Автодромдар жойылды: жүргізушілер жаппай әуреге түсуде

1976

Билік автомектептердің трегін жалдауды жоспарлауда. 

Автодромдар жойылды: жүргізушілер жаппай әуреге түсуде

Елде пандемия басталғалы "темір тұлпары" бар қазақстандықтар талай құқайды көруде. Билік ТЖ режимін бұздың деп біразының көлігін тәркілеп, айыппұл тұрағына қамады. Карантин кезінде қозғалысына шектеу қойды. Көлік салығын қымбаттатты. Енді міне, оған тағы бір проблема жамап отыр.

2019 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда халық "спеццон" атайтын "Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары" жаңа жұмыс форматына ауысты. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің түсіндіруінше, бұл коррупциялық бұзушылықтарды жою үшін жасалыпты. Соған қарағанда, бұл орталықтар парақорлардың "жемсауына" айналып кетсе керек.

"Сол өзгеріске сай, көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру бойынша барлық қызметтерді бұрынғыдай Ішкі істер министрлігінің Тіркеуші-емтихан бөлімдері (ТЕБ) арқылы алу толығымен жойылды. Тиісінше, осыған дейін елімізде жұмыс істеп тұрған барлық 85 аудандық ТЕБ те жабылды. Жойылған 85 аудандық ТЕБ-тің функциялары жергілікті жерлердегі ХҚКО-ларға берілді", – деді министр.

Бір қарағанда, өз ведомствосының құзыры "майшелпек саламен" күшейтілгеніне Асқар Қуанышұлы қуануға тиістей. Бірақ қуанбайды. Себебі, реформа халыққа қызмет көрсету орталықтарының оған дайын болмағанын ескермепті. Салдарынан, ХҚКО-лар тек куәлік берумен ғана шектелуде.

"Осы 85 ауданда автоматтандырылған автодромдар болмауына байланысты, азаматтар сол аудандардың ХҚКО-сында тек жоғалған немесе мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәлігін ғана ала алады. Сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу және есептен шығару туралы өтінімдерді "Электрондық үкімет" порталы арқылы онлайн түрде ресімдеген азаматтар көлік құралын тіркеу туралы куәлікті және көліктің нөмірлік белгілерін сол жерден дайын түрде ала алады", – деді А.Жұмағалиев.

Цифрлық министр үлкен түйткілдің барын мойындады:

"Өкінішке қарай, кәмелет жасқа толып, алғаш рет жүргізуші куәлігін алатын азаматтар облыстық орталықтардағы автоматтандырылған, мамандандырылған ХҚКО-ға сабылуға мәжбүр. Себебі, алғаш рет жүргізуші куәлігін алу үшін олар теориялық және автоматтандырылған автодромдарда практикалық емтихандарды тапсыруы қажет. Ал аталған жұмысқа бюджетте қаражат қарастырылмаған. Соған қарамастан, біз бүгінде әлгі 85 ХҚКО-да теориялық емтихан тапсыруды ұйымдастырып жатырмыз", – деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Әрине, теорияны тапсырғасын білімі мен біліктілігін практикада көрсету үшін бәрібір орталыққа шабылуға тура келмек. Әзірге тек 12 елді мекенде ғана автоматты автодром ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, билік амалсыздан кезінде өзі іске алғысыз еткен автомектептердің қызметіне жүгінбек: автодромын жалдайды.

"12 автоматтандырылған автодромды жергілікті әкімдіктер бөлген жер учаскелерінде тұрғызу көзделген. Сондай-ақ "автомектеп" секілді оқу ұйымдарының меншігіндегі автодромдар да іске жаратылады. Осы жұмыс өз шешімін тапқаннан кейін, осындай механизммен барлық ірі аудандарда автодром салу мәселесін әрі қарай пысықтайтын боламыз", – деді меморган басшысы.

Осының алдында қоғам белсендісі Ғалия Әбітаева аудандарда автодромдар болмай, қазақстандықтар жүргізуші куәлігін ала алмай жатқанын мәселе етіп көтерді.

"Мысалы, Шу ауданы өте үлкен. Ауданның тұрғындары осы мақсатта облыс орталығы Тараз қаласына қатынауға мәжбүр. Бұл кәдімгідей қиындық келтіруде. Өйткені біздің бүкіл облыс бойынша енді 1 ғана автоцон қалды. Оның қызметін пайдалану үшін облыстағы барлық аудандардың тұрғындары облыс орталығына ағылып, әлгі орталық алдында алапат кезек түзеді. Ел оған шағымданып жатыр. Сол үшін Шу ауданында өкілдік немесе филиал ашу қажет", – дейді Ғалия Әділқызы.

Алматы қаласының тұрғыны Төле Ділбар аудан түгіл, тіпті мегаполис тұрғындарын да осы мәселе алаңдататынын жеткізді.

"Біздің қалада автоцондар дұрыс жұмыс істеуін қойды. "Саялыдағы" орталыққа бір ай бұрын жазылып қойғанбыз. Олар жүргізу сынағы бойынша қабылдамайтынын хабарлап отыр. Бір апта бұрын "Ақсуаттағыға" тіркелдік, олар да бұл бағытта жұмыс істемейтінін айтады. Онда неменесіне Үкімет пен әкімдік автоцондар ашылды деп жалпақ жұртқа жария етіп, елді алдайды? Ешқайсысы толыққанды жұмысқа дайын емес. Барлық жерге жазудамын, ешкім де тыңдамайды. Шенеуніктер барлығына пандемияны кінәлауға жаман үйреніп алды. Қарапайым қазақстандықтар көпті сұрамайды, қиын шақта төл көлігімен көшеде жүре алуы үшін жүргізуші куәлігін беруді сұрайды", – деді ол.

Мұндай жағдай барлық өңірде қалыптасуда. Бұл құрылымдар пандемия кезінде қалыпты жұмысын жолға қоюға қауқарсыздық танытуда.

"АвтоХҚКО-лар онлайн қызмет көрсетуге көшкен кезде оның қызметіне жүгіну қажет болды. Байланыс орталығының операторларына кеңес-консультация сұрап хабарластым. Call-орталыққа телефон шалғандардың барлығына 3–5 минуттап күтуге тура келеді. Содан кейін оператордың бірі телефонды көтереді де тастай салады. Байланыс үзіліп кету үшін жасайтын сияқты. Мұндай жағдай 3 күн бойы, тәуліктің кез келген уақытында қайталанды! Мысалы, мен таңертең де, кешке де кеңес алуға тырысып бақтым. Болмады. Телефонның ар жағына тығылып алып, олар өздерін ешкім жазалай алмайтындай сезінсе керек. Байланыс орталығының мұндай нашар жұмысы адамдарды автоцондар ашылғанда соған лап қоюына итермеледі. Бірақ ішке тек алдын ала жазылғандарды ғана енгізеді. Мен заманауи адам және жауапты азамат ретінде қызметті онлайн алуды қалаймын әрі кезекті қалыңдатып, карантинді бұзғым келмейді", – дейді Әділ Шерниязов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу