Шымкенттің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қалада жолақысын төлеудің электрондық жүйесі іске қосылғалы, Tolem-нің 200 мыңнан астам картасы сатылыпты. Бұған қоса, сәуірде тағы 100 мың карта саудаға түсіп, қарқынды өткізілуде. Биылғы төрт айдың өзінде 16,5 млн транзакция жасалып, жолаушылар автобустармен жүруге 1,2 млрд теңге шығындаған екен. Соның ішінде басым көпшілігі – 13,8 млн транзакция осы карталар арқылы жасалған. Қалғанының 2,5 миллионы – қолма-қол ақша, 122 767-сі – SMS, ал 314-і ғана QR арқылы төленген.
Шымкенттіктер неге бұл өнімге қарсы болды?
Жалпы, Шымкенттің тұрғындары электронды билеттендірудің енгізілуіне біразға дейін қарсыласып бақты. Ақыры бұл жоба былтырғы 2020 жылғы 15 қазанда бастау алатыны жарияланды. Соның қарсаңында, екі апта бұрын автобустардың көбінде валидаторлар пайда болды. Алайда белгіленген күні "билеттік цифрландыру" науқаны жүзеге аспай қалды.
Оған бірнеше олқылық себеп болыпты. Біріншіден, қалалық әкімдік мәлімдеген сауда орындарының бәрінде бірдей төлем картасы сатылмайтыны әшкереленді. Екіншіден, іздеп жүруге уақыты жоқтар кондукторлардан ала алады деп хабарланған. Ол да шындыққа жанаспайтын болып шықты: кондукторлар өздеріне ондай зат түспегенін айтып, қымсына қол жайды. Карта таппай сабылған, босқа шабылған шымкенттіктер журналистерге шағымданды, шу көтерді. Бұқара дүрбелеңге түсті, өйткені әкімдік электронды түрде төлемегендер үшін жолақысы 70 теңгеге емес, 100 теңгеге түсетінін айтып, қорқытқан-тын.
Үшіншіден, қалаға жеткізілген карталар саны миллиондық тұрғынның қажеттілігін өтемейтіні анықталды. Осыған байланысты Шымкенттің Көлік басқармасы жаңа шешім қабылдап, тіпті картасы жоқ адамдар да 1 қарашаға дейін 70 теңгеден төлейтінін, ал кондукторлардың олардан 100 теңгеден талап етуі заңсыз екенін мәлім етті.
Жалпы, шымқаланың Көлік басқармасы жергілікті тасымалдаушыларға электронды жолақы төлеу жүйесін енгізу бастамасымен 2019 жылғы қазанда шыққан болатын. Осы мақсатта "QazSmartTrans" ЖШС-мен келісім бекітіледі. Мегаполис әкімдігі бұл компанияның электронды билеттеу жобасын Атырауда, Қызылордада және басқа қалаларда енгізген тәжірибесі барлығын алға тартқан. Сондай-ақ шымкенттік шенеуніктерді жобаның толығымен жеке инвестиция есебінен жүзеге асатыны қызықтырғанға ұқсайды. Әйтпесе, бюджеттен 1,2 млрд теңге шығындауға тура келетін еді.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, "QazSmartTrans" компаниясы 2018 жылғы 28 шілдеде Нұр-Сұлтанда небәрі 5 адамы ғана бар шағын кәсіпорын ретінде тіркелген. 2020 жылы 1 млн 318 мың, 2021 жылы 2 млн 630 мың теңге ғана салық төлеген. 2018 және 2019 жылдары мүлдем салық төлемеген: "0" деп тұр.
Өз кезегінде жергілікті Тасымалдаушылар қауымдастығы аталған "техникалық шешімге" эксперттік бағалау жүргізу үшін "Smarton" IT-компаниясымен келісім жасасады. Ол өз кезегінде Беларусьтен ай-ти мамандарды тартқан. Беларустік сарапшылардың қорытындысы бойынша аталған төлем картасы қорғалмаған, тиісінше, жолаушының қасында тұрған адам өз смартфоны арқылы оның осы картасындағы бүкіл ақпаратты оқып, пайдалана алады. Бұл үшін смартфонда NFC технологиясы болса, жетіп жатыр. Дегенмен, компания содан бері өнімін біраз жетілдірген.
Қалай болғанда, "QazSmartTrans"-тың елордадағы "Astana Hub" Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі арқылы салықтық жеңілдіктерді пайдаланып келгені енді мәлім болып отыр.
ІТ парк неге жеңілдіктен айырмақ?
"QazSmartTrans" басшысы Гүлнәр Жорабаева өз компаниясы маңызды іске – Қазақстанның даму қарқынын арттыру үшін елдің "болашақтың цифрлық экономикасы" деп аталатын жаңа траекторияға өтуіне сүбелі үлес қосып жатыр деген пікірде.
"Осы мақсатта біз қоғамдық көлікте электронды билеттеудің жалғыз қазақстандық жүйесін әзірлеп, енгіздік. Біздің Tolem жүйесінің жұмыс қағидаты келесідей: автобустарда, троллейбустар мен трамвайларда мобильді валидаторлар – терминалдар орнатылады. Олар Tolem картасын оқып, жолаушыларға сол арқылы жолақы құнын төлеуге мүмкіндік береді. Терминалдар компаниямыз әзірлеген бағдарламамен жабдықталған. Tolem картасын да біз жасадық. Бұлар, яғни бағдарлама мен карта бірінсіз бірі жұмыс істемейді", – деді Г.Жорабаева.
Бұл жерде біраз қаланы электронды билеттеуге көшіріп жатқан оператор мен "Astana Hub" арасындағы даудың мәнін түсіну үшін шамалы егжей-тегжейге бойлап, байыбына бару қажет болады.
Мысалы, Tolem картасының негізгі қағидаты мынадай екен: жолаушылар картаға ақша салады да, қоғамдық көлікке кіргенде жолақысын төлейді. Осы карта иелерінің, яғни жолаушылардың ақшасының күн сайынғы тасқыны бірден автобус паркінің емес, тікелей "QazSmartTrans" есепшотына құйылады. Адамдардың картаны толтыруға бағыттаған қаражаты да соның қоржынына түседі.
Жолаушы жолақысын төлеген соң ол қаржы компания мен тасымалдаушылар арасында бөліске салынады.
"Тасымалдаушылармен арамызда бекітілген келісімдерге сәйкес, біздің ЖШС-ның сыйақысы 70 теңге тұратын әр билет құнының 8%-ы көлемінде болып белгіленді. Қалған 92%-ы көлік компаниясына аударылады. Компаниямыз 2020 жылдан бері "Астана Хаб" халықаралық технопаркінің қатысушы. Оның қатысушысы ретінде біз артықшылық-преференцияларды пайдаланамыз, мысалы, корпоративтік табыс салығын, қосылған құн салығын төлеуден босатылғанбыз. Бірақ технопарк қатысушыларына тек қана ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің басымдықты түрлерінен табыс табуға құқық берілген. Біз осы заңнама талабын бұзып отырған жоқпыз деп санаймыз", – деді Гүлнәр Жорабаева.
Әйткенмен, бұл байламмен технопарк басшылығы келіспейді: "Astana Hub" ІТ-стартаптар технопаркінің ұстанымынша, "QazSmartTrans" ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қалқан етіп, шынында басқа қызмет түрінен табыс табуда. Нақтылай кетсек, Tolem картасын толтыратын азаматтар ІТ өнімді сатып алмайды, жолақысын ғана төлейді, демек, компания шын мәнінде тасымалдау қызметінен кіріс алып отыр. Оның үстіне билет құны осы компания мен автобус паркі арасында өзара бөліске салынады. Ал тасымалдау қызметі ҚҚС пен КТС салықтарынан босатылатын қызметке жатпайды.
Салық саласына жауапты Мемкірістер комитеті де "Астана Хаб" ұстанымын қолдады.
Қазіргі кезде "QazSmartTrans" Қазақстан бойынша 20 автопаркке қызмет көрсететіні белгілі болып отыр.
Серіктестік өзге де мәселелерге кезіккен. Мәселен, салықшылар билеттің толық құны алдымен осы компанияның есепшотына құйылатындықтан, оның бүкіл көлемін, тіпті тасымалдаушылардың 92%-дық үлесін де осы компанияның табысы деп есептей бастауы ықтимал. Сондай-ақ жолаушылардың картаны толтыруға жолдаған, бірақ жолақы ретінде жұмсамаған қаражаты да ЖШС есепшотында жатыр, ол да соның кірісі ретінде есепке жатқызылуы мүмкін. Бұл жағдайда, егер ЖШС технопарктегі артықшылықтарынан айырылса, бюджетке қомақты салық төлей бастауына тура келеді.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !