Әуезхан Даринов: "Банктер ауыл десе ат-тонын ала қашады"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3493

Аbctv.kz тілшісі Қазақстан фермерлер одағының президенті Әуезхан Дариновпен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.

Әуезхан Даринов: "Банктер ауыл десе ат-тонын ала қашады"

Кооперативте мәселе көп әлі

– Әуезхан Кәмешұлы, шағын шаруашылықтар мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдаудан көп жағдайда тыс қалып жатады. Себебі қаржының басым бөлігін кепілге қояр дүние-мүлкі жеткілікті, материалдық жағдайы мығым ірі шаруашылықтар иеленеді. Кәсіпкерлердің осы мәселеге қатысты базынасын да жиі естиміз. Қазір шаруашылықтар арасындағы тепе-теңдік сақталып келе ме?

– Бұл мәселе біршама уақыттан бері айтылып келеді. Шынында да, қаржының көп бөлігі ірі шаруашылықтарға тиеді де, шағындары тыс қалып жатады. Аталған мәселені қатарынан үш-төрт жыл бойы көтеріп, билік назарын аудартуға тырыстық. Мәселен, мемлекеттен берілетін қаржылай қолдаудың 10-15%-ы ғана шағын шаруашылықтарға тисе, қалғанын үлкен шаруашылықтар, яғни холдингтер мен серіктестіктер қалтаға басады. Қазақстан фермерлер одағының съезінде де осы мәселеге айырықша тоқталып, түйткілді тарқатудың жолдарын ұсындық. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы министрлігі, "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі секілді құзырлы мекемелердің нұсқауымен Қазақстан фермерлер одағының өкілдері мемлекеттік қаржылай қолдауды үлестіретін облыстық комиссиялардың құрамына мүше боп енді. Міне, содан бері тепе-теңдік сақталып келеді десек те болады. Яғни, шағын шаруашылықтарға көңіл бөліне бастады. Осылайша, бұған дейінгі 10-15%-ды 50%-ға дейін жеткіздік.

Дегенмен, былтырдан бері шағын шаруашылықтар тағы бір мәселемен бетпе-бет келуге мәжбүр. Көктемгі дала жұмыстарына мемлекеттен 60 млрд теңге бөлінсе, соның 12-14 млрд теңгесі Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы үлестірілетін. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары шаруашылықтарға кепіл болатын, әкімшіліктер тікелей қолдау көрсететін. Өкінішке қарай, қаржы үлестірудің бұл желісін жауып тастады. Осының салдарынан шағын шаруашылықтар тағы да тығырыққа тіреліп отыр. Мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.

– Сонда бұған дейін тиімділігі дәлелденген қаржы бөлу желісінің жұмысы не үшін тоқтатылып отыр?

– Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын кепілдіктен алып тастады. Яғни, олар ендігі жерде шаруашылықтарға кепіл бола алмайды. Себебі, корпорациялардың мойнында қыруар қарыз бар. Барлығы бірдей емес, бірең-сараңы қарызға батқан. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарызы көп. Сол үшін корпорацияларды кепілдіктен алып тастаған. Қысқасы, бір құмалақ бір қарын майды шірітіп отыр.

Енді ақша үлестірудің аталған желісін қайта қалпына келтірейік десек, заңдық тұрғыдан мүмкін емес. Өйткені, арнайы қаулы шыққан. Сондықтан мәселені шешудің басқа жолын қарастыру керек. Шаруаларға кепіл болатын бір мекеме қалайда табылуы қажет. Мәселен, "ҚазАгроГарант" деген ұйым бар. Неліктен кепіл ретінде осы ұйымды таңдамасқа?!

– Кепіл не үшін керек?

– Кепіл шағын шаруашылықтардың мемлекеттік қолдауға ие болуына жол ашады. Мәселен, биыл Аграрлық несие корпорациясына арнайы қаулымен 60 млрд теңге бөлінді. Енді өңірлер 60 млрд теңгеден өз үлестерін алу үшін өтініш бере бастайды. Алайда, кепілдігі жеткіліксіз болғандықтан, шағын шаруашылықтар бұл қолдаудан сырт қалмақ. Сондықтан кепіл болатын ұйым қалайда керек. Мәселен, бұған дейін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары шаруашылықтарға ауызша келісіммен-ақ кепіл бола беретін. Өйткені, кәсіпкерлер мен корпорациялар ұзақ жыл бойы бірлесіп жұмыс істеп келеді. Яғни, біріне бірі – сенімді серіктестер. Өзара тығыз байланыс орнатылған. Соның нәтижесінде ақша шаруашылықтарға жедел аударылады, жұмыс та іркіліссіз жалғаса береді. Ал күзде кәсіпкерлер алған ақшаны өтейді. Бұл үдерісті жергілікті әкімдік бақылауда ұстайды. Кәсіпкер өз міндеттемесін қалайда орындауы шарт. Өйткені, келер жылы тағы да әкімдік пен корпорацияның көмегіне жүгінетінін жақсы біледі. Міне, дәл осы тетік оңтайлы еді. Өкінішке қарай, қазір осы жағдай өзекті мәселеге айналып тұр.

– Бұл мәселені қалай шешу керек? Қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Үкімет ақшаны Аграрлық несие корпорациясына аударады. Ал корпорация ақшаны банкке және несие серіктестіктеріне береді. Болды. Басқа механизм жоқ бізде. Сонда кооперативтер не істеуі керек? Үкімет кооператив құр деді. Құрдық. Ел ішінде насихат жұмыстарын жүргіздік. Кәсіпкерлерді үгіттедік. Кооперативтің бүгін құрылып, ертең тарап кеткенінде тұрған ештеңе жоқ. Тек, осындай жағдайлардан кейін кәсіперлердің үкіметке деген сенімі жоғалады. Осылайша, ел ішінде теріс пікір қалыптасады. Сондықтан біз Аграрлық несие корпорациясы кооперативтерді тікелей қаржыландыруы керек деген ойдамыз. Бұл ұсынысты бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке айтқан едік. Ол басқа қызметке ауысып кетті. Енді жаңа министр Өмірзақ Шөкеевті құлағдар еттік. Ол бұл жайында бөлек жиын өтетінін, сонда талқыланатынын мәлімдеді.    

– Соңғы жылдары елімізде кооператив құру жұмысының қарқынды жүргізілгенін білеміз. Сол кооперативтердің қазіргі жай-күйі қалай?

– Анау айтқандай жақсы деп айта алмаймын. Әлі де түбегейлі шешілмеген мәселелер бар. Шаруашылықтардың жеке-дара несие алуы қиын. Сондықтан, олардың бірігіп, іріленуі дұрыс қадам. Мәселен, біз былтыр "СПК АГРО" деген кооператив құрдық. Оның 20 шақты мүшесі бар. Өткен жылы "Bank RBK"-дан 280 млн теңге несие алдық. Жалпы, былтыр тек "Bank RBK" ғана кооперативтермен жұмыс істеді. Биыл белгілі бір себептерге байланысты "Bank RBK" несие бермейтін болды. Ал өзге банктер кооперативтермен жұмыс істеуге құлықсыз.

– Сонда кооперативтерге несие беру банктер үшін тиімсіз болғаны ма?

– Жоқ. Керісінше, тиімді. Тек, банктерге ауылдың жағдайы, шаруасы бес тиынға да керек емес. Қазіргі банктер әбден көкіген. Көкелері бар. Тығырыққа тірелсе, үкімет көмектеседі. Әйтпесе, бізбен бірге жұмыс істеген "Bank RBK" кооперативтен ешқандай зиян шеккен жоқ қой. Банктер ауыл десе ат тоңын ала қашады.

– Кооператив құру еліміздің ауыл шаруашылығы саласы үшін қаншалықты тиімді?

– Оның тиімді яки тиімсіз екендігіне баға беру үшін ұзақ жыл керек. Біздің министрлер, әкімдер бір жобаны қолға алады да, бірден нәтиже сұрайды. Бұл дұрыс емес. Сондықтан кейде Астанада отырып алып ауылдың тағдырын шешетін лауазымды тұлғаларды бір сәт сол ауылға жіберіп, жалпы процеске араластырса ғой деген ой келеді.

Кооператив шет елдерде 50-100 жыл бойы дамып келеді. Ал бізде кооператив туралы заңның өзі былтыр ғана қабылданды. Шенеуніктер енді бір жыл өтер-өтпесте нәтиже сұрайды. Осы жағы ақылға қонбайды.

– Не нәрсені болсын шетелмен салыстыратын әдетіміз ғой. Кооператив жұмысы көрші елдерде, әлем мемлекеттерінде қалай дамыған?

– Өз басым Канадада, Германияда, Францияда болдым. Сонда аңғарғаным, Еуропада, жалпы әлемнің алпауыт елдерінде кооператив әлдеқашан дамып кеткен. Кооперативтің керек екендігіне көзіміз жетті. Әсіресе, шетелде бір кәсіпкер бірнеше кооперативтің мүшесі бола алады. Мәселен, бір кооперативке еніп, жем-азығын реттейді, екіншісіне мүше болып, егістіктегі жұмысын тындырады. Осылай жалғаса береді. Біз де осыған келе жатырмыз.     

Тыйым салу – тығырықтан шығудың жолы емес
– Үкіметтің жуырда өткен кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы сырттан әкелінген малдардың жайын сұрады. Ал өзіңіз басқарып отырған фермерлер одағының кезінде шетелден мал әкелуге қарсы болғанын жақсы білеміз...  

– Иә, шетелден мал әкелуге қарсы шыққан бірден-бір ұйым Қазақстанның фермерлер одағы еді. Біз президентке дейін хат жазып, наразылығымызды білдірдік. Ғалымдар да үн қосты. Қарсы болуымыздың өзіндік себептері бар. Шетелден мал әкелмес бұрын үш мәселені реттеп алу керек. Біріншіден, жем-азық жағдайын, екіншіден, кадр мәселесін, үшіншіден, эпизоотия, яғни малда болатын ауру-індетке қарсы тұру жағын ойластыру қажет. Осы үш мәселе реттелмейінше, шетелден мал әкелуге болмайды.

Соған қарамастан, сырттан мал жеткізілді. Солтүстік Қазақстан облысына ауру алып келіп, сырттан әкелген малдың бәрі қырылды. Ақмола облысында жем-азық мәселесі шешілмей, тағы да сарсаңға түсті. Десек те, сең бұзылды. Жол ашылды. Сол кезде біздің қарсы шығып, ескерту жасауымыз да, кәсіпкерлердің тәуекелге бел буып, шетелден мал әкелуі де дұрыс қадам болды деп есептеймін. Біз малды топырлатып әкелуге қарсы болдық. Ә дегенде 100 мың басты алып келсек, оның бәрі қырылып жатса, қаржының желге ұшқаны емес пе?! Шамалап, шағындап әкеліп, жағдайды бағамдап, нарықты зерттеп алған дұрыс. Бұл ретте, Ақтөбедегі Нұрлан Сағыналин басқаратын "Актеп" серіктестігінің жұмысын өзгелерге үлгі етуге болады. Қазір жем-азық, кадр мәселесі шешілді. Ал эпизоотияны жіті назарда ұстау керек.

– Қазақстанға қай елдерден мал әкелген тиімді?

– Ең алдымен логистика тұрғысынан жақын болғаны жөн. Яғни, алыстан іздеудің қажеті жоқ. Екіншіден, эпизоотияға көп көңіл бөлу керек. Малды сатып алатын адам ветеринарын ертіп бірге баруға тиіс. Сол елдің нарығын зерттеу керек. Қысқасы, кәсіпкердің өзі мүдделі болуы керек. Сондықтан малды ана елден, мына елден алған дұрыс деп айта алмаймын.

– Елімізде ет экпорты мен импортына қатысты мәселе көп. Мал басы жыл санап артса да, сырттан келетін ет көлемі азаяр емес. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпорындар ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Асылжан Мамытбеков ауыл шаруашылығы министрі боп тұрғанда 2016 жылы ет экспортын 60 мыңға жеткіземіз деп мәлімдеген еді. Бірақ, бұл міндет орындалған жоқ. Өткен аптадағы үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы да аталған мәселені қаузап өтті. Жалпы, ет экспорты мен импорты бойынша Қазақстанның әлеуеті қандай?

– Кәсіпкерлердің айтуынша, етті экспорттауда проблема жоқ. Ал ішкі нарықты қамту күрделі мәселеге айналып отыр. Өйткені, ел тұрғындарының етке деген сұранысы жоғары. Сондықтан, шетелге ет экспорттау қиын емес. Тек, алдымен ішкі нарықты толықтай қамтып алу қажет. Ол үшін асыл тұқымды мал басын көбейту керек. Малдың санын көбейтіп алсақ, кейін сапасын жақсартамыз. Қалай болмасын ішкі нарық толық қамтылуы керек. Негізгі міндеті осы. Ал өзімізден артылғанын экспортқа шығару ешқайда қашпайды.

Шыны керек, Қазақстан нарығындағы еттің 40-50%-ы сырттан келеді. Беларусь, Ресей, Аустралия секілді елдердің өнімін тұтынып жүрміз. Оларда ет шаруашылығы жақсы дамыған. Шет елдерде етті 30-40 жыл сақтауға мүмкіндік бар. Міне, сол елдердің әбден қурап, ұзақ жыл сақталған сапасыз еттері Қазақстанға келіп жатыр. Себебі, мұндай еттің бағасы арзан. Ал біздің елде әлгі еттер жоғары бағаға сатылады. Бұл жерде пайда көріп отырған бір ғана топ бар. Ол – делдардар.

Бұған жол бермес үшін ішкі нарықты өзіміз қамтамасыз етуге тиіспіз. Міне, сонда тұрғындар экологиялық тұрғыдан таза отандық өнімді тұтынатын болады. Ал сырттан келетін еттің бәрінде түрлі қоспалар бар.

Кәсіпкерлерге де табыс керек. Сондықтан кейде олар экспорттың бағасы жоғары болса, өнімін шетел асырып жіберуге бейім тұрады. Бұл ретте, кәсіпкерлерді түсінуге болады.

Бізде ет қана емес, май мен сүтің де сырттан келеді.

– Мұны қалай реттеуге болады? Бәлкім, импортқа немесе экспортқа тыйым салу керек шығар?

– Өз басым тыйым салу дегенге қарсымын. Тыйым салу – тығырықтан шығудың жолы емес. Біз тыйым салмай-ақ, ел ішіндегі мал басын жылдам көбейтуіміз керек. Ол үшін шаруаларға жағдай туғызсақ жеткілікті. Бізде жер бар. Жұмыс күші де жетерлік. Сондықтан мал ұстайтын мүмкіндігі бар жандарға көмектесу керек. Өкініштісі, бізде науқаншылық десе, бәрі өре түрегеледі. Мәселен, үкімет қой өсіру керек десе, бүкіл облыс осы іспен айналысып кетеді. Бұл дұрыс емес. Қой өсіруге қолайлы өңірлер ғана осы жұмысты қолға алуы керек. Жайылымы, суы жоқ өңірлерде мал басын қалай арттыруға болады? Мүмкін емес. Сондықтан әр сала үшін әлеуметті өңірлерді анықтап алу керек. Бізде осындай қарапайым дүниелер әлі қалыптаспай келеді.

Тағы бір атап өтерлігі, бізде нақты жағдайды бағамдау деген жоқ. Мысал келтірейін. Мемлекет қант қызылшасын өсірушілерге қолдау көрсетіп еді, өнім көп жиналды. Енді кәсіпкерлердің бәрі өнімді зауыттарға апаруы керек. Бірақ олардың бәрі бір ғана зауытқа үйіп-төгеді. Себебі, тапсырма солай. Ал сол сәтте дәл сондай екінші зауыт қаңырап бос тұрады. Сонда қалай болғаны?! Менікі жай ғана мысал. Айтпағым, бізде осындай түсініспеушіліктер жиі орын алады. Өкініштісі, кедергінің бәрін өз қолымыздан жасап аламыз.

Шаруалар үшін өзекті мәселенің бірі – жанар-жағармай. Былтыр үлкен шу болды. Кеңес үкіметінің тұсында жанар-жағармайдың бағасы 1/3 қағидаты бойынша бекітілетін. Яғни, жанар-жағармай бағасы астықтың құнынан үш есе артық болмауы керек. Мәселен, бүгінде нарықтағы астықтың бір тоннасы – 40 мың теңге. Ал 1/3 қағидаты бойынша жанар-жағармайдың бір тоннасы 120 мыңға сатылуға тиіс. Одан аспауы керек. Қазір біздегі жанар-жағармайдың бір тоннасы 160 мың теңге. Кәсіпкерлердің бәрі осы мәселені көтереді. Өйткені, астық бағасының қалай құрылатыны баршаға мәлім де, жанар-жағармайдыкі беймәлім. Мұны бізге ешкім түсіндіріп беріп отырған жоқ. Яғни, ашықтық жоқ. Жанар-жағармайдың бір тоннасы 90 мың болды, одан кейін 110 мыңға, 130 мыңға көтерілді. Қазіргі бағасы – 160 мың теңге. Бір баррель мұнайдың бағасы 40 доллар болса да сол жағдай, 70 доллар болса да сол жағдай. Өзгерген ештеңе жоқ. Үкімет осыны қадағалауы керек. Үкімет қайсысын субсидиялауы керек? Астықты ма, әлде жанар-жағармайды ма? Міне, бағамдалуға тиіс мәселенің бірі осы. Елбасы айтқандай, ауыл шаруашылығы саласын экономиканың драйверіне айналдырамыз десек, осындай дүниелердің бәрін бір ізге түсіру керек.

Жерді шетелге сатуға да, жалға беруге де болмайды!
– Кадр мәселесі де түбегейлі шешімін тапқан жоқ...

– Иә. Кадр мәселесін дүркін-дүркін көтеріп жүрміз. АҚШ-та болдым. Қатардағы училищенің біріне бардым. Біздің елдегі оқу орындарымен салыстыруға да келмейді. Біз санға, олар сапаға көңіл бөледі. Шетелде дуальды оқыту жүйесі жақсы дамыған. Студентке бір сағат теориялық білім берілсе, екі сағат практикада сыналады. Нәтижесінде мықты мамандар даярланып шығады. Тіпті, компаниялардың өзі оқу орнынан маман алу үшін кезекке тұрады.

Бізде ауыл шаруашылығы мамандығында оқып жатқан жастар көп. Мамандарды артығымен оқытып жатырмыз. Сонда да кадр жетіспеушілігі әлі күнге өткір тұр. Сондықтан, дуальды оқыту жүйесіне түбегейлі көшу керек. Бұл бір. Екіншіден, квоталар бөлінуі керек. Яғни, шаруа қожалықтары өз адамдарын оқытып, жағдай жасауы қажет. Сондай-ақ шаруашылық иесі тарапынан бақылау болуға тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрі премьер-министрдің орынбасары қызметін қоса атқарады ғой. Сол дұрыс болды. Саланың мәселелерін шешуге жол ашылады. Біздің министрліктер бір-бірімен бітеқайнасып жатуы керек. Бірақ, олай емес. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрлігінің кадр дайындауға қатысты ұсынысын білім министрлігі өз бағдарламаларына енгізуі керек. Өзара байланыс қажет. Біздің халықтың менталитеті де қызық. Бірінің баласы ауыл шаруашылығына оқуға түссе, екінші біреуі "Сен де қалма!" деп ұл-қызын сол мамандықты таңдауға мәжбүрлейді. Әйтеуір, мектепті бітірген соң оқуға түспей қалмаса болғаны. Біздің ата-аналардың ойы осы.

– Қазір жер мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұған қатысты қандай ой айтасыз?

–  Көзқарасымызды былтыр жер комиссиясының құрамында болғанда айтқанбыз. Жерді шетелге сатуға да, жалға беруге де болмайды! Біздің ұстаным осы! Былтыр мынадай бір қызық ұсыныс та айтылған. Жерді Қытайға емес, АҚШ-қа жалға беру керек деген. Бұл мүмкін емес дүние. Біріншіден, мұны заңдастыру қиын. Екіншіден, бұл қадам арқылы еларалық қақтығыс туындауы мүмкін. Дұрысы, жерді ешкімге бермеу керек. Құдайға шүкір, шамамыз келгенше игеріп жатырмыз. Бүгін үлгермесек, ертең де уақыт бар. Жаңа ұрпақ өсіп келеді.

– Шаруаларға жерді қазіргідей 49 жылға емес, 10-15 жылға ғана жалға беру керек деген ұсыныс та айтылып жүр. Бұған не дейсіз?

– Өте қате ұсыныс. Бұрын жалға беру мерзімі 99 жыл болған. Содан 49 жылға түсті. Осы мерзім жеткілікті. Ал одан азайтуға болмайды. Өзімді мысалға алайын. Жерді жалға алып 25 жылдай еңбек еттім. Қазір балаларым осы істі жалғастырып отыр. Алла қаласа, 30-40 жылдан кейін осы кәсіпті немерелерім қолға алады. Осылай жалғаса береді. Сонда шаруашылықтар да өз-өзін ақтайды.

– Қазір цифрландыру деген сөзді жиі қолданатын болдық. Ауыл шаруашылығы саласы да цифрлық дәуірге аяқ басуда. Біз бұған дайынбыз ба?

– Әрине, дайынбыз. Цифрландыру әлемде кең таралған. Ендеше оның бізге де келуі заңдылық. Өз басым мұны құптаймын. Мәселен, былтыр үкіметке субсидиялауды автоматтандыру туралы ұсыныс жасадық. Бүгінде субсидияның тағдырын комиссия, әкімшілік шешеді. Бұл жерде жемқорлық көп. Ал осы процесті автоматтандырсақ, бәрі көз алдымызда жүреді. Яғни, адамның ықпалы шектеліп, жемқорлыққа жол берілмейді. Бұл бір. Екіншіден, ашықтық болады. Яғни, қызметтер бәріне бірдей қолжетімді бола түседі. Әйтпесе, тамыр-танысы жоқтардың шеттеліп қалатынын жақсы білеміз.

Саланы цифрландыру оп-оңай жүзеге асырыла салады дегенге өз басым сенбеймін. Мәселелер болады. Қиындықтар туындайды. Айтылатын сылтау көбейеді. Электронды астық қолхатына көшкенде де осылай болған. Адам жасаған дүниені адам жасайды. Сондықтан тартынбау керек

– Соңғы сұрақ. Сүт өндірушілерде қандай мәселе бар?

– Жуырда Шығыс Қазақстан облысында болдым. "ВостокМолоко" корпорациясына бардым. Кәсіпорын соңғы үлгідегі заманауи технологиямен қамтылған. Бірақ, зауыт 30%-дық жүктемемен ғана жұмыс істеп тұр. Үңіліп қарар болсақ, бұл үлкен мәселе. Аталған зауытты толық қуат демей-ақ қоялық, 50%-дық жүктемеге қалай шығаруға болады? "Не істеу керек" деп кәсіпорын басшысының өзінен сұрадым. Айтуынша, мал ұстаушылар жыл сайын азайып барады. Бұрын зауытта 1800 адам жұмыс істеген екен. Қазір жұмысшылар саны – 1 мың адам. Қаншама адам қысқарып отыр. Ал осы зауытта шығарылатын май сапасы жағынан Ресейде бірінші орында тұр. Бір зауытты толық қамтымай тұрып, екіншісін саламыз. Біздің кемшілік осы. Ол қажет пе, жоқ па оған бас қатырмаймыз.

Сөзімді аяқтай келе айтарым, Құдайға шүкір, жеріміз бар, жұмыс күші де жеткілікті. Бізге даму үшін не жетіспейді? Жауап біреу – үкімет тұрақсыз. Бізге тұрақтылық керек. Бір министрдің қолға алған бастамасын екіншісі жалғастырып әкетпейді. Бағдарлама 2020 жылға дейін жасалды ма, қанша министр ауысса да, бағдарлама өз миссиясын орындап шығуы керек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу