"Ауылшаруашылығы жобаларын қолдау басты назарда"

2423

Атырау облысында шағын бизнесті қолдау және дамыту үшін "100 сауда орны" бағдарламасы жүзеге асуда.

"Ауылшаруашылығы жобаларын қолдау басты назарда"

Өңірлік даму институты ретінде құрылған әлеуметтік–кәсіпкерлік корпорациялары пандемия кезеңінің қиыншылықтарына қарамастан аймақтағы бизнесті дамыту, кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсету мақсатында қандай жұмыстар атқарып отыр? Әлеуметтік маңызды деп табылған азық–түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері қалай жүзеге асуда? Осы және басқа да сауалдарды "Атырау" ӘКК АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Алтынбекұлы Алтынбеков мырзаға қойған едік.  

– "Атырау" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ алға қойған мақсатының бірі – инвестициялар мен инновацияларды тарту үшін қолайлы экономикалық орта қалыптастыру болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мекеме қандай жұмыстарды жүзеге асыруда?
– Айта кетейік, ӘКК құрылған сәттен бастап 29 жоба іске асырылды, олардың жиынтық құны 48,7 млрд теңгеге тең, оның ішінде инвестордың қаражаты – 33 млрд теңге, ӘКК қаражаты – 15,6 млрд теңге. Бұл жобалардың ішінде 12–сі агроөнеркәсіптік кешен мен өндіріс, жетеуі құрылыс, үшеуі қызмет көрсету саласына қатысты және олар бойынша 3500–ден астам тұрақты жұмыс орны құрылып, бюджетке 3 млрд теңгеден астам салық төленді. Қазіргі күні 70,5 млрд теңге сомасына 20 жоба іске асырылуда, оның ішінде инвестордың қаражаты – 58,4 млрд теңге, ӘКК қаражаты – 12,1 млрд теңге. 

Қазіргі күні шағын бизнесті қолдау және дамыту үшін "100 сауда орны" бағдарламасы іске асырылып жатыр, оның аясында кәсіпкерлерге көше саудасына және қызметтер көрсету үшін жер учаскелері беріледі, нақтылай кетсек, олар көкөніс, жеміс–жидек, сусын, балмұздақ, фастфуд, сондай–ақ, гүл, газет, кәдесый сияқты дайын өнімдерді сата алады. Сондай–ақ, екі индустриялық аймақ құру үшін жұмыс істеп жатырмыз, олар – Индер ауданындағы индустриялық агроаймақ пен Атырау қаласынан 15 шақырым қашықтықтағы Қарабатан жеріндегі индустриялық аймақтар. Мұның біріншісінде нормативтік–құқықтық актілер ресімделіп, әзірлеу сатысынан өтіп жатыр, екінші жоба бойынша заңнамаға сәйкес жаңа тұжырымдама әзірленбек. Сонымен қатар, бұған дейін ӘКК–нің қатысуымен инвестициялар тарту бойынша форумдар өткізілген. Пандемия жариялануына және карантин енгізілуіне байланысты адамдар көп жиналатын іс–шараларды өткізуге тыйым салынып отыр

– 2021 жылға арналған Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық–түлік тауарларының облыс бойынша қоры туралы ақпарат берсеңіз? Алдағы күзге дайындық жағдайы қандай?
– Әлеуметтік маңызы бар азық–түлік тауарларының тізбесі азық–түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық–түлік тауарларының тізбесі бойынша қалыптастырылады. Бұрын тұрақтандыру қорына тауарларды сатып алу форвардтық шарттар жасасу арқылы жүзеге асырылған, алайда 2020 жылдың басынан бастап мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың арнайы тәртібінің қағидалары қолданылады, яғни шарттар жасасу кезінде алдын ала төлем немесе аванстық төлем енгізу тетігінің болмауы отандық өнім берушілерді толық қамтуды, сондай–ақ, тауардың төмен құнын тиісті дәрежеде қамтамасыз етпейді, сондықтан өнім берушілердің көпшілігі алдын ала төлем бойынша жұмыс істейді.

Бүгінгі күні Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық–түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес біздің акционерлік қоғамымыз ірі сауда желісімен және жергілікті тауар өндірушілермен қарыз шарттарын жасады. Айта кетсек, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық–түлік тауарларының тізбесіне кіретін тауарлардың 4 түрін (пияз, сәбіз, картоп, қырыққабат) өткізу үшін жергілікті шаруа қожалығына 200 млн теңге мөлшерінде қарыз берілді. Жасалған шарттың талаптарына сәйкес, бұл өнімдер тамыз айынан бастап қала базарларында облыс әкімдігі бекіткен шекті бағаларды ұстана отырып, 4 сауда нүктесінде, сонымен қатар, шаруа қожалықтарының "100 сауда орны" бағдарламасына сәйкес алған  5 сауда орнында сатылады.  Бұдан басқа, 2020 жылғы 5 мамырда айналым қаражатын толықтыру мақсатында "Идеал Маркет" ЖШС–не 400 млн.теңге бөлінді. Қазіргі уақытта "Идеал Маркет" ЖШС әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 14 түрін біздің облыстың 36 супермаркетінде белгіленген және одан да төмен бағалар бойынша сатып жатыр. Ал алғашқы кезекте тұтынатын азық–түліктің шекті бағасын облыс әкімдігі тоқсан сайын бекітеді.

Сондай–ақ, 1 сұрыпты ұн бағасының көтерілуіне байланысты қала наубайханалары тарапынан сұраныс пайда болған,наубайханалардың қажеттіліктерін қанағаттандыру, әлеуметтік маңызы бар нан бағасының алдын алу және тұрақтандыру мақсатында бірінші сұрыпты ұн сатып алуға 155 млн теңге сомасына шарт жасалып, қала наубайханаларына 1360 тонна ұн сатылды. 2020–2021 жылдары бағдарламаны іске асыру мақсатында жергілікті сауда желілері мен тауар өндірушілерге айналым қаражатын толтыру үшін жалпы сомасы 755 млн теңге қарыз беріліп отыр. 

– "ӘКК Атырау" АҚ қызметтері инвестициялық жобаларды жасақтау және оларға қатысу, шағын және орта бизнесті дамыту үшін институционалдық жағдай жасауды көздейді. Инвестицияланған бизнес құрылымдар банкротқа ұшыраған жағдайда қаражатты қайтару процесі қалай жүрмек?
– Қоғамның инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысу шарттары мен әріптестерді айқындау тәртібі "Атырау" ӘКК" АҚ инвестициялық жобаларды қарау және іске асыру жөніндегі ережесінде көзделген. Бірлескен кәсіпорынның банкроттығына жол бермеу мақсатында жауапты департамент оның қызметі мен қаржылық жағдайына жоспарлы және жоспардан тыс мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, қоғам инвестициялық жобаларды қарыз ақша қаражатын бөлу жолымен іске асырған кезде қарыз кепілмен қамтамасыз етіледі. Қарыз алушының өзі де, сондай–ақ, үшінші тараптар да кепіл беруші бола алады. Сот банкроттық рәсімін қозғаған не әріптесті немесе бірлескен кәсіпорынды банкрот деп таныған жағдайда инвестициялық қаражатты қайтару процесі ҚР "Оңалту және банкроттық туралы" заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылмақ.

– Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларының қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көп. Еске түсіре кетсек, 2017 жылы 47,8 млн теңгеге бизнес–жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылдап, осы соманы қайтару кепілдігі ретінде кепілдің болмауына қарамастан қарыз қаражатын беру, аяқталмаған әлеуметтік нысанды бағалау бойынша қызмет көрсету туралы келісімшарт жасасу үшін кәсіпкерлерден пара алу, сонымен қатар, қойылған талаптарға сәйкес емес 15 тонна құс етін сатып алу деректері кездескен еді. Мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында қандай шаралар қолға алынған?
– Бұл деректер 2013–2017 жылдар аралығында тіркелген. Мұның ішінде "Атырау" ӘКК" АҚ мақсатты қарыз түрінде 47,853 млн теңге бөлген "Бәйтерек 2013" ЖШС бойынша сот талқылаулары жүріп жатыр, Атырау облысының экономикалық сотына қарыз қаражатын қайтармау және серіктестіктің жарғылық капиталына жер учаскесін бермеу туралы 4 талап арыз және Атырау облыстық сотына 3 талап арыз берілген. Ал кәсіпкерлерден аяқталмаған әлеуметтік нысанды бағалау бойынша қызмет көрсетуге шарт жасасу үшін пара алу дерегі анықталмаған. Қойылған талаптарға сәйкес келмейтін 15 тонна құс етін сатып алу бойынша жауапты тұлғаларға жазалау шарасы қолданылған.  

Осындай заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында "Атырау ӘКК" АҚ Қоғамның Қауіпсіздік кеңесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, яғни Комплаенс функциясы жүктелген, биыл осы қызмет сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді, атап айтқанда бизнес–процесс алгоритміне, Қоғамның нормативтік құжаттарына талдау мен қорытындылар жасалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданды.

– Ауыл шарауашылығы саласында, соның ішінде, балық шаруашылығы өнімдерін өндіруді, қайта өндеуді, сақтауды, тасымалдауды және өткізуді қосқанда, қандай қызметтер жүзеге асырылып жатыр?
– "Атырау" ӘКК" АҚ 2013 жылдан бері агроөнеркәсіп кешенінде 12 жоба жүзеге асырды. Олар – ешкі өсіру және ешкі сүті мен етін қайта өңдеу бойынша мал шаруашылығы кешені, етті–майлы бағыттағы қойларды бордақылау және өсіру бойынша асыл тұқымды шаруашылығын дамыту, сүт дайындау және қайта өңдеу цехы", ет өңдеу комбинаты, голштино–фриз тұқымды 1000 жемдік сиырға дейін сүт–тауар фермасын салу, сервистік–дайындау орталығының жұмысын ұйымдастыру, жүн өнімдерін өндіру, көкөністерді қайта өңдеу және консервілеу өндірісі, үйінді және контейнерлік сақтауға бағытталған 8 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын салу, еуростандарттар бойынша құс фабрикасын ұйымдастыру,  бөдене жұмыртқасы мен ет өндіретін бөдене фермасы, ет–сүт павильонының, наубайхана қызметін және өсімдік шаруашылығын ұйымдастыру, етті–сүтті бағыттағы мал өсіру және шұбат, айран және қымыз шығару жөніндегі мал шаруашылығы кешені жобалары. 

Бұл жобалардың өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталған және қаладағы сауда орындарында сатылуда. Балық шарушылығына келетін болсақ, ӘКК тарапынан қаржыландырылған "Сев Каспий фиш" ЖШС–ның  өнімдері ішкі нарықпен қоса сыртқы нарыққа Ресейге өз өнімдерін шығарып отырғанына айта кеткім келеді.

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу