Павлодар облысы Тереңкөл ауданы Песчаное ауылының тұрғыны Галина Лютер күн сайын өзендегі мұзды ойып, су алады. Себебі ауыл ішінде орналасқан колонкалар қыстың аязына шыдамаған. Ал ауладағы құдық суының құрамында тұз көп болғандықтан, ішуге жарамайды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Тайғақ жолдың үстімен өзенге жету, суды үйге тасып алу өте қиын. Бірнеше рет құлап, шелектегі суды төгіп алып, өзенге қайта барған кездер болды. Кеше ойған жер қатып қалып, қайта оюға тура келді. Осылай күнелтуден басқа амал болмай тұр. Кейбір көршілер аула маңындағы таза қарды ерітіп, соны пайдаланады",– дейді Галина Лютер.
Оның үстіне қызмет көрсетуші кәсіпорын әр адам басына 220 теңге төлеуді талап етіп отыр.
"Біздің біраз уақыттан бері суды Ертістен тасып, оны тұндырып, кейін қайнатып ішіп жүргенімізді коммуналдық сала қызметкерлері жақсы біледі. Соған қарамастан, пайдаланбаған су үшін ақы сұрайды. Құдықтан су үздіксіз беріліп, оны пайдалансақ бір жөн",– дейді тағы бір тұрғын Александра Булатова.
Жергілікті қызмет көрсетуші компанияның директоры Асхат Зәріповтің айтуына қарағанда, құдықтан су алмайтын 8 отбасы коммуналдық төлемнен босатылады. Ал жақын күндері құдықтағы жарық жамалып, қайтадан су беріле бастайды.
"Қаңтарда апаттық жағдайды дер кезінде жоюға қатты аяз мүмкіндік бермеді. Сол кезде жарылған жерді жасайтын болсақ, бірнеше отбасы емес, тұтас ауыл ауыз сусыз қалар еді. Енді күннің жылынғанын пайдаланып, бірнеше күннің ішінде жыртықты жамаймыз", – дейді ол.
Бірақ мұнымен мәселе уақытша ғана шешіледі. Көктемде құдықтан тағы ақау шықса, тұрғындарға өзен жағалауға тура келеді. Сондықтан күрмеулі мәселені кешенді түрде шешу қажет. Мұны жергілікті билік те жақсы біледі.
"Песчаное ауылында су желісі мен су тазарту қондырғыларын толық жаңарту керек. Осы мақсатта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Сол арқылы бүкіл ауылды таза ауызмен қамту жоспарда бар", – дейді Тереңкөл аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ринат Мадин.
Жобаны жүзеге асыруға 1,5 млрд теңге керек. Бұл сома қазынадан бөлінген жағдайда 2023 жылы оны іске асыру басталады. Демек, әлі екі жыл бойы ауылдықтар қар ерітіп, өзен суын ішіп күнелтеді. Одан басқа амал жоқ.
Ажар Дәулетова
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !