Атырауда апатты үй пайдалануға берілді

1557

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

Атырауда апатты үй пайдалануға берілді

camonitor.kz: "Саяси қуғын-сүргін және Қазақстан: халық мұны білуге тиіс..." деп аталады басылым мақаласы. Материалда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі көтерілген. Мақала авторы мұндай шаралар іске асатын болса, іс ашық өтуге тиіс екенін айтады.

Жоғарыда аталған мақала екі апта бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған мәлімдемеден басталады. Бұл мәлімдеме барысында мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құру керектігін айтқан. Материал авторының ойынша, бұл кеңестік және сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарға қатысты шара болуы ықтимал. Осыған байланысты ол өз ұсыныстарын ортаға салған.

"Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау шарасы барынша ашық жүргізілуге тиіс. Осы арқылы қазақстандықтар кімнің есімі ақталғанын және не үшін оның құқығы қорғалып жатқанын білетін болады. Негізі халыққа қуғын-сүргіннің архивтік құжаттарын толық көрсету керек, көшелер мен университеттерге, кейбірі тұтас елдімекендерге есімі берілген тұлғалар туралы бар құжат жариялануы керек. Халық бұл тұлғалар туралы жаман ойлап қалады деп қорықпай, бәрін көрсету қажет. Себебі қазіргі кезде біз халық үлгі тұтқан тұлғалардың өз қарсыластарымен күресі кезінде түрлі әрекет жасағанын білеміз. Құрметті жазушы, ғалым атағына ие болған тұлғалар құпия өсек тасушылықпен айналысқан. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады немесе жанаспайды? Мұны дәлелдейтін құжат бар ма? Жалпы, сол кезде не болған?", – деп жазады мақала авторы.

express-k.kz: "Ауыл әйелдеріне су ресурстарын қорғауды үйрету керек", деп жазады басылым. Газетте жарық көрген материалда Орта Азия елдерінде су тапшылығы барын көбісі біледі, бірақ басым көпшілігі бұл мәселенің гендерлік аспектісі барын біле бермейтіні айтылған.  

Дәл осы мәселені Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанның кәсіби географтары мен гидрологтары талқылаған. Мамандардың айтуынша, бұл мәселені жылдам шешу керек, себебі климат өзгеріп, халық саны өсіп келеді және жаңа қиындықтар туындап отыр. Қазақстандағы География институтының Түркістан облысындағы ғылыми қызметкері Виктория Крылованың айтуынша, аймақтағы су тарату жүйесі әбден ескірген, сол себептен оны жаңарту керек. Бұл ең алдымен халықты, әсіресе әйлдерді толғандырып отыр.

"Әділіне келгенде, ер азаматтарға қарағанда әйелдердің тәжірибесі көп, икемі бар. Мұнымен қоса олар күнделікті өмірде су тапшылығы жайында жақсы біледі. Сол себептен осы күш-қуатты пайдалану керек", – деп санайды Вероника Крылова.

Сол себепті сарапшылар су шаруашылығына кәсіби мамандарды әйелдерден даярлау керек дегенді айтып отыр. Олар бар мәселені жергілікті жерде ғана емес, ауыл, аудан және облыс деңгейінде шеше алатын болады.

caravan.kz: "Петропавлда еріктілер полицияға есірткі бизнесімен күресуге көмектесіп жүр" деп жазады. 200 студент жастардан тұратын еріктілер тобы қолдарына қара бояуы бар баландарды алып, есірткі сатушылардың үй қабырғаларына жазған жарнамаларын бояп тастайды. Полицейлер еріктілердің көмегі зор екенін айтып отыр.

Еріктілердің айтуынша, есірткі сататындар өз жарнамаларын тұрғын үй, гараждар мен түрлі ғимараттардың қабырғасына жазып кетеді. Олардың айтуынша, күнде жаңа жазулар пайда болады. Еріктілердің арасында 20 жыл бойы есірткі пайдаланған, соңынан өз денсаулығын қолға алған Евгений есімді жігіт бар. Полицейлердің айтуынша, Евгенийдің көмегі зор, себебі олар нашақорлыққа түскендердің психологиясын жақсы біледі.

"Бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 20 жылдай болып қалды. Синтетикалық есірткі героиннан да қауіпті. Олар адам ағзасын бір сәтте құртады, жастар сол есірткіге жылдам тәуелді болып қалып жатады. Ата-аналар көпке дейін еш нәрсені сезбей жүреді. Бар шындық шыққанда кеш болып жатады", –дейді полиция қызметкері Жанар Байғазина.

liter.kz: "Атырауда қирауы мүмкін жаңа үйге адамдар көшіп келе бастады" деп хабарлайды аталмыш басылым. Мамандар үйді салушыға үй конструкциясын нығайту керектігін айтқан, алайда құрылысшылар бұған құлақ аспаған. 72 пәтерден тұратын 9 қабатты апатты үйдің 52 пәтеріне адамдар кіріп алған.

Аталмыш басылымның хабарлауынша, Атырау қаласының әкімшілігі "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынған 9 қабатты  апатты үйді қабылдап алған. Бұл үйге адамдар жартылай кіріп те алыпты. Бұл үй қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынған болатын. 2018 жылы тапсырыс беруші мен техникалық бақылаушы үйдің іргетасын салу барысында кемшіліктер болғанын анықтап, сол себепті мердігерге үйдің конструкциясын нығайту керектігін айтқан. Алайда үй салушылар бұл талапты орындамаған, 2019 жылдың шілде айында тапсырыс беруші үйді ешбір ескертусіз қабылдап алған, сөйтіп үй салушыға 788 миллион теңге берген.

"Сыбайлас  жемқорлыққа қарсы мекеме жанынан құрылған арнайы бақылау тобы "Атырау –адалдық алаңы" атты жобалық кеңсемен бірігіп үйді бақылаудан өткізген. Нәтижесінде 72 пәтерлі үйдің 51 пәтеріне адамдар кіріп алғаны анықталды. Ал негізінен бұл қирау алдында тұрған үй", – деп жазады басылым.

sputniknews.kz:  "Алматыда жануарларды қорғауға арналған митинг өтпейтін болды" деп жазады басылым. Аталмыш шара маусымның 20 күні өтуге тиіс болған. Алайда карантин шараларының күшейтілуінен бұл митинг өтпейтін болды.

Бұл шараны жануарларды қорғаумен айналысатын Kare қоры ұйымдастырмақшы болған. Алайда енгізілген шектеулерге байланысты митинг кейінге қадырылды. Бұл туралы ұйымдастырушы қор мүшелері хабарлаған.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу