Әуежайлардағы жаңа жүйе билетті қымбаттатуы мүмкін

14435

Авиакомпаниялар мен жолаушылар арасында жаңа делдал пайда болды. 

Әуежайлардағы жаңа жүйе билетті қымбаттатуы мүмкін

Шенеуніктердің кезекті даулы жобасы жайында бұрын өзі де шенеунік болған, нақтылай кетсек, Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған Серік Мықтыбаев жария етті.

Үкіметтегі Ведомствоаралық комиссияның 11 тамыздағы шешіміне сәйкес, Қазақстан халықаралық рейстерді қайта ашты. Атап айтқанда, 17 тамыздан БАӘ-ге, Беларуське, Германияға, Нидерландыға, Египетке, Украинаға және Ресейге халықаралық рейстер кезең-кезеңмен іске қосыла бастайды. Бұл елдерге ұшақтардың ұшу жиілігі әр бағыттағы әуе көліктерінің коммерциялық жүктелуіне байланысты болады. Яғни, алғашқы рейстер кезінде ұшақтар жолаушыға толса, рейс саны бірте-бірте артады. Керісінше, тұрақты сұраныс байқалмаса, азайтылады.

Бірақ алда жолаушыларды жағымсыз "тосын сый" күтіп тұрғандай.

Сонымен, авиация маманының мәліметінше, 2018 жылғы 31 қазанда индустрия министрлігі мен оның жеке серіктесі арасында МЖӘ ірі жобасының келісіміне қол қойылды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобасының құны – 5 млрд теңге. Ол он жыл бойы – 2019–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Министрліктің жеке әріптесі ретінде "Qazaqstan Identity & Security" ЖШС бекітілген екен. Бұл бірлескен компания құрамына Францияның бет-жүзді танып, биометриялық идентификациялауға маманданған "IDEMIA" трансұлттық корпорациясы және ІТ-шешімдер арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге құрылған қазақстандық "SecureTech Corporation" ЖШС кіреді.

Бірден айталық, мемлекет бюджеттен бұл жобаға бір теңге қаржы салмайды. Тиісінше, оның серіктесі барлық табысын авиакомпаниялардан, тиісінше қарапайым жолаушылардан өндірмек.

"Жобаға сәйкес, халықаралық рейстермен ұшатын жолаушылардан алым-төлемақы жинау қарастырылып отыр. Одан тек транзиттік жолаушылар және жасы 2-ге толмаған бөбектер ғана босатылады", – дейді Серік Мықтыбаев.

Идентификация алымы қанша?

Бір сөзбен айтқанда, бұл – ұшаққа бет алған әрбір авиажолаушы туралы егжей-тегжейлі деректерді жинайтын ақпараттық жүйе көрінеді. Дегенмен, мәселенің байыбына бару үшін екі жылдан бері жоба аясында не жасалғанына тоқтала кеткен жөн. Сарапшының мәліметінше, қазіргі уақытта жеке әріптес келесідей жұмысты атқарыпты.Біріншіден, "Nimbus.kz" ЖШС-мен құрал-жабдықтарды дата-орталықта орналастыру қызметі бойынша келісім бекітілген. Екіншіден, IDEMIA-мен бірге тестілік платформа үшін серверлік жабдықты, телекоммуникациялық және кеңселік жабдықтарды жеткізу бойынша келісімге отырған.

Үшіншіден, "Nimbus" дата-орталығында аталған ақпараттық жүйенің тестілік тұғырнамасының серверлері орнатылыпты. Төртіншіден, жүйе бабына келтірілген. Яғни, авиакомпанияларды қосуға дайын.

Бесіншіден, авиакомпаниялардан API деректер алу үшін TYPE-B ARINC арнасына қосылу жүзеге асырылды. Алтыншыдан, елімізге сапарлайтын және соны жоспарлап отырған барлық отандық және шетелдік әуе компанияларына Қазақстандағы авиажолаушылар бойынша деректер жинаудың ақпараттық жүйесіне қосылу жөніндегі техникалық нұсқаулық жолданды. Бүгінде сол бойынша келісу және тестілік платформаға қосу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

"Алайда бізде, сарапшыларда осы жобаға қатысты бірнеше сұрақ туындады. Біріншісі ұсынылған тарифімен байланысты. Алдымен кейінгі жылдары халықаралық бағыттарда тасылған жолаушылар ағынын зерделей кеткен жөн. Мәселен, халықаралық рейстермен 2015 жылы – 1,8 миллион, 2016 жылы – 1,9 млн, 2017 жылы – 2,3 млн, 2018 жылы – 2,6 млн, былтырғы 2019 жылы – 2,6 млн жолаушы тасымалданды. Орташа алғанда жыл сайын 2,24 миллион жолаушы шетелге ұшады. Жолаушылар ағыны орта есеппен 3–4% өсіп отырса, алдағы 10 жылда 30,2 миллион адам халықаралық бағыттарда сапарламақ. Жоба құны 5 миллиард теңге немесе қазіргі бағамда 11,9 миллион доллар. Азаматтық авиация комитеті МЖӘ жобасын ұстап тұру үшін 1,78 доллар немесе 747,6 теңге алым төлеуге міндеттеуде", – деді С.Мықтыбаев.

Оның есептеуінше, барлық брондалған авиабилеттер бойынша ақпарат ұсыну талап етілетіндіктен, 10 жылда ЖШС табысы шамамен 48 миллион долларға жетпек. Ол мұны тым қымбат деп санайды. Тариф төмендетілуі керектей.

"Комитет ұсынып отырған 1,78 доллар тарифі – тым асыра сілтегендік! Ол авиабилеттердің қымбаттауына әкеп соғады. Біздің бағамдауымызша, тариф 0,75 центтен аспауға және кейінгі жылдары 0,5 центке дейін азайтылуға тиіс. Мемлекет тарифтік кестені қайта қарағаны маңызды", – деді Серік Хамитұлы.

Мамандар тағы бір түйткілге назар аудартады. Азаматтық авиация комитеті осы жүйені ұстап тұру үшін қосымша алымдарды төлеу жөнінде келісім бекітуге әуежайларды мәжбүрлеп жатқан көрінеді. Салдарынан, әуежайлар осы келісімді орындатуға және оның кіріс-шығысына жауап беретін қызметкерлерге жалақы төлеуге, есеп жүргізуге, банк операцияларына, салықтар есептеп, аударуға шығындалады. Сондықтан сарапшылар мемлекет ең құрығанда әуежайларға тиіспей, әуекомпанияларды "Qazaqstan Identity & Security" ЖШС-мен тікелей келісім жасасуға міндеттеуге кеңес береді.

Билік не дейді?

Осы мәселеге қатысты Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов жауап берді.

"Біздің комитет осы жобаға қатысты өтініштерді қарады. Рекомендация ретінде ұсынылып отырған тарифке қатысты айтсақ, қазіргі кезде әлемдегі коронавируске байланысты ахуал жолаушылар ағынының мөлшері және оның өсімі туралы сенімді болжам жасауға мүмкіндік бермейді. 2020 жылы карантин салдарынан барлық елде халықаралық авиажолаушылар тасымалы құлдырады. Қазақстанда бүкіл халықаралық рейстердің 98%-ы немесе 97 бағыт бойынша аптадағы 440 рейс тоқтатылды. Сол себепті жиналатын алым көлеміне қатысты қорытынды жасау әзірге мүмкін емес", – деді А.Өтепов.

Тиісінше, комитет алым-төлемақы болатынын растайды.

"Әуежайлар шығынына келсек, 2019 жылғы 2 қазанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің "Әуежайларда жерде қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" №750 бұйрығы бекітілді. Оған сәйкес, жолаушылар ағынына қарай әуежайларға алым көлемінен 2-ден 4%-ға дейін ұстап қалу түрінде өтемақы қарастырылды", – деді комитет төрағасының орынбасары.

Мысалға, халықаралық жолаушылар ағыны 300 мың адамды құрайтын әуежайлар төлемақы мөлшерінен 4%-ға дейін өзіне ұстап қалуға құқылы. Халықаралық жолаушылар ағыны 300 мыңнан 1 миллион адамға дейін баратын әуежайлар – 3%-ға дейін, ал өткізу қабілеті 1 миллион адамнан жоғары ірі әуежайлар 2%-ға дейін өтемақы ұстап қалады.

Демек, бұл жүйеден "әуе қақпалары" да азды-кем кіріс көреді.

"Екі түйе сүйкенсе..." дегендей, бұдан ұшу шығыны артатын жолаушылар зардап шегетін түрі бар. Сондай-ақ билеті қымбаттаған отандық авиакомпаниялар да Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан және өзге елдердегі бәсекелестеріне, әуе хабтарына жол беріп, жеңілуі ықтимал.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу