Ауғандық командос неліктен Ресей әскеріне жалдануға мәжбүр

1561

Бұрынғы ауған арнайы күштерінің АҚШ дайындаған сан мың элиталық жауынгері РФ армиясының жағында соғысу үшін Украинаға аттануы мүмкін. 

Ауғандық командос неліктен Ресей әскеріне жалдануға мәжбүр Фото: google.com

Ауған арнайы күштерінің америкалықтар жағында соғысқан бұрынғы сарбаздары былтыр АҚШ армиясы Ауғанстаннан бейберекетсіз шығарылғанда Иранға қашты. Қазір сол адамдар Украинада соғысу үшін Ресей әскеріне жалданып жатыр, деп мәлімдеді ауғандық үш экс-генерал Associated Press агенттігіне берген сұқбатында.

Олардың айтуынша, ресейліктер мыңдаған бұрынғы элиталық ауған командосына ай сайын 1 500 доллардан төлеуге және олардың өздері мен отбасыларына қауіпсіз баспана беруге уәде еткен. Сонымен қатар Мәскеу ауғандықтарды "шетелдік легионға" тартып, оларды тәліптердің қастандығынан сақтау үшін үйлеріне депортацияламауға да сөз берсе керек.

"Олар соғысқысы келмейді, бірақ амалдары қалмаған. Маған бір шешімін айтуды өтінді. Егер Ауғанстанға оралса, бұл адамдар тәліптердің құрбанына айналуы мүмкін", – дейді генералдардың бірі Абдул Раоф Аргандивал Ирандағы ондаған командоспен хат жазысып тұратынын жасырмай.

Аргандивалдың айтуынша, жалдау жұмыстары "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясына жүктелген. Тағы бір генерал, тәліптер билікке келгенге дейінгі Ауғанстан армиясының соңғы қолбасшысы болған Хибатулла Ализай, бұл шаруада "Вагнерге" Ресейде тұратын және орыс тілінде сөйлейтін бұрынғы ауғандық қолбасшысы көмектесіп жатқанын атап өтті.

Ауғанстанда соғысқан америкалық солдаттардың айтуынша, тәліптер олардың ауғандық одақтастарын өлтіруді көздеп отыр. Сондықтан бұрынғы арнайы күш қызметкерлері Вашингтонға ызаланып, АҚШ-тың жауларының жағына өтуге мәжбүр. Бұған қоса, Пентагон жауынгерлері Ресейдің ауғандықтарды өз қатарына тартатынын бірнеше ай бойы ескерткен.

Тағы бір айта кететін жайт, тамыздағы баяндамасында республикалықтар АҚШ Әскери-теңіз күштері мен армиясының "жасыл береттері" дайындаған ауған командостары Американың соғыс тактикасы туралы ақпаратты "Ислам мемлекетіне", Иранға немесе Ресейге беруі немесе солардың жағында соғысуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.

"Біз бұл адамдарды уәде еткендей, қауіпті жағдайдан шығара алмадық. Ауған командостары - өте білікті, қаһарлы жауынгерлер. Мен оларды ешқандай ұрыс даласында көргім келмейді, шынымды айтсам, украиндармен соғысқанын да мүлде қаламас едім", – дейді бір кездері Ауғанстанда қызмет еткен ЦРУ-дың отставкадағы офицері Майкл Малрой АР агенттігіне берген сұқбатында.

Дегенмен, Малрой орыстардың көптеген ауғандық командосты дегеніне көндіре алатынына күмәнмен қарайды, өйткені олардың көпшілігі біреуге жалданудан гөрі өз елінде демократия үшін күрескенді қалайды.

Бұрынғы ауғандық әскерилерді Ресейдің соғысқа тарту әрекеттері жайында Foreign Policy журналы алғаш рет өткен аптада хабарлады. Мәскеудің ауғандықтарды жалдайтыны РФ армиясы Украинада сәтсіздіктерге ұшырап, президент  Владимир Путин мобилизация жариялап, 400 мыңдай ресейлік елінен қашқан шақта белгілі болып отыр.

Ресей Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Ал "Вагнер тобының" негізін қалағанын мойындаған Евгений Пригожиннің баспасөз хатшысы болса, бұрынғы ауған сарбаздарын жалдау идеясын "есалаң сандырақ" деп атады.

АҚШ Қорғаныс министрлігі де бұл жайтқа байланысты мәлімдеме жасамады. Алайда оның кейбір өкілдерінің ойынша, "Вагнердің" бірнеше елде сарбаз тартуға тырысқанын ескере отырып, оның әскер қатарына ауғандықтарды да қабылдау жоспарына аса таңқалудың қажеті жоқ.  

Иранға қашқан ауғандық арнайы күштердің қаншасы ресейліктердің назарына іліккені белгісіз. Бірақ олардың біреуі "Вагнердің" ұсыныстарын қарастырып жатқан 400-ге жуық командоспен WhatsApp арқылы байланысқа шығып тұратынын айтқан.

Оның сөзінше, Иранға бас сауғалаған ауғандық әскерилердің көбі депортациядан қорқады және де олар АҚШ-тың өздерін тастап кеткеніне ашулы.

"Америкалықтар біз үшін арнайы бағдарлама жасайды деп ойладық. Алайда бізді ешкім ойламаған екен. Өзіміз бен отбасымыз үшін қорқамыз. АҚШ бәрімізді "Талибанның" қолына тастап кетті", – дейді аты-жөнін атамауды өтінген бұрынғы командос.

Бұл азамат Ауғанстанда қалған үш баласы мен әйеліне және өзіне Ресей визасын рәсімдеуден үмітті. Басқаларына Ирандағы визаларын ұзарту ұсынылған. Америкалық агенттік тілшісімен сөйлескен командос WhatsApp топтарындағы бұрынғы ауған арнайы күштері жауынгерлерінің көбі тәліптердің қолына түскенше, соғысқа аттануды жөн көруі мүмкін.

Human Rights Watch ұйымының дерегінше, тәліптер билікке келгеннен кейін, үш айдан соң 100-ден астам бұрынғы сарбазды, барлау офицерлерін және полицейлерді, рақымшылық жасау туралы уәделерін бұзып, өлтірген немесе "із-түссіз жоғалтқан".

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының қазан айының ортасында жариялаған есебінде Ауғанстанда бұрынғы үкіметтік және әскери шенеуніктердің 160-ы сотсыз өлтірілгені, 178-і тұтқындалғаны туралы фактілер тіркелді.

Ауғанстан армиясының бұрынғы қолбасшысы Ализайдың айтуынша, ресейліктер соғысқа жалданатын адамдарды негізінен Тегеран мен Ауғанстан шекарасына жақын орналасқан Мешхедтен іздеп жатыр. Өйткені бұл қалаларға Ауғанстаннан көп адам қашты.

"Сіз Ресейде екі ай әскери дайындықтан өтіп, содан кейін майдан шебіне аттанасыз. Бірқатар қызметкерлер кетті, бірақ олар отбасыларымен, достарымен байланысты мүлдем жоғалтып отыр", – дейді Иранға кеткен бұрынғы ауған сарбазы Аргандивалға жіберген хабарламасында.

Жиырма жылға созылған соғыс кезінде америкалықтар жағында шамамен 20-30 мың ауғандық арнайы күш жауынгері соғысқан. АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарылған кезде бірнеше жүз жоғары шенді офицерді ғана өздерімен бірге көшірген. Өйткені ауғандық командостардың көпшілігі АҚШ әскерінде тікелей жұмыс істемегендіктен, Америкадан арнайы виза ала алмады.

"Олар шын мәнінде соңғы минутқа дейін күресті және де олар ешқашан, ешқашан, ешқашан "Талибанмен" сөйлеспеді. Бұларды қалдырып кету ең үлкен қателік", – дейді Ализай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу