Масаға таланған шығысқазақстандықтар министрліктен көмек сұрайды

2985

"Халықтың қалаға үдере көшуі, әлеуметтік-экономикалық проблемалармен қатар, осы масадан болуы ықтимал". 

Масаға таланған шығысқазақстандықтар  министрліктен көмек сұрайды

Маса мен шіркейдің зардабын тартқан Күршім ауданындағы Боран мен Қалжыр ауылы Экология, Ауыл шаруашылығы және Денсаулық сақтау министрліктерінің арнайы жұмыс тобы келуін күтеді. Жергілікті атқарушы билік мәселені шешуге қауқарсыз екенін мойындайды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Спиральдан шыққан өрт

Бұл ауылдардың халқы жаз ортасында күртке киіп, медицина маскасының сыртынан байлауышпен тұмшаланып жүреді.  Шағатын жәндіктерден қорғанудың жалғыз жолы әзірге осы болып тұр.

"Халықтың біраз бөлігі шыбын-шіркейдің кесірінен-ақ қалаға көшіп кетіп жатыр. Ол жақта өмір сүруге жағдайлары келіспесе де, ауылда тұрақтап тұруға бейіл емес. Мұнда күздік күртке, әскери киім және торкөз бетперде "ұлттық киім" саналады. Күндіз де, түнде де осы киімді шешпейтін болдық. Шыбын-шіркей адамды да, малды да мезі етті. "Жаздың бір күні – қыстың мың күні" демекші, еңбек маусымында қимылдауға мүмкіншілік бермейді", – деді Қалжыр ауылының тұрғыны Еркін Нұрышов.

"Бұрын қаладан бала-шағамыз бен немерелеріміз келіп тұратын. Қазір ауыл десе екі қолын төбесіне қояды. Ауылдың үлкен-кішісі өзенге шомылып, жағасында асыр салып жүретін. Кейінгі жылдары оның бірде-бірі жоқ", – деп кейіді осы ауылдың тағы бір тұрғыны Бақытжамал Сайболатова.

"Балалар үйден шыға алмай, қамалып отыр. Өзіміз еріксіз тіршілік қамамын жүрміз. Қысқа жемшөп жинап алу керек. Бетімізді тормен жауып аламыз", – деді Боран ауылының тұрғыны Серік Жанаев.

"Әжетханаға түтін салып барамыз. Бала кезден осындай тіршілікпен арпалысып өстік. Дезинфекциялау нәтиже берген емес", – дейді осы ауылдың тұрғыны Әйгерім Ұнтабаева.

"Оқуы бітсе де, балалар демалмайды. Тым болмаса беттерін ашып жүре алмайды. Обал емес пе? Шекаралық аудан халқы қалай көшпейді қалаға? Қалада оңай үй қайда? Ауыл жанға тыныш болса, отырар еді ғой малын бағып", – дейді қалаға көшіп кеткен Боран ауылының тумасы Бақыт Хамитова.

Біз ауылдық амбулаторияның бас дәрігерімен тілдестік. Оның сөзіне сүйенсек, ауылда маса мен шіркейге таланып, дәрігер қарауына жүгінгендер бар.

"Ауыл тұрғындары майшам тәрізді қытайдың улы спиралін тұтатып қорғанады. Оның иісі қолқадан тұншықтырып, адамның басын айландырады. Жағымсыз иісінен кейбір адамда аллергия тіркеледі. Маса шаққан балалар қаралады. Бірақ кім баласын миллиондаған масаға "жегізіп" қояды деп ойлайсыз? Сондыктан үш ай бойы үйден шығармай ұстайды.Таза ауа жутып, жүгіріп-секірмеген балада қандай денсаулық болады?", дейді Боран ауылдық округі дәрігерлік амбулоториясының бас дәрігері Лиза Рапихова.

Облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша, масадан қорғайтын улы спиральдан бір адам қаза болған.

"5 тамызда 1967, 1989 жылы туған әкелі-балалы екі азамат дене жарақатымен Зайсан аудандық орталық ауруханасына келіп түскен. Оқиға былайша өрбіген. Боран ауылы, Жаңа Боран көшесі, 12 үйде жоғарыда аталған екі азамат күндегідей кешкі уақытта төр бөлмеде теледидар көріп отырған. Сол уақытта құлақтарына тарсылдаған дыбыстар естілгеннен кейін, әкесі есікті ашып кіреберіс бөлмеге бет алғанда өне бойын от шалған. Сасқалақтаған ол ары қарай отқа кіріп кеткен. Оны көрген ұлы өрт болып жатқан бөлмеге кіріп әкесін алып шыққан. Содан олар төр үйдің терезесін сындырып шыққан. Өрттің салдарыннан тамыз айының 17-сінен 18-іне ауған түні Зайсан аудандық ауруханада әкесі қайтыс болды. Аталған өрт үйге кіре берістегі бөлмеге күнделікті кешкі уақытта масаларға қарсы маса өлтіретін спираль қосып қоятынын үй иелері айтып көрсеткен, сол зат өрт тудырғанын айтқан",– деп жазылған полиция ақпаратында.

Бұған қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт себебін "абайсыздық" деп көрсетеді.

Бізге белгілі ақпарат бойынша, күйік шалған екінші азамат санавиациямен облыс орталығына жөнелтіліп, жансақтау бөлмесіне жатқызылған.

Тендердің әлегі

Биолог Сәуле Тәшкенқызының айтуы бойынша, Ертістің Зайсан көліне құяр сағасында орналасқан ауылдар – ұсақ жәндіктердің ордасы. Көктемде тасыған Ертіс пен Қалжыр өзендері кең аумаққа жайылады. Жазға таяу су арнасына қайтқанда аумақта жүздеген көлшік пен шалшық қалады – "маса-шіркейге табиғи жағдай жасалады".

Сәуле Тәшкенқызы осы аумақта дезинфекциялау жұмысын орындайтын "Зайсан аудандық дезинфекциялық станциясының" қызметкері. Өзінің айтуы бойынша, улау жұмыстары ел күткендей нәтиже бермей тұр және оның белгілі себебі бар.

"Біз жәндіктердің санын нағыз кемітетін мезгілді жіберіп алдық. Дернәсілдері шығып, әбден олардың қанаты қатайғанда улауымыз бірнеше күн ғана әсер етеді. Дезинфекция түнгі температура 10 градус жылы болатын сәуір айынан бастап қар жауарға дейін жүргізілуі керек. Ал біз аудан әкімдігімен келісімшартқа 20 мамырда ғана отырып, жұмысты 24 мамырда бастадық", – деді Сәуле Тәшкенқызы.

Аудан әкімдігінің шаруашылық жүргізетін ("ЖКХ") бөлімі мен дезинфекциялау станциясының арасындағы келісім 20 миллион теңгеге істелген. Келісімшартта тоғыз гектардан астам аумақты екі рет дезинфекциялау керегі көрсетілген. Дегенмен, халықтың "мазасы кетіп", дүркін-дүркін  шақыруымен станция қызметкерлері жаз айларында қосымша улау жұмысын бірнеше рет өткізген. 

Мекеме өкілдерінің айтуынша, келісімшартта масаны улау ғана көрсетіліп, ақша соған ғана бөлінген. Ал шіркейді улау керегі жазылмаған. "Екеуін де бір химиялық тәсілмен дезинфекциялаймыз ғой, бірақ молырақ қаражат керегі айтпаса да түсінікті болар", дейді олар.

Әкімдік өкілі тендер байқауының кешірек жарияланғаны бюрократия да ықпал еткенін айтады.

– Мұндағы маса, шыбын-шіркеймен күресуге бір ғана біздің бөлім қауқарсыз. Біз бюджеттен бөлінген қаражатқа байқау жариялап, ұтып алған компанияға дезинфекция жұмысын жүйелі істетіп отырмыз. Ұшақпен де, қолмен де улау жұмысы жүргізілді. Әрине, ұсақ жәндіктерді ерте мезгілде улай бастау керек екенін білеміз. Оған дезинфекциялайтын ұйыммен келісімшарт кеш жасалғаны рас. Бізге бюджеттен қаражат бөлініп, қағаз жұмыстары шешілгенше сол уақыт болды. Бұл енді, әрине, бір жағынан бюрократия. Біздің өңірге кешенді ғылыми зерттеу керек. Көбірек қаржы бөлінуге тиіс, өйткені 20 миллион теңге Ертіс өзенінің алабын дезинфекциялауға аз, – деді Күршім ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Акрамов.

"Көлшіктерді кептіру керек"

Шілдеде Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров осы ауылдарға барып, "ауыз-мұрынға дейін еніп кететін" масасын көріп қайтқан. Бұл туралы ол фейсбук желісінде жазып, бізге де айтып берді.

"Ауылда масаның эпидемиясы. Масаның көптігі сонша, тек қана арнайы сетка киіп жүрмесе болмайды. Уландыру ештеңе шешпей отыр. Уландыру процесі жолға қойылған, оқтын-оқтын жұмыс жүйелі түрде жалғасуда. Бірақ маса азаяр емес. Менің ойымша, бұл проблеманы түбегейлі шешу үшін масаның табиғи ошақтарын тауып, сол ошақтарды жою керек. Ал ол үшін осы жақта кешенді ғылыми зерттеулер қажет. Экология, ауылшаруашылық, денсаулық сақтау министрліктері біріге отырып, жұмыс тобын құрап, Қалжыр өңіріне арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастыру өте өзекті! Жалпы Марқакөл өңірінен халықтың үдере көшуі тоқтамай тұр. Бұл проблеманың бір себебі, әлеуметтік-экономикалық проблемалармен қатар, парадокс болса да, осы маса болуы ықтимал", – деген Ерлан Саиров бұл мәселемен қыркүйекте, демалыс уақыты аяқталғаннан кейін, тыңғылықты түрде айналысатынын айтады.

Боран, Қалжыр ауылдық округтері бұрынғы Марқакөл ауданының құрамында болған. Шекаралы аймақ саналатын бұл өңірде халық саны елеулі мөлшерде азайып кеткенін айтып қоғам белсенділері дабыл қағады. 1997 жылы елде аудандарды біріктіру науқаны жүргізілгенге дейін мұнда 25 мың халық тұрса, қазір тек бес мың адам қалған.

Биолог мамандардың айтуы бойынша, дезинфекция мақсаты ұсақ жәндіктерді түбегейлі құртып жіберу болмауы керек. Табиғат балансын сақтап, санын кемітіп отырған дұрыс. Өйткені маса, шыбын-шіркейдің табиғатқа пайдасы да бар, орман-тоғайды адамнан қорғайды. Сондықтан бірыңғай дезинфекциялау тиімсіз, көлшік, шалшықтарды кептіру немесе онда топырақ төгіп, толтыру керек. 

Ауыл халқы жергілікті атқарушы биліктен күдер үзіп болып, мәселе көтерген депутат үнімізді министрлерге жеткізеді деп үміт етіп отырғанын айтады.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу