Аягөздегі балалар қайтыс болған орталық Өскеменге көшпек

2420

Ата-аналары тастап кеткен балаларды емдеуге орталық та асықпаған.

Аягөздегі балалар қайтыс болған орталық Өскеменге көшпек

Қазіргі кезде елімізде 6 миллионнан астам кәмелет жасқа толмаған бала бар. Алайда Қазақстан жыл сайын дүниеге келгеннен 18 жасқа толғанша 1 мыңнан астам баладан жазатайым айырылады. Тағы 200 мыңдай жасөскін әртүрлі жарақат алып, мертігеді, уланады. Білім және ғылым министрлігі 2019 жылғы маусымда жариялаған соңғы "Қазақстандағы балалардың жағдайы туралы баяндамада" айтылғандай, 2018 жылы сыртқы факторлар кесірінен бір жыл ішінде 1054 бала өлген. 171 мың 693 бала жарақат алып, уланды.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласындағы мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсететін балалар орталығы тосыннан ауыр дауға басы шатылды. Онда 2020 жылғы сәуірде төрт тәрбиеленуші қаза тапты.

Арнайы комиссия анықтағанындай, балалар бір күнде емес, бір ай үдерінде, әртүрлі күні өмірден өткен. ШҚО әкімінің орынбасары Әлішер Мархабаттың айтуынша, олардың өліміне саналуан туа бітті дерттерінің ушығуы себепкер болған. Әйтпесе, олар қызылшадан өлгені, ал Аягөзде осы індет бас көтергені туралы ақпарат таратылды.

Шағын қаладағы бірінші қайғылы оқиға 2 сәуірде тіркелді: 2008 жылы туған бала жантәсілім еткен. 11 сәуірдегі екінші жағдайда 2009 жылғы тәрбиеленуші көз жұмды, 20 сәуірде 2006 жылы туған жасөспірім өмірден өтті. Үшеуі де – ұлдар. Төртінші жағдайда, 29 сәуірде 2012 жылғы қыз бала қаза тапты. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша олардың дерті қызылшаға еш қатысы жоқ.

Ішкі істер органдары балалардың өлімі фактісіне орай Қылмыстық кодекстің "Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы" аталатын 317-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ол абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттері үшін айыптыларды саладағы қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге түрмеге қамауды қарастырады.

Төбе шашты тік тұрғызар оқиғаға жұртшылықтың қуатты үн қатуы – қазақстандықтардың тасжүрек емес, мейірімді екенін, адамгершілік құндылықтарға берілгенін паш етті. БАҚ-тағы жарияланымдар қоғамдық пікірде күшті дүмпу туғызғанын аңғарған қоғам белсенділері мен блогерлер мәселені ары қарай қазбалап, дүрлігісті өршіктіре түсті. Солардың бірі – қоғам белсендісі, жемқорлыққа қарсы агенттік жанындағы мониторинг тобының өкілі Рафаэль Гасанов тіпті арнайы интернаттағы балалардың тоза бастаған бәтіңкелерін суретке түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жатыр: "Фотода – ескі аяқ киім мен керуерт. Бұл мені және комиссия мүшелерін естен тандыра жаздады" деп жазды.

Бұл әрине, асыра сілтеу болса керек: ауылдықтар жақсы біледі, оқушылардың жартысынан астамы осындай аяқ киіммен жүр. Түйткіл әлдеқайда тереңде. Дегенмен, оған да мән берген арнайы комиссия ескі аяқ киімдерді қоқысқа лақтыртып, орнына жаңасын алғызуды жүктеді.

Мамандар орталықтың шаңын қағуда

Тәуелсіз сарапшылар тартылған тексеру жұмыстары жалғасуда. Денсаулық сақтау министрлігінің байламынша, әртүрлі кеселден зардап шеккен балалар ауруханаға кеш жатқызылды. Ведомствоаралық комиссия (ВАК) отырысында ДСМ вице-министрі Людмила Бюрабекова тәрбиеленушілердің денсаулығына салғырт қарау орын алған деді.

"Тексеру кезінде Аягөз арнайы орталығында медициналық көмек көрсету ісінің ақаулы екені, ақсап жатқаны әшкереленді. Ғимараттың өзі стандарттарға сай емес. Балаларды дәрігердің күн сайын қараған-қарамағанын нақты айту мүмкін болмады, себебі ешкім де нақтылы есеп-құжаттама жүргізбеді. Өмірден озған балалардың денсаулық жағдайы жете бағаланбаған. Бұл олардың ауданаралық ауруханаға кеш апарылуына соқтырды. Аурухананың медициналық көмегінен кінәрат табылмады, оған балалар ауыр патологиялармен, ауыр жағдайда келіп түскен. Балалардың өлуіне көп ағзалық жеткіліксіздік (полиорганная недостаточность) себепкер болды", – дейді Людмила Бюрабекова.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жетекшілік ететін ВАК тексерістің алдын ала нәтижелерін де жария етті. Балалардың дерттерінің ауырлағанына әлгі орталықта жете мән бермеуі кесірінен олар ауруханаға кеш әрі ауыр жағдайда жатқызылған. Балалар 2 сағаттан 2,5 тәулікке дейінгі аралықта көз жұмды.

Арнайы интернаттан жеткізілген балалардың өліміне себеп ретінде "туа бітті патологиялардан, ауыр бактериалды пневмония аясында дамыған ақаулардан және кахексиядан ауырлаған, көп ағзалық жеткіліксіздік ушыққан коморбидтік фон" аталды. Осылайша, ВАК дерегінше, тәрбиеленушілер негізгі және ілеспе аурулар, соның ішінде туа бітті ауыр патологиялар салдарынан мерт болды. 

Бүгінде мекемені қоғам белсенділері кірген арнайы комиссия, прокуратура, ІІМ сыртында, ДСМ-ның Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті де тексеруде. Бұл топқа санэпидемқадағалау ғылыми орталығының ғалымдары, педиатр, невропатолог, инфекционист, эпидемиолог, анестезиолог-реаниматолог, рентгенолог, патологоанатом дәрігерлері кірген.

Орталықтың барлық медициналық құжаттары тәркіленді. Өзге де құқықтық құжаттары зерделенуде. Оның мамандарының сертификаттары тексерілуде. Тәрбиеленушілерге көрсетілген медкөмектің сапасы талданып жатыр. Балалардың бәрін невропатолог қарап шығыпты.

Мекеменің біліктілік талабына сәйкес келмейтіні енді ғана белгілі болды. Жергілікті невролог пен терапевт (талап бойынша педиатр болуы тиіс) балаларды күн сайын тексеретінін айтқан: оны растайтын құжат жоқ.

Белсенділер не дейді?

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова қоғам белсенділері кірген топтың байламдары мен ұсынымдарын жария етті.

Біріншіден, олар арнайы интернатты Өскеменге көшіруді ұсынды. Бұл ұсынысты ведомствоаралық комиссия қабыл алып, облыс әкімдігіне тапсырма берді. Өйткені орталық ғимараты кеңес кезінде 1980 жылы салынған бұрынғы балалар үйі. 2007 жылы оған жапсарлас нысан тұрғызылыпты. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға бассейн керек екен, онда ол жоқ.

Екіншіден, спорт залы жертөледе (подвал) орналасқаны ұнамайды. Салдарынан, жеткілікті желдетілмейді, іші көмескі. Зал ересектерге арналған жабдықтармен жабдықталыпты. Кейбіріне балдырғандардың бойы да жетпейді. Ерекше қажеттілігі бар балаларға бейімделмеген.

Үшіншіден, асханасы дәлізінде орын тепкен. Балалар онда тамақ ішіп отырғанда қаптаған комиссия мүшелері айғайлап-шулап әрлі-берлі сабылумен болған. Осыдан біраз балақай шошынып, үрейленіп қалыпты.

Төртіншіден, қоймалары ғимарат ішінде емес, одан алыстау тұр. Мекеме жанында ет қоймасы, бакалея, көкөніс және басқа да азық-түлік сақталатын қоймалар бар. Дәл қойма ортасында, тар жерде аспаздар етті бөлшектеуге мәжбүр. Кір жуу ұнтағы, дәретхана қағазы, басқа да керек-жарақ қойылатын өзге қойма аумақтан тыс жерде, жеке үйлер арасында, 50-100 метр қашықта тұр. 

Бесіншіден, балалар серуендейтін, ойнайтын жөнді алаңдар жоқ.

Алтыншыдан, 2-қабаттан балалар түсуі үшін не пандус, не лифт жоқ.

Мекемеде төсектен тұра алмайтын, ерекше күтімге зәру 17 бала жатыр. Оның екеуі ауруханаға әкетілді.

ШҚО әкімдігінің саланы қадағалаушы шенеуніктері арнайы орталықты тұрақты тексеруге оның тым қиянда жатуы кедергі болды дейді: оған жету үшін тас жолды қоспағанда, тағы 150 шақырымдай жолсызбен жүру қажет. Рас, 50 камерадан құралған бейнебақылау жүйесі бар, бірақ оны тек мекеме басшылығы ғана көре алады: интернетке шығарылмаған.

Тексерушілердің тәрбие жұмысының сапасына тағар айыбы да бар. Балалар ешкімге шағымдана алмайды. Мемлекет олардың құқығын қорғамайды, содан мекемедегілер ойына келгенін істеген, тәрбиеленушілерді өз қалауынша жатқызып-өргізген. Жалпы, бұл кесір тәжірибе барлық балалар мекемелеріне тән.  

Ақпарат құралдары бұл орталықтың қымбат қызыл уылдырық, шұжық, ақсерке балығын (семга), жылқы етін сатып алғанын жариялады. Мысалы, сәуір басында 750 мың теңгеге 50 келі бекіре уылдырығына, сәуір ортасында – 650 мың теңгеге 60 келі қызыл балыққа тапсырыс беріпті. Ал балалардың ондайды жемегені анықталды. Қоймада да табылмады. Шенділер "тапсырыс әзірге жеткізілген жоқ" деп қол жаяды.

Аягөз қаласындағы мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсететін балалар орталығы Өскеменнен 310 шақырым алыс жатыр. ШҚО әкімдігі аудан орталығында осындай арнайы интернаттың лайықты жұмысын қамтамасыз ете алатын білікті мамандар аз екенін мойындады. Сондықтан оны жауып, үлкен қалаға ауыстыру керек көрінеді. Мысалы, Өскемендегі Шәкәрім көшесіндегі бұрын жедел медициналық көмек ауруханасы болған ғимаратқа көшіру ұсынылды. Нысанға күрделі жөндеу жүргізілгенімен, бірнеше жыл бойы қажетке жаратылмай, бос тұр.

105 бала жатқан арнайы орталықта 179 қызметкер жұмыс істейді. Бірақ ТЖ жағдайында көбі ақысыз демалысқа жіберіліп, 45-і ғана қалдырылыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу