"Ауыл шаруашылығы министрлігі айнымалы"

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты Сергей Звольский аграрлармен кездесу барысында осындай ой айтты.  

"Ауыл шаруашылығы министрлігі айнымалы"

Қытай инвестициясы қауіпті ме?
ШҚО-да парламент мәжілісінің депутаттары Нұртай Сәбилянов, Аманжан Жамалов, Иван Клименко, Михаил Чирков, Мұрат Теміржанов, Сергей Звольский арнайы жұмыс сапарымен келіп кетті. 10 күндік сапар аясында олар Аягөз, Үржар, Катонқарағай, Глубокое, Шемонаиха, Бородулиха, Көкпекті аудандары мен Семей, Риддер және Өскемен қалаларын аралап, тұрғындармен кездесті. Кеше сондай кездесудің бірі Өскемендегі "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалының ғимаратында өңір аграрларымен өтті. Қаржы және аграрлық сала бойынша парламенттік комиссия мүшелері саналатын Аманжан Жамалов,  Мұрат Теміржанов, Сергей Звольский   есімді депутаттарды екі сағатқа созылған жиында аграрлар  сұрақтың астына алды.

Күн тәртібі бойынша әуелі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев баяндама жасауға тиіс болған. Шаруалар оны тыңдаудан бас тартып, уақыт жоғалтпастан тікелей сауалдарға көшуді ұсынды. "Дизель бағасы неге бензиннен қымбат?", "Екі жылда ауыл шаруашылығына субсидия ретінде 400 млрд теңге бөлінген дедіңіз. Ал "Цеснабанкке" сол уақытта 2,4 млрд доллар бөлінді. Мұны қалай түсіндіресіздер?", "Неге ауыл шаруашылығы өнімінің өзіндік құнын түсіруге қадам жасалмайды? Қазір алып отырған техникамыз да, тұқым мен тыңайтқыш та, қыл аяғы малдың өзі шетелден әкелінеді. Осы себепті біздің өніміміз импорттың алдында баға жағынан қауқарсыз. 25 жылдың ішінде осыны реттейтін бір де бір заң шықпады. Неге?", "Ветеринариялық қауіпсіздік өкілдері Халықаралық эпизотикалық бюроның айтқанымен жүріп-тұратын болып алды. Біздің облыста ғана жыл сайын мыңдап мал қырылады. Мұндай жағдайда қайтіп мал өсіруге болады? Жылда осылай. Келіп барлық сауалды жазып әкетесіздер, нәтиже жоқ. Қашанғы осылай жалғасады?", "Несиені неге тікелей бір мекемеден алмаймыз? Араға делдал салып, оған пайыздық субсидия төлеу механизмі кімге пайдалы? Неге біз нақты бір мекемеден, ақырғы пайыздық мөлшерлемемен несие ала алмаймыз?". Төтесінен қойылған сұрақтардың ең өткір дегендері осылар болды. Ал ҚР парламентінің екінші шақырылымдағы мәжіліс депутаты болған "Маралёнок" шаруа қожалығының басшысы Асқар Қабанбаев өз тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып, Қытай инвестициясы туралы сұрақ қойды.

"Мен де сіздердің орындарыңызда, сіздер киіп отырған кепешті киіп көргенмін. Ол кезде бізде еркіндік бар еді. Есесіне елдің тұрмысы төмен болатын. Сол жылдары ШҚО ормандарын шетелдік компанияның сатып алуынан сақтап қалған болатынбыз. Сіздер де осындай ауыз толтырып айтар істермен айналысқандарыңыз жөн. Қазір жасым жетпіске келді. Осы жасымда мені бір сауал қатты алаңдатады. Ертең Тәжікстанның күйін кешіп жүрмейміз бе? Қытай инвестициясы қаншалықты қауіпсіз? Оның нақты мөлшері, қайтару уақыты мен шарттары сіздерге белгілі ме? Осы сауалдарға бас қатырып көрдіңіздер ме? Қаншалықты бақылауда ұстап отырсыздар? Егер бүл мәселені қолдан шығарып алсаңыздар, бағанадан бері айтылған көсем сөздер мен сұлу сұрақтардың құны бес тиын боп  қалады.Ел үшін ең маңызды мәселе осы. Уақыт өте жылдам өтеді. Көзді ашып- жұмғанша қарызды қайтаратын уақыт келеді. Соған біз дайынбыз ба", – деді экс-депутат. Бұл сұраққа парламент өкілдерінің атынан Мұрат Теміржанов жауап берді.

"Біз тәуелсіз елміз. Өз Конституциямыз бар. Онда Қазақстанның дербес, унитарлы мемлекет екені айтылған. Ата заңымыз аумақтық тұтастығымызға кепіл. Сондықтан "Қытай жерімізді тартып алуы мүмкін" дегенге саятын сөздер түбірімен негізсіз. Ал Тәжікстан оқиғасы ресми расталмаған дерек. Ондай арандатқыш ақпараттарға сыни көзбен қарау керек", – деп қысқа қайырды депутат.

Сүліктей сорған "ҚазАгроқаржы"
Ал егіс науқандарында дизельді жеңіл бағамен ұсынатын операторлар Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережелері қысқа күнде қыры құбылатынын айтып, шағымданды.

"Жыл сайын ереже өзгереді. Оған бой үйретіп болғанша, науқан басталып кетеді. Соңы тағы да айқай-шу, дау-дамай. Неге министрлік бір рет бекіткен ережесін қайта-қайта бұза береді? Оның зардабы бәрінен де шаруаларға көп тиеді. Биыл да көктемгі жұмыстарға жанармай жетпей қалуы мүмкін. Енді бір айдан соң диезль таси бастауымыз керек. Ал ереже әлі нақты емес. Біздің орнымызға "Ақпараттық басқару орталығы" деген мекеме пайда болып, шаруа қожалықтарынан тапсырыс қабылдап жүр. Мұндай бассыздықты кім реттей алады?", – деді Владимир Шульгин.

Бұл сұраққа жауап берген Сергей Звольский айтылған сынның орынды екенін атады.

"Жуықта ауыл шаруашылығы министрлігіне кеңес беру үшін шетелдік сарапшылар шақыртылған болатын. Аузы дуалы мамандар біздің министрлікті "әрекетін болжау мүмкін емес, айнымалы орган" деп таныпты. Расымен де солай ғой. Жыл сайын министрі ауысады. Әр министрдің өз саясаты бар. Екі ортада шаруалар зиян шегеді. Мысалы, ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасы бірнеше министрдің кесірінен бірнеше рет өзгерді. Сондықтан біз бір рет бекітілген шешім кем дегенде 5 жыл жұмыс істеуге тиіс деген ұсыныс айтып жүрміз. Әсіресе субсидия алу ережелері тұрақты болуға тиіс", – деді Сергей Звольский.

Ал кеше осы құрамға Иван Клименко мен Михаил Чирков қосылып, Ұлан ауданының Саратов ауылында халықпен кездесті. Ауылшаруашылық колледжде өткен кездесуге білім ошағының ұжымынан бөлек ауыл тұрғындары да қатысты. Депутат Аманжан Жамалов әлеуметтік салаға бөлінген бюджет туралы баяндама жасап, ТМД көлемінде дәл біздей әлеуметтік салаға көңіл бөлетін ел жоқ екенін айтты.

Тұрғындар атынан ауылдың үлкені ретіндеАнатолий Климов сұрақ қойды.

"Елбасымыз Қазақстандағы әр отбасының табысы 500 мың теңге деген болатын. Кеше бір газеттен бір отбасының отбасының орташа табысы 300 мың теңге деген дерек келтіріпті. Мұндай табысқа елдегі барлық жанұялардың тек 10 пайызы ғана қол жеткізе алатын көрінеді. Мұндай сандар қайдан алынады? Халық екеуінің қайсына сенуі керек", – деді қария.

Оның сұрағына Аманжан Жамалов жауап берген болатын.
"Бұл мәселеге қатысты түрлі пікірлер айтылды. Аталмыш мәліметке қатысты құзырлы адамдар тиісті түсінік те берді. Сондықтан, оны қайта қоздатудың қажеті шамалы", - деп құтылды депутат.

Ал  кәсіпкер Василий Гладышев "ҚазАгроқаржы" мекемесіне деген өкпесі қара қазандай екен.

"Мен шаруа қожалықтың басшысымын. Мені екі мәселе алаңдатады. Біріншіден, неге бізде құрылыс шығынының 10-15 пайызын жобалау жұмыстары алады. Бір жобаны ұқсас құрылыстарға пайдалануға не кедергі?  Екіншіден, "ҚазАгроқаржы" деген кәсіпорын бар. Шаруаларды қолдауға құрылған. Мен солар арқылы жеті жылға 32 млн теңге тұратын комбайн алдым. Жеті жылдың ішінде соны 53 млн теңге қылып қайтаруым керек екен. Сонда түсінбегенім, кім кімді қолдап отыр? Бізді ұшпаққа шығарады деген "ҚазАгроқаржыны" керісінше біз байытып жатырмыз ғой", – деді қария.

Жауапшы ретінде сөз алған Мұрат Теміржанов соңғы уақыттарда бірнеше мәрте қолдануға болатын типтік жобалар пайда болғанын айтып, келешекте бұл тәжірибе жаппай белең алуы мүмкін екенін атады.

"ҚазАгроқаржы" кәсіпорнының басшысы ауысқанын білетін шығарсыз. Жаңа басшылық жаңа жоспармен келіп отыр. Ал шаруаларды несие арқылы қолдау әлемдік тәжірибеде бар дүние. Біздер, депутаттар аталмыш кәсіпорынның орнына аграрлық банк құруды ұсынып отырмыз. Ондай банк құрылса "ҚазАгроқаржы" кәсіпорнындағы қаптаған басшылар 50 пайызға азайып, жұмысы оңтайланатын болады" – деді мәжіліс депутаты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу