Базардағы қауіпті ет: Сапасын ешкім білмейді

489

Қыс келе сала қазақстандықтардың басым бөлігі соғымның қамына кірісетіні жасырын емес. 

Базардағы қауіпті ет: Сапасын ешкім білмейді Фото: barometr.kg

Ауылдық жердегі халықты айтпағанда, қаладағы жұрт қажетті етін базардан сатып алады. Дегенмен олардың таза ет сатып алып жатқанына күмән көп. Сойылған ауру-сырқауы жоқ малдың еті ме, анығын құзырлы органдардың өздері де білмейді. Еш секемсіз сатып алып жатқан өнімінен тұтынушы дерт таппасына кім кепіл?

Мал еті үш күнге ғана жарайды

Өткен аптада елордада сенбі-жексенбі күні болатын ет жәрмеңкесіне аялдадық. "Көктал" сауда үйінің жанындағы жәрмеңке жыл соңына дейін жалғасады екен. Мұнда көбіне Абай, Ақмола, Павлодар және Қарағанды облысының фермерлері өз тауарларын халыққа ұсынып жатыр. Сұраныс жақсы, әр демалыс сайын тұтынушылар 100 тоннадан астам ет сатып алуда. Бұдан соң сатушыларды сөзге тартып көрдік.

– Әкелгеніміз далада еркін жайылып, өрісте семірген мал еті. Расы сол, егер бордақыласақ, баға да қымбаттайтыны анық. Өйткені қазір жем-шөп бағасы тым қымбат. Малшыға беретін жалақың бар. Қой, сиыр және жылқы етін сатып отырмыз. Жәрмеңке болған соң арада делдал болмайды. Халыққа да, бізге де тиімдісі – осы. Мысалы, саудаласып астаналықтарға қой етінің келісін 2250-2300 теңгеден бердік. Жылқы еті – 2500, ал ірі қара етін 2300 теңгеден саудаладық. Жалпы әр өңірдегі мал өсіретін шаруашылықтарға мұндай жәрмеңкенің жиі өтуі үлкен қолдау болады, – дейді Абай облысынан келген "Мырзабек" шаруа қожалығының төрағасы Күнсая Берікқызы.

Күнсаяның сөзінше, сойылған малдың еті өңірден шығатын кезде ветеринарлық тексерістен өтіп, анықтама беріледі. Онсыз болмайды. Сондай-ақ жәрмеңкеге түспес бұрын да аталған сауда орнындағы зертхана мамандары тағы да арнайы сараптамадан өткізеді екен.

Дегенмен етке сынаманы жеке жауапкершілік серіктестік өкілдері жүргізеді. Біздің ойымызша, бұндайда өнімін өткізуге асыққан шаруа мен зертхана иелерінің арасында жең ұшынан жалғасқан байланыс болуы мүмкін. Шаруаға еттің сатылғаны, ал зертханалар үшін жағдайдың тұрақты, тыныш болғаны тиімді. Дегенмен "Вет-Лав 2024" ЖШС зертханасының өкілі Рая Дүйсебайқызының айтуынша, әр еттің жарамдылық мерзімі тексеріліп, шикілік шықпауы қадағаланып отырады.

– Жәрмеңкеге келген еттің әр бөлшегі шаруашылықтың өз тексеріс құжатымен біздің зертхана түседі. Онда еттің жеуге жарамды екені жазылады. Бірақ біз сойылған тұтас малдың әр бөлшегінен, сондай-ақ ішкі органдарынан 200 грамға дейін кесіп алып, осындағы зертханадан толықтай қайта тексерістен өткіземіз. Қосымша еттің балғындығы, сойғаннан кейінгі жағдайына қадағалау жасаймыз. Қандай да бір ауру түрі анықталса, ол ет сауда сөресіне мүлде жіберілмейді. Сондай-ақ өнім арестке қойылып, тұтастай қайта тексеріске алынады. Жәрмеңкеге келген малдың еті сойылған соң үш күн ішінде сатылуға тиіс. Өйткені, біздің берген қорытынды рұқсат қағазымыз сол уақытқа ғана жарамды. Ал одан кейін сатылмаған еттің жай-күйі тағы да екінші рет зертханада тексерістен өтеді. Әзірге жайсыз жағдай тіркелмеді, – дейді ол.

Жекенің қолындағы дүниеге сенім аз

Бір қызығы, Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының сөзінше, сауда үйлері мен базардағы еттің қауіпсіздігіне қатысты мәселе сол жердегі нысанның ветеринарлық мамандарына қатысты. Ол мамандар сауда орталығы иелеріне бағынышты, сондықтан ауру анықталса да үнсіз қалмай ма? Ал департаменттегілер тек жалпылама ет өнімдерінен улану жағдайы анықталса, ресми шағым болған жағдайда ғана тексеріс жүргізуге құқылы екен.

Бұл саудада өрескел кемшілік барын Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев та айтып берді. Жалпы еліміздегі ет саудасы бір жүйеге келмеген.

– Сатылымдағы еттің қауіпсіздігі туралы анықтама жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ бұл – формальды ғана, яғни, қағаз жүзіндегі нәрсе. Мал шаруашылығындағы сойылған ірі қараның етін сондағы ветеринар маман қарап, қорытындысын береді. Шын мәнінде ондағы сойылған малдың жағдайы жақсы екені белгілі, өйткені, тұрақты тұынушыларынан айырылмау керек. Қадағалау бар. Біздегі ең қиыны – ауылдағы ағайынның сойып сатқан еті. Дәл осы сою барысында мал дәрігерлері болмайды. Сойылған сиыр не жылқы болсын, оның етінде қандай да бір ауру бактериялары бар ма, жоқ па, белгісіз. Кез келген мал сойылған уақытта оның еті не басқа да мүшелері арнайы мамандар арқылы клиникалық тексерістен өткізу керек, – дейді.

Мәжіліс депутаты қазір еттен тарайтын түрлі дерттің бастауы көзжұмушылықтан екенін айтады. "Аусыл" немесе "Сібір жарасына" қатысты ауру түрлерінің тұрғындар арасынан шығуының мәнісі осында.

– Ауылдағы қасапшы малды сойды. Етті сатылымға шығарарда иесі арнайы ветмамандарға ақшасын беріп, "аурудан таза" деген анықтама алады. Енді ол ет базарға келді. Мұнда арнайы зертхана бар. Тиісті мамандары да отыр. Олар етті толық зерттеп, ауруудан ада екеніне толық көз жеткізіп жүр ме? Қазір біз мұндай орындардағы ветеринарлық зертханаларды жекеге беріп қойдық. Ол жеке ветмамандар не зертханашылар қандай қорытынды береді, оны да өзі біледі. Өз басым базарға келген ет толық тексерістен өтетініне күмәнмен қараймын. Ең бастысы, сойылу кезінде ветеринарлық қадағалау және зертханалық тексерістен толық өтпейді. Тағы бір жайт, сойылған етті сақтау тоңазытқыштарында санитарлық талап нормалары дұрыс сақтала ма? Менің ойымша, ет сату нарығындағы базар немесе өзге де сату нүктелеріндегі өнім қауіпсіздігін қадағалайтын жеке зертханалардың жұмысын Үкіміт өз қолына алуға тиіс, – дейді Баққожаев.

Расымен де ауылдағы жұрт соғымына қамдаған малын түгел тексертпейді. Ал қалалықтар ауыл жұрты бордақылаған түлігінен жілік алуға құмар. Қай жағдайда да еттің қауіпсіздігі күмән сейілтетіндей толық ескеріліп жатқан жоқ. Ал құзырлы органдардың шағым мен улану фактілерін күтіп отыруы – нағыз немқұрайдылықтың бастауы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу