болыпты. Мысалы, соңғы 10 жылда, "2011–2020 жылдарға арналған Атырау қаласындағы жаңғырту бағдарламасы" аясында жалпы ауданы 610 787,3 шаршы метрлік 149 үйге күрделі жөндеу жүргізілген.

Ал "2012–2021 жылдардағы Атырау қаласының аумағындағы ескі үйлерді бұзу бағдарламасы" аясында жалпы ауданы 34 069 шаршы метрлік 37 үй күресінге жіберілген. Оның ішінде 1 356 отбасы жалпы ауданы 39 700 шаршы метрлік жаңа пәтерлерге көшіріліпті.

Қалай болғанда, облыстың жаңа әкімінің командасы: "Қолданыстағы тұрғын үй қоры тозудың жоғары деңгейіне жетті және реновация жүргізуді талап етеді" деп табандап отыр.

Реновация арқасында қандай нәтижелерге қол жеткізілмек?

Біріншіден, 237 ескі үй немесе 3 674 пәтер бұзылады. Екіншіден, сүрілген үйлердің орнына көпфункционалды, көп қабатты тұрғын үйлер салынуға тиіс. Үшіншіден, қаланың сәулеттік келбетін күрт жақсартпақ. Төртіншіден, инженерлік және коммуникациялық желілер жаңғыртылып, дамытылады.

Бағдарламаға мемқаржы сыртында жеке инвесторлар тартылады, МЖӘ тетігі жұмылдырылады деп көрсетілген.

Инвесторларға "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жер телімдері таратылмақ. Жерді олардың жарғылық капиталына беру ұсынылған. Яғни, жекешелендірілуі мүмкін.

Ал көнерген үйлердегі тұрғендар жаңа пәтерді өз баспанасындағы бөлме санына қарай алады. Дегенмен, ұсынылған бір бөлмелісі орнына екі бөлмелісін сатып алуына да мүмкіндік ұсынылмақ.

"Ескі көппәтерлі үйлердің меншік иелерін жаңа пәтерлерге көшіру – оларда тұрып жатқан тұрғындардың санына қарамастан, пәтерлердің техникалық паспортына сәйкес, "бөлме үшін бөлме" қағидаты бойынша жүргізіледі. Бұл ретте тұрғын үй меншік иелеріне ауданы бойынша бірдей жаңа пәтерлер беріледі. Егер қосымша ақы төлесе, онда жаңа тұрғын үйде бөлмелерінің саны көберек пәтерді алып, тұрғын үй жағдайын жақсарта алады", – делінген бағдарлама жобасында.

Тек бұл бармақ басты, көз қысты жолмен емес, айқын, жария жүргізілсе, ресми төленсе жөн.

Облыс әкімдігі бағдарлама аясында жаңадан бой көтеретін үйлер қаладағы ерекше ғимараттарға айналады деп отыр: олар біріншіден, кез келген зілзалаға төзетін сейсмикалық күшейтілген нысандар болмақ. Екіншіден, оларды тұрғызуда қазіргі заманғы стандарттар сақталатын көрінеді. Мәселен, адамдардың жүріп-тұруы шектеулі топтарының сұраныстарына бейімделетін, соларға да жағдай жасалатын көрінеді. Үшіншіден, олардың аумақтары астанадағыдай,  абаттандырылады. Көше-жол желісі, тротуарлар, тұрақ кеңістігі қалыптастырылады. Реновациялық үйлер үшін аула және орамішілік көгалдандырылған аумақтарды ұйымдастыру талаптары белгіленеді.

Қаланың өзге аумағымен салыстырғанда, жаңа аудандардың тұрғындары элитаға айналуы да ғажап емес. Осыдан біраз жыл бұрын Астанада реновация бағдаламасы жарияланардың алдында содан хабардар шенеуніктер бағдарламаға кіретін аумақтарда құлағалы тұрған үйлердегі баспаналарды жаппай сатып алғаны еске түседі.

Поляк дизайнері Илья Буянковскийдің байламынша, шекара маңындағы Атырауды көркем витринаға айналдыруға болады.

"Бұл тек шетелдіктер алдында мақтану үшін ғана қажет емес. Атырау облысы – Қазақстандағы ең бай облыс қой. Атына заты сай болсын. Қазақстанның туризм үшін тартымды басты бір орны – Каспий жағалауы таяу жерде, 30 шақырымда орналасқан. Әзірге қала сұрықсыз. Сары-қоңыр түсті. Қаптатып, жаңа ғимараттар салмас бұрын, сәулет стилін ойластырған жөн. Ағаш жоқтың қасы. Қолайлы өмір ортасын жасау үшін шөл далаға төзімді декоративті ағаштарды көбірек еккен жөн. Әйтпесе, шаң көтерілгенде, қиын. Қалада жатаған жеркепе үйлер көп. Алдымен соларды сүрген жөн, себебі, оларда тұрмыс үшін лайықты жағдайлар жасалмаған. Көп қабатты нысандар солардың арасында батып кетті", – дейді қала қонағы.

Қорыта айтқанда, Атырау қазақстандық қонақтарды, шетелдік саяхатшыларды "Уау!" деп таңғалтуы үшін реновацияны жан-жақты ойластырып, кешенді түрде жүргізген абзал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу