"Ауылға Астананың уәдесі емес, мәселесін шешетін қаржы институты қажет"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4374

Коммерциялық банктердің ауылға бағыттап отырған несиесінің көлемі несиелік портфельдің 2%-на да жетпейді.

"Ауылға Астананың уәдесі емес, мәселесін шешетін қаржы институты қажет"

1994-2001 жылдар аралығында Қазақстанда Аграрлық банк жұмыс істеді. Оны экономика ғылымының докторы Бейсенбек Зиябеков басқарды. Таяуда ол аталмыш қаржы ұйымын қайта ашуға қатысты abctv.kz  тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді. 

– Аграрлық банк ашу бастамасын кеш көтеріп отырған жоқпыз ба?

– Бұл мәселенің күн тәртібіне қойылғанына біраз болды. Бізге осындай қаржы ұйымы арқылы ауыл шаруашылығын дамытып отырған ҚХР мен Ресей Федерациясының тәжірибесін терең зерттеу керек. Өз басым Аграрлық банктің қоғамға қажет екенін үкіметтегілер жете түсініп отыр дегенге сенбеймін. Бізге Аграрлық банк ашу арқылы  ауыл шаруашылығын несиемен қамтамасыз ету механизмін қалыптастыру қажет. Осылай болғанда ғана сең сетінеп, іс алға жылжиды.

– Кезінде Аграрлық банктің  қызметін екінші деңгейлі банктер атқарады деген  желеумен ауыл шаруашылығына дем беріп тұрған қаржы ұйымы жабылды. Қалай ойлайсыз, сол кездегі барлық сөз Аграрлық банкті жабу үшін айтылды ма?

– Коммерциялық банктердің мақсаты мемлекеттің, соның ішінде ауылдың мүддесімен сәйкес келе бермейді. Күні бүгінге дейін үкімет коммерциялық банктердің бетін ауылға бұру механизмін қалыптастыра алмай келеді. Жағдай осылай жалғаса беретін болса, ауылдың тоз-тозы шығады. Ауылға Астананың уәдесі емес, мәселесін шешетін қаржы институты қажет. Ал коммерциялық банктердің ауылға бағыттап отырған несиесінің көлемі несиелік портфельдің 2%-на да жетпейді.

Кезінде әлдекімдер айтқан пікірлерге жауап бере алмаймын. Десе де белгілі бір топтың Аграрлық банкке қарсы жұмыс істегенін жоққа шығара алмаймыз.

– Ел заңнамасында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен басқа салалық банк ашуға рұқсат берілмеген. Осы турасында не айтасыз?

– Бізде ауыл шаруашылығын қаржыландыру квазисектордағы қаржылық операторларға жүктелген. Сала бойынша маманданған банк қызметкерлері қартайды, зейнетке кетті. Олардың  орнын  кейінгі толқын толтыра алмады. Аграрлық банк пен банк қызметкерлерін сала бойынша дайындау мәселесін Ұлттық банк көтеруі тиіс еді. Алайда біз мұндайды естіп те, көріп те отырған жоқпыз.

– Кезінде өзіңіз басқарған Агробанк жайлы айтыңызшы...

– Аталмыш банк аяқ астынан пайда болған жоқ. Ол КСРО-ның банк секторында 70 жыл өмір сүрген ауыл банкінің мұрагері болды. Бұл банк Кеңес одағы құлағанға дейін болған қаржы институтының негізінде ашылды.  

– Агробанктің мемлекеттік мәртебесі болды ма?

– Иә, ашылған кезде мемлекеттік деңгейде жұмыс істедік. 1990 жылдардағы  жекешелендіру барысында банк жекенің қолына өтті. Бірақ атауы өзгерген жоқ. Қазақстандағы 1,5 мың фермер Агробанктің акционері болды.

– Банктің ту сыртында Форбстің тізіміне енген тұлғалар тұрмаған соң акциясы "ұстағанның қолында, тістегеннің аузында" кетеді деген қорқыныш болған жоқ па?

–  Мен банкте 1994 жылдан бастап 2001 жылға дейін жұмыс істедім. Біз Кеңес үкіметінен банкті фермер-акционерлерімен бірге қабылдап алдық. Жүйені  бұзған жоқпыз, сақтап қалдық. 1, 5 мың фермерді үлкен күш деп ойлайтынбыз. Бірақ олай емес екен. Көп ұзамай банк қиын жағдайға тап болды. Өйткені ол алғашқы жылдары несие берумен емес, жабылмай қалған несиелерді қайтарумен айналысты. Кейін осының зардабын тартты. Банктің несие портфелі небары 30 млн АҚШ долларын құрады. Бұл банк үшін өте аз қаражат.

– Банк неге жабылды?

Биліктің ауылға бағыттаған саясаты ауылдағыларға түсініксіз болды. 1998 жылы үкімет  ауылдағы барлық мекемелерді, оның ішінде біздің акционерлерімізді банкрот деп жариялау үшін қаулы қабылдап, құжат әзірлей бастады. Сіздер ауылдағылар пайдан немесе совхоздар мен колхоздардағы үлестен неге қағылды деп сұрайсыздар. Бұған жоғарыда сөз етілген қаулы себеп болды. Осы қаулы қабылданған соң Агробанктың  акционерлері үлестерін, ал біз кепілге алған мүлкімізді жоғалттық. Сол кезде әлдебір пысықайлар жаңа компания құрып, халыққа тиесілі пай мен үлесті басып қалды.

– Ары қарай не болды?

– Біз жұмысымызды жалғастыра бердік, жағдайымыз күн өткен сайын қиындады. Бізге ешкім қол ұшын созған жоқ. Қазір ғой, банк саласын сауықтыруға 3 трлн теңге бөлінеді, бізге 3  теңге де бөлінген жоқ.   

1997 жылы үкімет Азия банктен қарызға 30 млн АҚШ долларын несие түрінде алды. Оның 10 млн доллары Агробанкке бөлінді. 10 млн АҚШ доллары сол кездегі өлшеммен алсақ, өте үлкен ақша ғой...

Біз несие алған кезде 1 АҚШ доллары 76 теңге  болды. Ал қайтарған кезде бағам 150 теңгеге көтеріліп кетті. Жекешелендіру кезінде барынан айырылып қалған банк клиенттері қаржыны қайтара алмады. Мен сол кездегі үкімет жетекшісіне барып, девальвацияға ауылдағы фермерлер кінәлі емес екенін, несиені бұрынғы бағаммен қалдыру қажеттігін айттым. Бірақ сөзім желге ұшты. Арада біраз уақыт өткенде біздің банкті басқа инвесторлар сатып алып, оның атауы Наурыз банк болып өзгерді. Наурыз банктың Агробанктан айырмашылығы, оны мемлекеттің өзі банкрот деп жариялады.

Қазақстанда Агробанктан таза банк болған жоқ. Бұл банкке қатысты әртүрлі жағымсыз әңгіме айтылды. Соның бірі шетелге аударылған ақша жайлы болды. Егер мен мұхиттың арғы жағына ақша жіберсем, қазір ұлыммен бірге 3 бөлмелі пәтерде тұрмас едім. Мен шетелден несие түрінде келген қаржыны басқа банктерде сақтаған емеспін. Тіпті жекеменшігімде жеке компания түгілі дүңгіршек те болған жоқ. Жекешелендіруден үлес алып қалайын деген ойдан да аулақ болдым.  

– Ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан  субсидияландыруды кезең-кезең бойынша тоқтатуға дайындық  басталып кетті.  Қалай ойлайсыз, ауыл шаруашылығына көмек берудің субсидиядан өзге балама жолы бар ма?

– Үкіметтің ауылға бөлген қаржысының 85%-ы үлкен кәсіпорындарға, бидай өсіріп отырған алпауыт компанияларға түседі. Олар ауыл шаруашылығы өнімдерінің тек 25%-ын ғана өндіреді. Қалғанын импорт жабады. Ал негізгі өнімді шаруа қожалықтары өндіреді, ал оларға алпауыттардан қалған 15% қаржы жетпейді. Дәл қазір екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығына несие бөлуге дайын емес. Жалпы, ауылға несие берудің тәуекелі көп. Сол тәуекелдің ара-жігін ажыратып беретін маман үкіметте де, Ұлттық банкте де жоқ болып тұр.

– Қазақстанда квазисекторларды балалата беру кімге тиімді?

–  Кезінде Агробанкты жабуға асыққан азаматтар  ауылға көп қаржы жұмсалды деген уәжді алға тартты.  Ал қазір үкімет жекеменшік банктерді асырап отыр. .Коммерциялық банктердің акционерлері қаржыларын банктерді сауықтыруға неге жұмсамайды? Мемлекет үшін олигархтардың мүддесі ауылда тұратын 45% халықтың мүддесінен жоғары тұр ма? Жауабы жоқ сұрақ көп.  

– Қаржы секторында "жүйені ұстап тұрған банктерді құлатуға болмайды, олар құласа, бүкіл қаржы жүйесі тоқырайды" деген түсінік бар.  Жүйені ұстап тұратын банктерге қойылатын халықаралық өлшем бар ма, әлде ол  сол банктерге деген алабөтен ықыласты ақтап алу үшін ойлап табылған  қағида ма?

– Мұндай түсінік тек бізде ғана бар. Себебі жүйені ұстап тұрған банктердің соңында үкіметтің аяқ-қолын байлап отырған ықпалды топ бар. АҚШ-та 2008 жылы  Lehman Brothers инвестициялық банкі банкротқа ұшырады. Мұндай жағдай Жапонияда да болды. Біздің өлшем бойынша бұлар АҚШ пен Жапонияның банк жүйесін ұстап тұрған банктер еді. Алайда "жүйені ұстап тұрған банктер құлады" деп АҚШ пен Жапония қара жамылмады. Қаржы институттарын сауықтыруға триллиондаған қаржы да бөлген жоқ. Банктердің банкротқа ұшырауынан аты аталған елдерде жағдай қиындаған жоқ,  керісінше бұған дейін таныла алмай жүрген банктердің тынысы ашылды.

– Агробанк бізге не береді?

Агробанк ашылса осыған дейін қордаланған мәселелер бірден шешіледі деуден аулақпыз. Бізге несиелендіру мен инвестициялаудың екі деңгейлі  жүйесін қалыптастыру қажет. Бұған Ұлттық банк мүдделі болуы тиіс. Агробанк экономикалық тұрғыдан тиімді болады. Ол ауылға бағытталған қаржының жүйелілігі және ашықтығын қамтамасыз етеді және осы саладағы қаржылық операцияларды оңтайландырады. Ауылға бағытталған қаржы ондаған емес, бір арнамен жүретін болады.

–  Агробанктың қандай форматта жұмыс істегенін қалайсыз?

– Меніңше, Агробанк мемлекеттік-коперативтік банк болып құрылуы керек. Басқаша айтқанда, мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі негізінде жұмыс істеуі тиіс. "Атамекен" КҰП банктің құрылтайшысы атанса жөн болар еді.  Өйткені "Атамекен" ауылдағы ұсақ шаруашылықтарды кооперацияға бейімдеуді жиі айтып жүр.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлбаршын Сабаева

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу